Қытайдың 21 млн тұрғыны бар мегаполисінде локдаун басталды

None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Бейсенбіде Чэнду қаласының (Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясының әкімшілік орталығы) билігі қатаң локдаун енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі қытайлық мегаполис билігінің хабарламасына сілтеме жасап.

Оған сәйкес, жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-ден бастап Чэнду қаласының тұрғындарына үйден шықпауға кеңес беріледі.

Сонымен қатар, COVID-19-ға тапсырған ПТР тестінің нәтижесі теріс болса, отбасы мүшелерінің біреуіне күніне бір рет азық-түлік алу үшін далаға шығуға рұқсат етіледі.

Кәсіпорындардың жұмыс берушілері қаладағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырғаны жөн.

Тек ауыл шаруашылығы базарлары, қажетті тауарлары бар дүкендер, дәріханалар мен ауруханалар ғана жұмыс істейді.

Қоғамдық көлік қозғалысы қысқарады.

Бейсенбіден бастап 21 миллионға жуық халқы бар Чэнду қаласының барлық тұрғынын жаппай ПТР тестілеу науқаны басталады.



Фото: news.cn




Соңғы жаңалықтар