Қытайдағы конькиден ел чемпионатында қандасымыз Қанағат Мұхаметұлы топ жарды

2023 жылғы 15 наурыз, 13:15
Қытайдағы конькиден ел чемпионатында қандасымыз Қанағат Мұхаметұлы топ жарды Фото: mp.weixin.qq.com

ҮРІМЖІ. ҚазАқпарат – Қытайдың Үрімжі қаласындағы Шыңжаң қысқы спорт түрлерін басқару орталығында конькимен жүгіруден 2022-2023 жылғы ұлттық чемпионат өтіп жатыр. Конькимен жүгіруден ерлер арасындағы 5000 метрге көпсайыс жарысында Шыңжаң құрамасының спортшысы Қанағат Мұхаметұлы алтын медальды жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпарттық порталына сілтеме жасап.

Шараның бірінші күні ерлер арасында 500, 5000 метрге көпсайыс, әйелдер арасында 500, 3000 метрге жүгіру, ерлер мен әйелдер арасында қысқа қашықтыққа жүгіруден жалпы саны 6 спорт түрі бойынша жарыс өткен.

Одан кейін ерлер арасындағы 5000 метрге көпсайыс жарысында Шыңжаң құрамасының спортшысы Қанағат Мұхаметұлы 6 минут 28 секундқа сырғанап, чемпион атанды. Ол өзінен кейінгі орынды иеленген спортшыдан 2,367 секунд алға озған. Бұл Шыңжаң конькимен жүгіру командасы үшін осы турнирдегі алғашқы алтын медаль болды.

Айта кетейік, Қытай чемпионаты 4 күнге созылып, ел бойынша 22 провинциядан (автономиялық облыстар мен муниципалитеттерден) барлығы 166 спортшы, 20 команда қатысып жатыр. Әйелдер көпсайысы – 500, 1500, 3000, 5000 метр және ерлер арасында – 500, 1500, 5000, 10 000 метр. Сондай-ақ ерлер командасы барлығы 22 жарыс түрі бойынша сайысады.

«Бұл жарыс – 2016 жылы өткізілген 13-ші Ұлттық қысқы ойындардан кейінгі Шыңжаңда ұйымдастырылған қысқы іс-шаралардың ішіндегі ең жоғары деңгейдегі жарыс», - деп жазады қытайлық People.com.

Айта кетейік, Қанағат Мұхаметұлы (конькимен жүгіру) есімді қандасымыз 1999 жылы Алтай қаласында туған. 2013 жылы ол Шыңжаң өлкелік спорт академиясына қабылданып, шорт-тректен жаттығуды бастады. 2019 жылы конькимен жүгіруден орта және ұзақ қашықтыққа ұлттық құрама санатына еніп, әлем чемпионатында алғаш рет өз елінің атынан шығып, ерлер арасындағы командалық жарыста 8-орынды жеңіп алды. 2021 жылдың қыркүйек айынан қазан айына дейін Шыңжаңда өткен екі әлем чемпионатында 4 рет бірінші орынға қол жеткізіп, ұлттық рекордты жаңартты.


Ұқсас жаңалықтар
Теги:
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar