Қытайдағы коронавирусқа байланысты Атыраудағы әуежайда бақылау күшейтілді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Қытайда коронавирустың таралуына байланысты Атыраудағы әуежайға халықаралық рейспен келетіндерге бақылау күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шетелден келетін барлық жолаушы арнайы құрылғымен – адамның температурасын анықтайтын тепловизормен сканерленеді. Қауіпсіздік шаралары Қытайдағы оқиғаларға байланысты күшейтіліп жатыр», - деді облыстық көліктегі жұмыс пен қызмет сапасын бақылау департаментінің санитарлы-карантинді бақылау бөлімінің бас маманы Айнагүл Орынбасарова.

«Атырау» халықаралық әуежайында апта сайын сегіз халықаралық рейс, атап айтқанда Амстердамнан төрт, Ыстанбұлдан екі, Франкфурт-на-Майнеден екі рейс орындалады. 2020 жыл басталғалы мұнда 32 халықаралық рейс орындалып, 2790 жолаушы, сонымен бірге 261 экипаж мүшесі келген.

«Біздің міндет – біздің аймаққа жаңа коронавируспен немесе басқа да инфекциямен ауыратын адам келер болса – соны тоқтату. Қытайдағы жағдай орныққанша, жолаушылды барынша тексеретін боламыз», - дейді ол.

Хабарланып отырғандай, температурасы көтерілген азаматтар әлі әуежайда тіркелмепті. Бүгінгі күні жағдай тұрақты.

Еске сала кетсек, бүгін Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин Қытайда өршіп жатқан коронавирус Қазақстан аумағында тіркелмегенін мәлім еткен еді.


Соңғы жаңалықтар