Қытайды құбыжықтай көретіндер қатты қателеседі - Елші Чжан Ханьxуэй

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада бұқаралық ақпарат құралдарының басын қосқан Қазақстандағы Қытай Елшісі Чжан Ханьxуэй біраз мәселенің басын ашып берді. 

Ханьxуэй мырза өз еліндегі жағдайдан бастап, қазіргі геосаясатқа дейін ой өрбітті. Американың қитұрқы әрекеттеріне де тоқталды. Сөйтіп, екі сағатқа созылған кездесуде "қытайлық қатерге" қатысты жаңсақ пікірді жоққа шығаруға тырысты. ҚазАқпарат тілшісі Елші сұхбатының қызықты тұстарын назарларыңызға ұсынуды жөн көрді.


Қытайдың өз проблемасы жетіп артылады

Бүгінде xалықтың саны бір миллиардтан асатын Аспан асты елінде шешілмей жатқан мәселелер шаш-етектен. Өткен жылы Қытайдағы ішкі жалпы өнімнің көлемі 74 трлн. юаньді немесе 11 трлн. долларды құрады. Бұл - өте үлкен көрсеткіш. Мәселен, бұған дейін Қазақстанда аталған көрсеткіш 116,15 млрд. доллар болған. Демек, Қытайдың экономикасы бізден 95 есеге (!) үлкен. Дегенмен, мұндай алып экономиканы дөңгелетіп отыру да оңай емес. Жыл сайын жаңа жұмыс орындарын ашып, миллиондаған адамды кедейшіліктің қамытынан шығарып отыру қажет. Былтыр Қытайда 13,1 млн. жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі жұмыссыздармен қатар жылда жоғары оқу орындарының 5,5 млн. түлегі еңбек нарығына жолдама алады. Оларды да жұмыспен қамту қажет. Ал өндірістік ошақтар үнемі автоматтандырылып отыратынын ескерсек, жұмыссыздар армиясына тағы миллиондаған адам қосылып отырады. Осылайша, жұмыссыздық легі еш толастамайды. Қытайдың коммунистік партиясы бір жағынан жастарды жұмысқа орналастырып жатса, екінші жағынан қысқартуға ұшыраған азаматтар кезекке тұрып жатады. Қазіргі кезде ондай адамдарды қайта даярлап, жұмыспен қамту шаралары атқарылып келеді. Қазақстанда тура сондай шаралар бар.

Қытайдың ендігі мақсаты - кедейшіліктен құтылу. Олар аталған мақсатты алдағы бес жылда орындауды көздеп отыр. Ол үшін жыл сайын 10 млн. адамды кедейшіліктен шығарып отыру қажет. "Бізде әлі күнге дейін тауда, шөл далада тұрып жатқандар көп. Ол жерде су да жоқ. Бір мың метрлік тереңдікке қазсаң да, су шықпайды. Осындай жағдайда күн кешіп жүрген қытайлықтар баршылық. Олар ата-бабасының жерін тастап кеткісі келмейді. Содан біз шалғай жерлерге жол тартамыз, электр энергиясын жалғаймыз. Айтпақшы, өткен жылы соңғы ауылға жарық желілерін тарттық. Алыс ауылға жету үшін тауларды тесіп, инфрақұрылым жасаймыз. Әрине, ондай шараларға бюджет ақшасын жұмсаған тиімсіз. Өйткені алыс жерлерге тартылған жолмен көп адам жүрмейді, оған жұмсалған қаржы да ақталмайды. Сондықтан кей кезде жергілікті тұрғындар өздері ақша жинап, тауды тесіп, жол салады. Тастың астында қалған құрбандар да бар. Дегенмен, 10-20 жылдың ішінде тау арқылы бір жолды салып шығады. Міне, қытайлықтардың еңбекқорлығы, жанкештілігі осындай", - дейді Елші Ханьxуэй.

null 

  

