Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: 14 °С
Алматы: 12 °С
USD 328.95 EUR 386.38
RUB 5.27 CNY 51.50
Жаңалықтар

Қытайдағы қандасымыздың ІТ саласы бойынша кітабы АҚШ-тың Amazon платформасында сатылды

2018 жылғы 14 ақпан 19:15 4002
Бөлісіңіз:
Қытайдағы қандасымыздың ІТ саласы бойынша кітабы АҚШ-тың Amazon платформасында сатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемде IT технологияларының дамып, қоғамдық өмірде кең қолданысқа енуі, осы саладағы білікті мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. «ҚазАқпарат» ХАА білікті IT маманы, Қытай астанасында тұратын қандасымыз Батыр Мақабылұлымен болған шағын сұхбатты ұсынады. Сұхбатта ақпараттық технологияның соңғы жаңалықтары туралы және өзінің осы саладағы қол жеткізген жетістіктері жайында әңгіме өрбіді.

Ұқсас жаңалықтар
Қазақстанның үш облысы толығымен цифрлық xабар таратуға көшеді Astana Hub стартаперлерінің жетістіктері мен сәтсіздіктері белгілі болды

- Батыр Мақабылұлы, ағылшын тілінде кітап жазуыңызға қандай ой, мақсат жебеу болды? Кітаптың артықшылығы, жаңалығы қандай?

- Білікті IT маманы болу үшін ағылшын тілін жақсы білу керек. Бүгінгі ақпарат ғасырында бұл бесенеден белгілі. Себебі ақпараттық технология саласындағы терминдер ағылшын тілінде кездеседі және ағылшын тілінде қажетті ақпаратты оңай таба аласың. Сондықтан, ағылшын тілінде кітап жазуым, әлемнің және осы мамандықтың ортақ тілімен, өзім жазған еңбекті көпшілік оқырманға барынша кең таратып, үлкен аудиторияның бағасын, пікірін білуге құлшынысымнан туды.

«Learning Data Mining with R» (R тілдік цифрлы басқару) атты еңбегім 2015 жылы Ұлыбританияда жарық көрген еді. Ал 2016 жылы Шанхай Қаржы институтының профессоры Ли Хонченг мырзаның аударуымен Машина жасау өнеркәсібі баспасында қытай тілінде басылып шықты. Кітап білім іздеген ынталы оқырманның кәдесіне жарайды деп үміттенем. Кітаптың жалпы мазмұнына жаңа, IT саласының соңғы жаңалықтары арқау болған. Осы уақытқа дейін әлемнің әр түкпірінен, оқырмандарымнан жылы лебіздер естіп жатырмын. Кемшіліктерін айтып жатса, оны да қабылдауға әзірмін. Өйткені бұл менің тұңғыш жазған еңбегім.

Қытайдағы қандасымыздың ІТ саласы бойынша кітабы АҚШ-тың Amazon платформасында сатылды 

- Тағы да кітап жазу жоспарыңызда бар ма?

- Үздіксіз іздену, ой еңбегі қажыр-қайратыңды сынайтын жапалы жұмыс. Қолымнан келгенінше еңбектеніп жазған «Deep Learning» (тереңдеп үйрену) атты екінші кітабым да дайын болып қалды. Бұл да ағылшын тілінде жазылып жатыр және қазақ тілінде де шығарсам деп мақсат қойып отырмын. Кітапта робот техникасы және ақпараттық технологияның озық үлгілері, мүмкіндіктері сөз болады.

Жалпы бұдан басқа да қолға алып істеп жүрген, ойға салмақ салып, болашаққа жоспарлап отырған армандарым бар. Қазіргі күні «Қазақша-ағылшынша-қытайша» сөздік құрастырудамын. Бұған қоса жапон тілін үйреніп жатырмын, болашақта осы тілде де кітап жазғым келеді. Мамандығымнан бөлек, әдеби шығармалар оқуға әуеспін. Әкем Мақабыл Жәнәбілұлы Қытайдың ішкі істер органдарында жұмыс істей жүріп, жазушылықпен де айналысты. Ол кісінің детектив жанрындағы әңгімелер жинағы жеке кітап болып шыққан. Сондықтан бала кезімнен осы жанрда шығарма жазуға қызығам.

