Қытайдың Ақсай ауданында киіз үй паркі ашылды – Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қытайда қазақтың киіз үй мәдениетін дамыту паркі құрылды - CNR

Қытайдағы Ақсай қазақ автономиялы ауданы саяхат кәсібін ұлттық мәдениетпен бірге дамытудың тиімді екенін білген. Сол үшін олар туризмді мықтап ілгерілету үшін қазақтың киіз үй мәдениетін пайдалану керек деп шешті, деп хабарлайды kazakcnr.com сайты.

Ақсай ауданының қазақ киіз үйі мен бизнесті қатар дамытуды мақсат еткен паркте көңіл ашу алаңы, жасанды тау, шағын көл сияқты көрініс аудандары салынған. Сондай-ақ 13 қазақ киіз үйінен дайындалған қонақжай әзірленді.

Аталған орын жауаптысының айтуынша, демалыс паркі биыл мамырдың басында жұмыс істей бастаған. Киіз үйдің іші қазақ ұлтының мәдениеті бойынша безендіріліп, ұлттық ерекшелікке, дәстүрге сай қонақ қабылдайды.

Ақсайға келген туристер қазақтың киіз үйінен жасалған ұлттық ерекшелікке ие қонақ үйлер көңілдерінен шыққанын айтады. «Өзгеше ұлттық ерекшелікке ие, тазалық шарт-жағдайы жақсы, жуынуға да қолайлы, қай жағынан болсада замандық талапқа сай екен. Басқа қонақүйлермен салыстырғанда адамға ұлттық мәдениеттің өзгешелігімен таңдандырады» дейді туристердің бірі.

«Аталған демалыс паркіне қонақтардың берген жақсы пікірлерінен кейін жергілікті үкіметте оларды қолдай бастады», деп түйіндейді қытайлық БАҚ.

Ташкент ең арзан қала деп танылды - ӨзА

Халықаралық «Mercer» консалтингті компаниясының мамандары өткізген зерттеулерге орай Ташкент қаласы шетелдіктер үшін өмір сүруге ең қолайлы қала екені айтылады, деп жазады ӨзА мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Аталған ақпарат көзінің дерегіне сүйенсек, компания сарапшылары жүргізген зерттеуде Гонконг - өмір сүруге ең қымбат қала деп танылған. Қызықты тұсы - шетелдік мамандар өмір сүрудің қымбат қалалар арасында екінші орынға Түркіменстан астанасы Ашхабад қаласы жайғасқан.

Кейінгі орындарда Токио, Цюрих, Сингапур, Сеул және Шанхай сынды алып шаһарлар орын алған. Ал Ташкент қаласы бұл рейтингте ең арзан қалалар тізіміне енген.

Иранда коронавирусты анықтау үшін 72 млн адамға скрининг жасалды - Parstoday.com

Иранда коронавируспен күресу ұлттық жобасы бойынша 72 миллион адамға скрининг жасалды, деп жазады Фарс ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Ирандағы коронавируспен күрес ұлттық штабының үйлестіруші директоры коронавирусқа қарсы ұлттық жобасы бойынша елде 72 миллион адамға скрининг жасалғаны хабарланған.

«Фарс» ақпарат агенттігінің мәліметінше, Насролла Фатахиан бейсенбі күні Иранның Денсаулық сақтау министрлігінің денсаулық сақтау орталықтары мен қарулы күштердің көмегімен 2 айдың ішінде 72 миллион ирандыққа скрининг жасалғанына тоқталған.

«Бұл жұмысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ерекше атап өтті»,- деген ол.

Моңғолияға Қазақстаннан барған 3 адамнан коронавирус табылды - Kaznews

Моңғолия Денсаулық сақтау министрлігінің 12 маусым күнгі баспасөз маслихатында Жұқпалы ауруларды зерттеу жөніндегі ұлттық орталығының директоры Д.Нямхүү мәлімет берді, деп хабарлайды моңғолиялық Kaznews ақпарат порталы.

Моңғолиялық БАҚ келтірген дерекке сүйенсек, Д.Нямхүү мырзаның айтуынша, бір тәулікте ел бойынша 241 адамнан сынама алынған. Оның 238-інен коронавирус анықталмаған. 10 маусым күні Нұр-Сұлтан-Ұланбатыр бағыты бойынша ұшақпен келген 184 азаматтың үшеуін жұқпалы ауруларды зерттеу жөніндегі ұлттық орталығына оқшаулаған. Олардан коронавирус анықталмаған.

Бірақ қалған 181 азаматтың зерттеу қорытындысынан 3 адам коронавирус індетімен ауырғаны белгілі болған.

«Жалпы ел бойынша ауырғандар саны – 197-ге жетіп, оның 95-і жұқпалы індеттен айығып шыққан. Ем қабылдап жатқандар саны 102. Ел көлемінде коронавирус анықтайтын алты лаборатория жұмыс жасауда. Батыс өлкеде Хобда қаласында, шығыс өлкеде Дорнодта, Дархан қаласында және Ұланбатырда үш лаборатория жұмыс істеп тұр» деп жазады моңғолиялық БАҚ.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы елшілігінің ұсынысымен моңғол тарапының қолдауымен 2020 жылғы 10 маусымда таңғы сағат 8.00-де Ұланбатыр – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша «MIAT» Моңғолияның мемлекеттік әуе компаниясының арнайы чартерлік рейсі ұйымдастырылды.