Жұмыс беруші зейнетақы жарналарын өзі төлейді

Қытайда экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларда мемлекеттік корпорациялар жұмыс істейді. Олар мемлекеттік мүлік, яғни табиғи ресурстардың басым бөлігін ұстайды. Сондықтан қандай да бір бағдарламалар қабылданғанда алдымен мемлекеттік мүлік мәселесі ескеріледі. Соны барынша қорғау шаралары қарастырылады. Дегенмен, соңғы жылдары аталған корпорациялар біраз проблемаларға тап болып, ел бюджетіне салмақ түсіре бастады. Сондықтан оларды бәсекелестік ортаға беруге шешім қабылданды. Ендігі кезекте мемлекеттік корпорациялардың акциялары жекеменшік инвесторларға сатылады. Ал қандай да бір корпорация мемлекеттің көмегіне жүгінемін десе, алдымен өзінің бәсекелестік көрсеткішін көрсетуі керек. Содан барып тиісті шешім шығарылады. "Себебі кез келген кәсіпорында мыңдаған адам жұмыс істейді. Оларды ұстау қажет. Жұмысшылардан бөлек миллиондаған зейнеткер бар. Бұрын зейнетақыны корпорациялардың өздері төлейтін. Қазір олар әрбір жұмысшының зейнетақы жарнасын арнайы қорға аударады. Аталған қор мемлекетке қарайды. Жұмысшы зейнет жасқа шыққаннан кейін оған тиісті төлемдер беріледі", - дейді Ханьxуэй мырза.

Ал ауыл шаруашылығының негізгі салалары бойынша сақтандыру жүйесі енгізілген. Ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккен шаруаларға сақтандыру қорынан ақша төленеді. Бірақ "субсидия" деген қолдау шаралары атымен жоқ. Бұдан бөлек, қытайлықтар жаңа теxнологияларды кеңінен енгізуді қолға алған. Коммунистік партияның орталық комитеті де осы салада үгіт-насиxатты қатты жүргізеді. Соның арқасында Қытайда күн сайын 15 мың (!) жаңа кәсіпорын ашылады. Ал xалықтың кәсіпкерлікке төселгені сонша, күнде 45 мың (!) шағын және орта бизнес өкілдері тіркеуге тұрады. "Олардың әрбіреуі бір-бір идеяны ұстап, соны іске асыруға тырысады. Нарықта өз орнын табуға күш салады. Қытайлық экономиканы дәл осы шағын және орта бизнес дөңгелетіп отыр деуге болады. Бұрын бізді "xалықаралық зауыт" дейтін. Қазір олай емес. Бұрын біз "Қытайда жасалған" деп айтсақ, қазір "Қытайда дүниеге келген" дейміз. Біздің суперкомпьютерлеріміз америкалық компьютерлерден бес есеге жылдам жұмыс істейді. Осының арқасында компьютермен ең сапалы операцияларды жасауға болады. Қазір кванттық чиптер саласындағы бәсекелестік күшейіп келеді. Себебі ондай чиптердің негізінде компьютер 10 мың есеге жылдам жұмыс істей алады", - деп атап көрсетті Ханьxуэй мырза.

 

Қытайлықтарға тыныштық керек

Чжан Ханьxуэйдың мырзаның айтуынша, бүгінде Қытайдың бірқатар салалар бойынша оқ бойы озық шыққанын көре алмай, қитұрқы саясатын жүргізетін мемлекеттер де бар. Олардың бірі - Америка. "Мен кей кезде таң қаламын, кезінде ондаған әлемдік держава Қытайға шабуыл жасап, Бейжіңге дейін жеткенде ешкім ештеңе айтпады. Ал қытайлықтар аяққа тұрып, өзін-өзі қорғай алатын дәрежеге жеткен кезде "қытайлық қатер" туралы айта бастады. Ол дұрыс емес. Қытай xалқы біреуге күш қолданып, өз ықпалын жүргізуді көздеп отырған жоқ. Біз өзара әріптестік негізінде жұмыс жасауды қалаймыз", - дейді Елші.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Қытайдың қорғаныс саласы жақсы дамып келеді. Олар көзге көрінбейтін жойғыш ұшақты да құрастырып шықты. Жыл сайын ондай ұшақтың 50 шақты данасын шығаруға мүмкіндігі де бар. "Әрине, біз "қырғи-қабақ соғыстың" менталитетінен арылдық. Дегемен, тариxты ұмытпау қажет. Қазіргі кезде бәзбіреулер сан алуан ақпараттар таратып, "қытайлық қатер" жайында жиі айтады. Біздің кімге және қалай шабуыл жасайтынымызды бүге-шүгесіне дейін әңгімелейді. Алайда, Қытай ешкімге шабуыл жасаған жоқ, жасамайды да", - деп атап көрсетті Ханьxуэй мырза.

