Қытайдағы қандасымыз Гиннестің рекордтар кітабына енді - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Уханьда қара жорға билеген Баһаргүл енді еріктілер тобында - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Биыл жыл басында індет таралған кезде Ухань қаласына көмекке барып, Фаңсаң емханасында қаражорға билеген Үрімжілік Баһаргүл Толқынқызы осы жолы өз қаласында індет таралғанда еріктілер қатарына қосылды, деп жазады қытайлық CNR.


Аталған ақпарат көзінің дерегіне сүйенсек, Баһаргүл Толқынқызы Шынжаң ұйғұр автономиялы өлкелік Ұйғұр емшілігі емханасының қызметкері, сондай-ақ ол өзі тұратын аумақтағы еріктілер тобының белсенді мүшесі.

Осы жолы Үрімжідегі карантин кезінде, ол өз жұмыс орнының тапсырмасы бойынша үйде қызмет істейді. Сондай-ақ, волонтерлер қатарында карантиндегі тұрғындардың қажетті заттарын жеткізіп берумен айналысқан. Адамдардың дене температурасын өлшеу, үй аулаларын тазалау, дезинфекциялау қатарлы жұмыстарды істеп, халыққа пайдасын тигізген.


«Ол ауруханадағы жансақтау бөлімде жатқан бір қарияға қан керек болғанын естиді. Волонтер Баһаргүл науқастанған қарттың отбасындағылармен хабарласып, өзінің 2013 жылдан бері ақысыз қан беріп келе жатқанын, егер қажет болса көмек қолын созатынын айтады. Сөйтіп, ол өзі тұратын шағын ауданның басшыларына хабарласып, солардың көмегімен автокөлік дайындап, науқасты өз емханасына жеткізеді. Толықтай тексеруден кейін, ерікті түрде ақысыз қан берді. Жас дәрігер Баһаргүл осындай игі істерімен айналасындағы адамдарға үлгі болуда...» деп жазады Қытайлық БАҚ.

Шумер жазуы бар 3 мың 400 жылдық тақтайша табылды TRT

Түркияның Хатай провинциясындағы Рейханлы ауданындағы Ашана қорғанында байырғы Алалах қаласында жүргізілген археологиялық қазбада мөлшермен 3 мың 400 жылдық тарихы бар тақтайша табылды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.


Шумер жазуы (Сына жазуы) жазылған тақтайшада падишаға жасалған төлемнің тізімі болғаны анықталған.

Қазба делегациясының төрағасы және Хатай Мұстафа Кемал университеті Археология кафедрасының мұғалімі доцент доктор Мұрат Акар қазба жұмыстарында маңызды мұралар табылғанын айтқан.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, бұрынғы Алалах қаласының тарихтағы Амик жазығына орналасқан аймақтық Мусш патшалығының астанасы болған. Зерттеушілер 20 жылдан бері археологиялық зерттеумен аймақтың қола дәуірі кезеңіндегі дәстүрлері мен мәдениеттерін және әлеуметтік құрылымын анықтауға күш салған.

«Доктор Мұрат Акардың айтуынша, қорғандағы қазбалардан табылған шумер жазулы тақтайша өте маңызды тарихи мұра болып есептеледі. Қола дәуірі ішінде шумер жазуы жазылған мәтіндерге кездесу оңай емес. Сондықтан бұл мұрағаттың құны жоғары. Мұрат Акар тақтайша бетіндегі жазулар әлі де зерттелу үстінде екендігін айтты...», деп түйіндейді TRT.

Иранда коронавирусты жылдам анықтайтын құралдың тұсаукесер рәсімі өтті - «Фарс» ақпарат агенттігі

Теһран университетінің зерттеушілері науқастың қақырығынан оның COVID-19-қа шалдыққан-шалдықпағанын анықтайтын құрал жасап шығарды, деп хабарлайды «Рarstoday » ақпарат агенттігі

Теһран университетінің компьютер және электр инженериясы факультетінің нанобиоэлектроникалық құралдар зертханасының зерттеушісі Мұхаммад Абдулахад осы ғылыми жетістікті таныстыру рәсімінде аталмыш құралды толықтай таныстырған.

