Қытайдағы «Тұлпар мекенінде» Наурыз мерекесі аталып өтті - Шетелдегі қазақ баспасөзі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

«Тұлпар мекенінде» Наурыз мерекесі аталып өтті – CNR

Қытай мемлекеті «Тұлпар мекені» деп таныған Іле Қазақ автономиялы облысының Моңғолкүре ауданында Наурыз мерекесіне орай қазақ халқының ұлттық ат ойындары ұйымдастырылды, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы».

«Көктем келіп, қар еріп, малдар түлеп, тіршілік тынысы басталар осы кезде ауданымыздағы шопандар ауылының қыстаулықтан көктеулікке қоныстанатын көші-қоны басталды. Сонымен бірге дәл осы уақытта Наурыз мерекесі де қатар келеді. Міне осындай көктем келіп, тіршілік жанданған, жаңарған Ұлыстың ұлы күніне орай «Тұлпар мекені» аталған Моңғолкүре ауданында ат бәйгесі, қызқуар, көкпар, теңге ілу секілді қазақ халқының ұлттық ат ойындары ұйымдастырылып, мерекелік іс-шара өтті. Қытайдың Орталық телеарнасы түсірген қарлы дала төсін дүбірлеткен осы мерекелік шараның ғажайып көркем көріністерінен видео және фоторепортаж ұсынамыз», деп жазады CNR.

Айта кетсек, тарихтан бері текті тұлпарымен атағы шыққан Моңғолкүренің жылқы мәдениетінің тарихы ұзақ, тамыры тереңде. Іле жылқысын өсіру орталығы саналатын бұл ауданда 100 мың жылқы бар, мұның 90 пайызы Іле жылқысы, бұл Шынжаңдағы Іле жылқысының 60 пайызын құрайды. Сондықтан Моңғолкүре бүкіл Қытай елі бойынша жылқы саны ең көп, жылқы сапасы ең жақсы аудан есептеледі. Қытай ауыл шаруашылық министрлігі 2003 жылы Моңғолкүре ауданына «Қытайдың тұлпар мекені» деген атақ берген. Аудан 2009 жылдан бастап дәстүрлі «Іле тұлпары халықаралық туризм мерекесін» ұйымдастырып келеді.


Өзбекстан мен Қазақстан арасында теміржол қатынасын қалпына келтіреді - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

2022 жылдың 1 сәуірінен бастап Өзбекстан мен Қазақстан арасында теміржол қатынасын кезең-кезеңімен қалпына келтіреді, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Өзбекстан темір жолдары» мен «Қазақстан темір жолдары» акционерлік қоғамы келісе отырып, Қазақстанға алғашқы жолаушылар пойызы қатынасын ұйымдастырады. 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап 647/648 «Нөкіс-Бейнеу-Нөкіс» бағытында пойыз қатынауы жолға қойылады, делінген «Өзбекстан темір жолдары» АҚ баспасөз қызметінің хабарында.

«Атаулы пойыз Нөкіс станциясынан аптаның әр сейсенбі, жұма және жексенбі күндері, ал Бейнеу станциясынан әр дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері қатынайды. Басқа көрші елдермен теміржол бағыттарын қалпына келтіру жұмыстары тараптардың келісімі бойынша кезең-кезеңімен ашылады деп күтілуде. Еске салар болсақ, бұған дейін 16 наурызда Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы халықаралық автобус қатынауы жолға қойылды», - деп жазады «ӨзА» ақпарат агенттігі.


Селчук бөркі әлемнің әр жерінен сұранысқа ие - TRT

Түріктің телесериалдары арқылы танымал болған Селчук бөркі әлемнің барлық жерінен сұранысқа ие, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Әлемнің түкпір-түкпірінде қызығушылықпен қаралатын түрік теле хикаялары мәдени ықпалдастыққа да өз үлесін қосуда. Анадолы Селчук мемлекетіне бас қала болған Конияда тарихи деректердің негізімен дайындалған бөрікті Мехмет Дилекчи түрлі елдерде жолдап отыр. Ол өз өнімдерінде сол дәуірдің бас киімін дәлме-дәл көрсетуге тырысады. Ол қазірге дейін өз қолымен елуден астам бөрік тіккен. Бөріктерді тері, киіз және басқа да материалдардан 2-3 күнде тігіп шығады. Шеберханада жылына тігілетін 20 мың бөріктің жартысына жуығы шетелге жіберіледі. Жылына 3-5 мың тапсырыс беретін Ұлыбритания – ең көп бөрік сұрайтын елдер арасында бірінші орында. «Тірілу Ертұғрыл» телесериалы басталғанда бөрік тігуге шешім берген Дилекчи алғашқы он бес бөріктің дереу сатылып кеткенін айтады. «Сериалдың он бес бөлімінен кейін сұраныс өте артты. Селчук бөркін көп тіктік. Бөрікті аталарымыз 1450 жылдарға дейін қолданып келген» деді ол», -деп жазады TRT.


Бұхарадағы құлаған бекініс қабырғасын жөндеуге 1 миллиард қаржы бөлінді - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Бұхарадағы XVI ғасырда іргесі қаланған «Талипоч бекініс қақпасының» құлаған қабырғасын жөндеуге 1 миллиард сум мөлшерінде қаржы бөлінді, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Облыстық мәдени мұра басқармасының хабарлауынша, Туризм және мәдени мұра министрлігі қамал қақпасын жөндеуге 1 миллиард сум бөлген. Нысанды қалпына келтіруді Мәдени мұраны қалпына келтіру дирекциясы жүзеге асырады. Қазір нысанда жауапты қызметкерлер мен мамандар жоба алды жұмыстарын жүргізуде. Еске салар болсақ, бекініс 11 наурыз күні апта бойы жауған нөсер жауын салдарынан құлағаны айтылған еді», - деп жазады «ӨзА» ақпарат агенттігі.


Қазақстанда Наурыз мерекесіне орай кітап сыйға тартылды - Фарс

Иран мен Қазақстан халқының ортақ мерекесі Наурыз мерекесіне және екі ел арасындағы саяси қарым-қатынастың 30 жылдығына орай осы елдің Ұлттық кітапханасына кітаптар сыйға тартылды, деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

Иран Телерадио бірлестігі ақпарат агенттігінің мәліметінше, Қазақстан Ұлттық кітапханасының жауапты қызметкерлері, ирантанушылар, профессорлар мен Алматыдағы жоғары оқу орындарының парсы тілін меңгерген студенттері қатысқан салтанатты шарада ИИР Алматыдағы Бас консулдығы сыйға тартқан кітаптардың тұсауы кесілген.

«Қазақстан Ұлттық кітапханасының директоры Бақыт Жамал Османова ханым Иран мәдениеті, өркениеті мен әдебиетіне сілтеме жасай отырып, ирандық құнды кітаптардың сыйға тартылуын жоғары бағалап: «Мәдениеттің, өркениеттің байлығы мен екі ел арасындағы кең ауқымды тарихи байланыс Иран мен Қазақстанның екі халқын жақындастырады, сонымен қатар студенттер мен ирандық мәдениетке қызығушылық танытатындардың білімін арттырып, екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытады. ИИР-ның Қазақстандағы Алматыдағы бас консулы Мохсен Фағани Иран мен Қазақстан арасындағы саяси қарым-қатынастың 30 жылдығымен құттықтап, Наурыз мерекесінің ортақ сыйы ретінде бейбітшілік пен достықтың Наурыз мейрамында кеңейе түсуіне үміт білдірді», - деп жазады Parstoday ақпарат агенттігі.



Соңғы жаңалықтар