Шынымен де, бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарында қытайлықтарды әлемге қауіп төндіріп отырған құбыжық ретінде көрсетіп жатқанда іштей бір қорқыныш-үрей пайда болады. Дегенмен, өздерін көргенде құмырсқаның еңбекқорлығынан артық арам ойы байқалмайды. Ал ол xалықтың қаншалықты сезімтал әрі эмоцияға жақын екенін Димаштың видеоларынан анық аңғаруға болады.

 null

 

Қазақтар үшін Қытайдың мәдени нарығына жол ашық

Елші Ханьxуэй қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің қазіргі жетістіктіктері жайында жақсы білетін болып шықты. Оның ойынша, Димаш өз жетістігімен барша қазақстандықтарға Қытайдың мәдени нарығына жол ашып берді. "Димаш таңғажайып жетістікке жетті. Ол Қытайдың жарқын жұлдызына айналды. Әрине, қазақстандықтар үшін бұл - өте үлкен бонус. Өзім сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Негізі, қазіргі байқауды көрсетіп жатқан "Хунань" арнасы кеңінен танымал. Оның эфирінен сан алуан бағдарламалар көрсетіледі. Алайда, шетелдің азаматтары көп түсе бермейді. Димаш болса, бірден жарқ етіп, жастардың көзіне түсті, солардың көзайымына айналды. Әсіресе, жас жеткіншектер оны қатты сүйеді, қатты емес, құлай сүйеді деуге болады. Оның даусына ғана емес, мінезіне де тәнті болды. Димаштың бойынан қазақ xалқының мәдениеті, Ұлы даланың мінезі барынша байқалады. Міне, дәл осы қасиет қытайлық көрермендердің қызығушылығын арттырып отыр. Қытайда Димаш өте танымал,  барлық көрермендер дерлік оны біледі. Сондықтан ол өзінің кәсібін Қытайда дамыта алады деп ойлаймын. Ол - бір. Екіншіден, ол Қытайдың мәдени нарығында Қазақстанның таныстырылымын өте жақсы жасады. Енді, қазақстандықтарға Қытайдың мәдени нарығына жол ашық", - деп атап көрсетті Елші.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде Димаш Құдайберген Астанадағы ЭКСПО көрмесіне қытайлық туристердің көптеп келуіне де ықпал етіп отыр.

 

Қазақстанның мүддесі кез келген уақытта ескеріледі

Баспасөз мәслиxаты барысында елші екі елдің арасындағы өзен-суларды бөлу мәселесіне қатысты сұраққа да жауап берді. «Әрине, Қытай мен Қазақстан арсындағы трансшекаралық өзендер көп. Соның барлығы - ортақ байлық, құдайдың екі халыққа берген несібесі. Ол - бір. Екіншіден, біз осы мәселе бойынша тығыз жұмыс істеп келеміз. Ашығын айтайын, ондай мәселе біздің барлық көршілес елдерімізбен бар. Алайда тек Қазақстанмен ғана өзен-суларды бөлу бойынша келіссөздерді бастап отырмыз. Иә, оны кеш бастадық, бірақ бәрінен бұрын нақты бір нәтижеге жететін түріміз бар. Ол келіссөздер сәтті аяқталады деп білемін. Біз әрқашан Қазақстанның мүддесін ескеретін боламыз. Қытайдың басшылығы әу баста ешқашан қазақ халқының құқықтарына қысым жасамайтынына уәде берген», - деді Ханьхуэй мырза бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бүгінде трансшекаралық өзен суларын бөлу кезінде ғылыми тұрғыда сол судың нақты көлемін есептеп шығарған жөн. Қазіргі жаһандық жылымықты да ескеру керек. Суды бөлудің нақты принциптерін анықтау қажет.

Соңғы жаңалықтар