Осы ұшақпен Қазақстан Республикасының 96 азаматы отанына қайтарылды.

Түркия коронавирусқа қарсы дәрі жасады - TRT

Favipiravir атты дәрінің отандық синтезі лицензия алу сатысына жетті. Осыған байланысты Түркия Республикасы Өнеркәсіп және технология министрі Мұстафа Варанк коронавирусқа қарсы отандық дәрі жасалғанын айтты, деп хабарлайды Түркия радиотелевизия порталы.

Түрік дәрісін 32 адамдық команда 40 күнде өндіріп шыққан.

Дәріні жетілдірген Ыстанбұл Медипол университеті оқытушысы Мұстафа Гүзел және дәріні индустрия деңгейіне жеткізген Атабай Химия өнеркәсібі фирмасының басшысы мен TÜBİTAK төрағасы профессор Хасан Манда тарапынан министр Варанкқа тапсырды.

«Түрік дәрігерлері коронавируста көп қолданған дәрінің отандық синтезін ғалымдарымыз Ыстанбұл Медипол университетінде жасап шықты. Атабай дәрі фирмасы да осы өнімнің коммерциялық инфрақұрылымын дайындады. Отандық синтезбен жетілдірілген маңызды дәрі өндірдік», - деді ТР Өнеркәсіп және технология министрі Мұстафа Варанк.

«Covid-19 Түркия платформасы шаңырағы астында қазір 17 жоба жүріп жатыр. Бұлардың кейбірі вакцинаға байланысты, кейбірі дәрі жетілдіруге байланысты жұмыс істейді» деп түйіндейді TRT.

Ауылда өткен ақындар айтысы - CNR

Қытайдың Қобықсары ауданы Байноба ауылының «Тото» саздық бақшасы думанға бөленді. Адам шоғыры молайып, жағымды музыка мен көрерменнің қуанышты үніне толды. Себебі, бұл арада дәстүрлі ерекшелікке ие мәдениет және ұлттық спорт ойындары өтіп жатқан еді, деп хабарлайды kazakcnr.com ақпарат порталы.

«Ауыл ақындары айтыс өнері арқылы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Олар әзіл-қалжың аралас тартымды өлеңдері арқылы қазақ халқының мәдениет жауһарын, еңбек етіп жатқан қарапайым тұрмысын, мәдениетті қастерлейтін, болашақ өмірге деген арманға толы сенімдерін жырға қосты. Ақындардың тартымды айтысы, күйшілердің құлақ құрышын қандыра шерткен күйлері, әншілердің тамылжыта салған әні көрермендердің құлақ құрышын қандырды» деп жазады Қытайдың «Орталық халық радиосы».

Ауылда өткен «Ақындар айтысы» деп аталған мәдени шараның соңында ұлттық ат спортының ойындары өткен. Шабандоздар шебер ат өнерімен көрерменді таңдандырып, спорт алаңын думанға бөлеген.

Бұл жолғы мәдени шара қазақ ұлтының тарихи мәдениеті мен мол мазмұнды ұлттық салт-сана, ғұрып-әдетін толық әйгілеп берді. Сонымен бірге жергілікті халық пен туристерді қазақ халқының ешкімге ұқсамайтын мәдени ойын түрлерімен сусындатты.

Айта кету керек, Қобықсары ауданында «Ақындар айтысы» деп аталатын кең көлемдегі мұндай мәдени шара жыл сайын әр ауылда өтіп отырады екен.

Мешхед - Иранның ерекше қолөнер орталығы - Фарс

Мешхед қаласы - қолөнер түрлерінің алуандығына, тұрақты жұмыс орнын ашуына, турист пен инвестиция тартуына байланысты Иранның мұнайдан тыс өнімдерін экспорттау және қолөнер кәсібінің орталығы саналады, деп хабарлайды Parstoday .

«Тас қашау, көгілдір ақықтан бұйым жасау, мыс ыдыстардың бетіне өрнек салу, қыш және керамикалық, былғары бұйымдар жасау, ағаштан ойып өрнек салу Мешхедтегі қолөнер түрлерінің қатарына жатады. Тас қашау – Хорасанға тән қолөнер түрі. Оның 5 мың жылдық тарихы бар. Мешхед – бағзы заманнан бері Нишапур ақығын өңдейтін жер. Әлемдегі ең сапалы әрі бағалы ақық Нишапурда өндіріледі. Хорасан-е Разави облысында 22-ге жуық қымбат және жартылай қымбат тас анықталған» деп жазады parstoday.com.

Осындай ерекшелігі үшін Мешхед қаласы 2016 жылы Дүниежүзілік қолөнер кеңесі тарапынан қымбат тас өңдеу өнерінің дүниежүзілік қаласы деп танылды.



Соңғы жаңалықтар