Қытайдан келген әйгілі балуан Қали Мұқатайұлы қайтыс болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат- Қытай чемпионатында 8 мәрте бас жүлде қанжығалаған қандасымыз, белгілі балуан Қали Мұқатайұлы 63 жасында Жетісу облысы Ақсу ауданының Жансүгіров ауылында дүниеден озды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Балуан Шолақ пен Қажымұқандай арыстардың жалғасы, қай заманда да әлемдік бәсекелерде ел намысын қорғайтын батыр ұлдардан кенде болған емес. Соның бірі - Қытайдағы қазаққа ғана емес, миллиардтар еліне кеңінен таныс, кезіндегі аламан жарыстың бәйге бермес арыстаны атанған Қали Мұқатайұлы.

Қали Мұқатайұлы 1959 жылы ҚХР Шыңжаң өлкесі Тарбағатай аймағының Дөрбілжін ауданында туған.

1979 жылдан бастап мемлекеттік жарыстарға дүркін-дүркін түсіп, биік тұғырлардан көрінген. Ол Қытай чемпионатында еркін күрес түрінен орта салмақта сегіз мәрте бас жүлде, үш мәрте қола медаль қанжығалап, ұлтының мерейін өсірген азамат.

Сондай-ақ Қали Мұқатайұлы 1980-1983 жылдары Иран, Пәкістан, Румыния, Югославия, Канада, Үндістан, Жапония, Түркия елдерінде өткен халықаралық жарыстарда белдесіп, үлкен аламандарда талай мәрте топ жарған.

Ол ШҰАР балуандар командасында аға жаттықтырушы, бірінші дәрежелі мемлекеттік жүлдегер және төреші деген атақ-марапаттардың иегері болған.


Соңғы жаңалықтар