Қытайдағы қуаңшылық егін шаруашылығына қауіп төндіріп тұр

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қатты құрғақшылық пен ылғалдың тапшылығы Қытайдың оңтүстік өңірлерінде астық өндірісіне кері әсерін тигізбек, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі ҚХР Ауыл шаруашылығы және ауылдық істер министрлігінің (АШжАІМ) хабарламасына сілтеме жасап.

Тиісті ведомствоның хабарлауынша, шілде айынан бастап елдің оңтүстік өңірлері аптап ыстықтан зардап шегіп отыр. Аталған аймақта ауа температурасы 40 градустан жоғары және 1961 жылдан бері жауын-шашынның ең аз мөлшері жауған. Бұл күзде астық өндіруде едәуір мәселе туындатуы мүмкін.

Сала сарапшыларының пікірінше, күзде жиналатын егін Қытайдағы жылдық астық өндірісінің шамамен 75%-ын алады.

ҚХР АШжАІМ мәлімдемесіне сәйкес, биыл астық өндірісін 650 млн тоннадан жоғары деңгейде сақтау қажет.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Қытайдың алты әкімшілік-аумақтық бірлігінде 800 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы алқабы құрғақшылықтан зардап шекті. Оның ішінде Сычуань провинциясы мен Чунцин (Оңтүстік-Батыс Қытай) орталық бағынысындағы қала бар.

Қытайдың су ресурстары министрлігі осы аптада Хубэй провинциясында (Орталық Қытай) орналасқан елдегі ең үлкен «Үш шатқал» су қоймасынан Янцзы өзенінің орта және төменгі ағысындағы су қорын толтыру үшін 500 млн текше метр су шығарғанын жариялады. Өзен деңгейі аптап ыстық пен құрғақшылықтың салдарынан төмендеп кеткен.


Фото: paralelo32.com.ar


Соңғы жаңалықтар