Қытайдағы танымал телеарна Димаш туралы деректі фильм көрсетуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Танымал Hunan TV телеарнасы Қытайда ғана емес, бүкіл әлемдегі миллиондаған жанның көзайымына айналған және «І аm Singer» жобасында сәтті өнер көрсеткен дарынды әнші Димаш Құдайберген туралы деректі фильм түсіріп, көрермендер назарына ұсынды. Түсірілім кезінде Астанаға арнайы келген қытайлық телеарнаның журналисі ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлынан сұхбат алды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

«Қытай  Халық республикасы Хунань провинциясының 8 миллионнан астам тұрғыны бар Чанша қаласындағы биылғы «І аm Singer» жобасына  Қазақстан Республикасынан келген дарынды әнші Димаш Құдайберген сөз жоқ биік деңгейден көрінді», - деп хабарлайды Hunan TV телеарнасының баспасөз қызметі:

Қазақ елінен осы додаға қатысқан жас та болса  үлкен дарын иесі ғажайып өнер көрсетіп, іріктеу кезеңдерінде алдыңғы орындарды, ал кей реттерде үнемі бірінші орындарды иеленді. Сөйтіп,  үнемі жоғары тұғырдан табылып, жұлдызы жанды.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осы жетістікке байланысты өз көзқарасын білдірді. Қытай телеарнасының тілшісіне берген сұхбатында министр әншінің шеберлігін, ән орындау ерекшелігімен тыңдаушысын тамсандырған  дарын иесі екендігін тілге тиек етті. Министр Димаштың өнері арқылы Қазақстан мен Қытайдың мәдени байланыстарына үлкен серпін бере отырып, өнер саласындағы екі елдің  ынтымақтастығын  алға сүйрейтін ерекше құбылысқа айналғанны атап өтті.

«Ол музыканы ерекше қастерлейтін және сүйетін жан. Қолы қалт еткен кезде, ол фортепианоға отырып, бой сергітеді.  Музыка қасиетті дүние!  Ол - ұлттар арасындағы байланыстың алтын діңгегі тәрізді. Димаш секілді тарлан талант Қытай мен Қазақстанның мәдени байланысына керемет қозғау салды.Қытай тілі - ерекше тіл! Ал Қытайдың әнін біздің Димаш қытай тілінде орындаған кезде, біз ерекше шаттандық. Сонымен бірге қатты  қобалжығанымыз да рас», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы сұхбат бере отырып.

2017 жылы Қазақстан мен Қытайдың дипломатиялық қатынастарына 25 жыл толып отыр. Оның үстіне биыл Қытайдың Қазақстандағы туризим жылы.

Алдағы маусым айында Астанада халықаралық ЭКСПО көрмесі өтеді. Осы көрмеде әлемдік және қазақстандық музыка мәдениетінің қайталанбас туындылары қойылады деп күтілуде. Министрдің сөзіне қарағанда оның дайындығы соңғы мәресіне жетіп қалды. Димаштың музыкалық өнері Қытай азаматтарының Қазақстанға келуіне даңғыл жол ашады.

Министр А. Мұхамедиұлы: «Қазақстанға келіп сұхбат алуға ниет білдіргендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Осының барлығы екі ел арасындағы мәдени қатынастардың жаңа белесі болып табылады», - деді.

Димаш ЭКСПО-да өнер көрсетеді деп күтілуде. Оның хас шеберлігі әлемдік қауымдастықтың Астанадағы көрмеге деген қызығушылығын тудырады. 

«Екі елдің қатынасы өте тығыз. Тамыры тереңде жатыр. Әсіресе мәдениет саласында. Ал, Димаш осынау ара-қатынасқа жан бітіріп отыр», - деп атап өтті министр.

Айта кетерлігі, Hunan Television (Hunan TV) - аймақтық спутниктік телестанция. 1997 жылы ашылып, қазіргі таңда China Central Television қарасты CCTV-1 кейін екінші көп қаралатын спутниктік арнаға айналған.

Соңғы жаңалықтар