Қытайдан келген қандас ақын індетпен күресіп жатқан елге арнау айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қытайдан келген қандас ақын Ерлан Аманқожаұлы індетпен күресіп жатқан қазақ халқына арнау айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Арнаудың видеосын ақын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Ел барда ер қор болмас, ер барда ел қор болмас» дейді дана халқымыз. Дәл қазіргі өлара жағдайда елге де, ел тізгінін ұстаған ерге де ауыр сынақтар түсіп тұр. Жұдырықтай болып жұмыла білген ел ғана бұндай нәубетті аман-есен жеңіп шығары сөзсіз. Бірлігіміз жараспай өз ішімізден құжырасақ, онда бұл жалған опа бермесі аян. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» тартпай ауыз бірлігімізді сақтап, қиын-қыстау жағдайдан өз елімізбен бірге ғана шыға аламыз. Жат біреу келіп бізді жығылған орынымыздан тұрғызбайды. Елдігіміздің туын ұстап, көшін бастап келе жатқан президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бастаған көшіне сенім білдіріп, осы қыспақтан елін аман алып шығатынына қолдау көрсетсек қана халық ойлаған күн тезірек атар. Ел сенімі ақталар», - дейді ақын Facebook парақшасында.

Ерлан Аманқожаның жазуынша осы бір күрделі кезеңде шеттен келген қандастардың атынан пана болған отанымызға бір ауыз ризашығын жеткізу - азаматтық парызы екенін айтады.

«Сын сағаттан сүрінбей өтіп, беті жаман індеттен тезірек айығып, еліміз тыныш, жұртымыз аман болса екен. Қазағымның ел тізгінін сеніп тапсырған азаматтары сенімінен шығып, үмітін ақтап, ертеңіміз жарқын болсын!» - дейді ол.

Ерлан Аманқожаұлы 1988 жылы 5 қарашада Қытай Халық Республикасының Іле қазақ облысы Мұңғұлкүре ауданында дүниеге келген. 2004 жылдан бастап айтысқа қатысқан. Аймақтық айтыста 4 мәрте бірінші орын, Іле қазақ автономиялы облысының дәстүрлі айтыстарында 2 мәрте бас жүлде, Шыңжаң өлкелік айтыста 2 мәрте екінші орынды, өзінің туған жері Мұңғұлкүре ауданында 12 мәрте бас жүлде алған. 2017 жылы Атырауда өткен Халықаралық ақындар айтысында үшінші орынды, 2019 жылы Ақсуатта өткен Халықаралық айтыстың бас жүлдесін еншілеген.



Соңғы жаңалықтар