Қытайдың әлеуметтік желілерінде Димашқа арналған өлең-жырлар тарай бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың Чаңша қаласында өтіп жатқан «Singer 2017» ән байқауының бірінші және екінші кезеңдерінде жеңіске жеткен жерлесіміз Димаш Құдайбергеновке ақындар жыр арнай бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Миллиардтан астам халқы бар Қытайды өнерімен тәнті етіп, тамсандырған Димашқа арнау өлеңдердің бірі кеңінен танымал WeChat әлеуметтік желісі арқылы тарауда. «Мақтаныш» деп аталатын өлеңнің авторы - Өмір Ауғанбай.

Еске салайық, осы күндері Қытайдың Hunan TV басты ойын-сауық телеарнасында «I am a Singer-2017» музыкалық шоуы өтуде. Оған қатысып жатқан Димаш Құдайбергенов бірінші кезеңде ең қиын әндердің бірі «SOS d'un terrien en détresse» композициясын, 28 қаңтар күні өткен екінші кезеңінде ресейлік Витастың «Опера №2» әнін орындап, қос сайыста жеңіске жетті.


Мақтаныш

Уа ғажап, перісің бе, пендесің бе? !  

Перісің ғой себеп жоқ, сенбесіме... 

Қандай ұлы қасиет, сені әкелген 

Бір миллард халықтың көмбесіне. 

Қандай мықты жан едің, ғажап үнің, 

Әдемісі-ай, ай дидар ажарыңның 

Ақ жүзіңнен тамғаны-ай таза нұрдың, 

Бақ жұлдызы жанғаны-ай қазағымның!  

 

Айтшы тезден, қазақтың бақ жұлдызы, 

Білгей жатыр жайыңды жердің жүзі. 

Мүмкін сенің әкешің пері жігіт, 

Ал анашың, талассыз хордың қызы. 

 

Келбет мынау, керемет дауыс анау, 

Пендеге ортақ сұлуды "бағы санау ". 

Жүз миллион жігіттің іші күйіп, 

Жүз миллион сұлу қыз жабысады-ау. 

 

Хас тұлпарым, Хунанда қуды намыс, 

Жетті, жеңді, жасасын бұл қуаныш. 

Қазақтың талантына төрін берген, 

Меймандос миллиардқа мың бір алғыс. 


Өзі ән салған, қонаққа ән салдырған, 

Қай қазақтың үйіне барсаң - думан!  

Бейбіт елдің айналдым беделінен, 

Жас ұланы жалғанды тамсандырған. 


Талай пенде талейсыз жаратылды-ау, 

Нәсіп болып әніңді ғана тыңдау. 

Сәулетіңе сүйінген сансыз адам, 

Неге қазақ болмағам деп өкінді-ау... 


Қазақпын, мақтанамын таза қаным, 

Тыңдап тұрып Димаштың ғажап әнін. 

Алып әлем алдында айдынданып, 

Қандасыма құттықтау жаза аламын. 


Жер бетінде болсада түрлі ой, түрлі ел, 

Біз қазақпыз, біліп ал білмейтіндер. 

Сүйікті етсін бір Алла бізді әлемге, 

Күйіп кетсін қазақты күндейтіндер. 


Димаш, сені бар қазақ қылсын ұран, 

Дауысыңмен тарасын нұр шұғылаң. 

Алла сенің үніңе дерт бермесін,

Сақтасын дос-дұшпанның тіл сұғынан! ! !   

Соңғы жаңалықтар