- Әлемдік IT саласының соңғы жаңалықтары қоғамға, мемлекетке қандай пайдалы әсерін тигізіп жатыр? Ақпараттық технология әлемнің қайсы елдерінде дамыған?

- Қазіргі күні IT-индустриясы көптеген жаңа технологияларымен қоғамның сан-саласында белсенді қызмет атқаруда. Бұл технологиялар адамзат қоғамын тиімдірек етуге, қоршаған ортаға минималды әсер етуге, ресурстарды және энергияны тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Жасанды интеллекттің маңызын жоғары бағалаймын.

Дүние жүзінде АҚШ-тың, Еуропа елдерінің, Жапонияның ақпараттық техникасы жақсы дамыған. Қытайда нарық сұранысына сай жаңа технологияның қолдану ортасы салыстырмалы түрде еркін. Бұл елде қоршаған ортаға қатысты технологияны қолдану дамыған.

- Қазақ еліне жолыңыз түсті ме? Елге қандай тілек, сәлем айтасыз?

- Мен Қазақстанға 2004 жылы сапарлап барғам. Қазақстан серпінді дамып келе жатқан жас мемлекет. Ондағы халық қажырлы, сергек, болашағына үлкен үмітпен, сеніммен қарайды. Қазақ жастары, студенттері ақылды, зерделі деп білем. Қазақстанның ақпараттық технологиялық өресі жоғары деңгейде дамып, күнделікті өмірде кеңінен әрі терең қолданылуына тілектеспін! Қазақ жұртына бақуатты өмір тілеймін!

Қытайдағы қандасымыздың ІТ саласы бойынша кітабы АҚШ-тың Amazon платформасында сатылды 

***
Батыр Мақабылұлы - 1975 жылы Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң өлкесінің орталығы Үрімжі қаласында туған. 1995 жылы Қытайдың ең үздік жоғарғы оқу орны Цинхуа Университетінің Информатика және техника факультетіне оқуға түседі. Ол 2002 жылы осы оқу орнында Жасанды интелект мамандығы бойынша магистратурасын тәмамдайды. Батыр оқуын аяқтаған соң Қытайдың Бейжің, Шанхай қалаларындағы Испания, АҚШ секілді мемлекеттердің түрлі техникалық компанияларында және әлемнің жетекші 500 ірі компаниясы рейтингісіне кіретін, Қытайдағы техника саласындағы танымалы Beijing Runhui Technologies Co., Ltd компаниясында жұмыс істеген.

2015 жылы Батыр Мақабылұлының ағылшын тілінде жазылған «Learning Data Mining with R» (R тілдік цифрлы басқару) атты еңбегі Ұлыбританияда жарық көреді. Бұл техникалық танымдық кітап АҚШ нарығындағы Amazon платформасында сатылымға қойылған. Әлі де сұранысқа ие кітаптардың қатарында тұр.

IT саласындағы білікті маман Батырдың күнделікті атқарып жүрген, зерттеп жүрген салалары; жасанды интеллект жүйесі, күрделі сандық деректерді табу, программалау тілдерін сәйкестендіру, роботтың көру жүйесін жетілдіру, машина детальдарын орналастыру, бекемдеу жүйесі, интернет және жылжымалы желі, математикалық статистика және қолданбалы математика секілді күрделі ғылымның сан түрлі салаларын қамтып жатыр.

 

 


Бөлісіңіз:

Автор:

Бақытжол Кәкеш

Онлайн қызметкерлер
Редактор
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
Редактор
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
Мұрағат