«Коронавирусқа шалдыққан адамдарда аурудың белгілері байқалмаған күннің өзінде қақырығындағы белсенді оттегі түрлерінің деңгейі өзгереді. Бұл сезгіш құрал осы көрсеткішті пайдаланып, аурудың бар-жоғын анықтайды. Бұл жоба коммерциялану кезеңін бастан өткеріп жатыр. Қазір жаппай өндіру сатысына жетті. Осы күнге дейін бұл құралдың жұмысы Теһранның бірнеше ауруханасындағы 600-ден аса науқасқа тексеріліп, оң нәтиже берді», - дейді Мұхаммад Абдулахад.

Ирандық БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, аталмыш құрал тек COVID-19-ды анықтап қоймайды, басқа да тыныс жолдары ауруларын анықтауға да пайдалануға болады.

Моңғолияға жеке істерімен келіп, қалып қалған ҚР-ның азаматтары назарына - Kaznews

Моңғолиядағы Kaznews ақпараттық порталында осындай тақырыптағы ақпарат апта басында жарық көрді.


«Құрметті Отандастар! Моңғолияның Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиясының шешіміне сәйкес, 2020 жылғы 30 тамызда Улаанбаатар – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша ұшақ таңертеңгі сағат 8.00-де «Шыңғыс хан» әуежайынан ұшады. Осыған орай, COVID-19 пандемиясы уақытында Моңғолияға жеке істерімен келіп, қалып қалған немесе еңбек-шарты негізінде жұмыс істейтін тек Қазақстан Республикасының азаматтарына Улаанбаатар – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша ұшаққа отыру мүмкіндіктері бар екеніне назар аударамыз. Осы мүмкіндікті жіберіп алмауды еске саламыз.

Осы себепті, аталған ұшақпен тек Қазақстан Республикасы азаматтарының елге қайту мәселесіне қатысты туындаған сұрақтар бойынша Улаанбаатар қаласында орналасқан Қазақстан Республикасының Елшілігіне хабарласуды сұраймыз. Байланыс телефоны: +976 11 345408. Құрметпен, Қазақстан Елшілігі», деп жазды моңғолиялық БАҚ.

Ташкенттегі тест сынақтарына арналған орындықтар жауын астында қалды - «ӨзА» ақпараттық агентті

Өзбекстанда 2020-2021 жаңа оқу жылына ЖОО-ға түсу емтихандары ашық алаңдарда өткізілуі жоспарланған еді. Соған байланысты қызу қайындық басталған еді, деп хабарлайды uza.uz.


«Табиғаттың тосын мінезінен Ташкенттегі тест сынақтарына арналған орындықтар мен парталар жауын астында қалды. Жауған жаңбырдың салдарынан тест сынақтарына арнайы дайындалған «Ашхабард« көңілашар паркі мен «Ботаника« саябағы аумағындағы парта орындықтар жауынна қорғау мақсатында үсті пакетпен жабылуда» деп жазады өзбекстандық БАҚ.

Қандасымыз Гиннестің рекордтар кітабына енді - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Қытайдың Шиху қаласының тұрғыны Гүлзар Дәлелханқызы маржаннан тоқыған қолөнерлік бұйымы арқылы әлем рекордын жаңартты, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы ».


Зейнетке шыққан Гүлзар уақытын бос өткізбеу үшін қолөнермен айналыса бастаған. Ол 2018 жылы Қытай астанасы Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңының моделін маржаннан жасауды қолға алады.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, Гүлзар Дәлелханқызы 50 мың дана түсі әртүрлі маржанды сатып алады. Оның ішінен түсі, көлемі ұқсамайтын 10 мың маржан таңдап алып, тоқуға кіріседі. Ұзындығы 2.15 метр, кеңдігі 1.2 метр, биіктігі 1.2 метр келетін, жиыны 600 мың дана, салмағы 100 килодан асатын маржаннан екі жыл уақыт жұмсап, өзі ойына алған жұмысын сәтті аяқтаған.

«Шиху қаласының тұрғыны Гүлзар Дәлелханқызы меруерттей жалтылдаған маржаннан тоқыған «Тяньаньмэнь моделі» деп аталған қолөнерлік жұмысы дүние жүзілік рекордын куәләндіру мекемесі (WRCA) жағынан тексеруден өтіп, «Дүние жүзіндегі ең үлкен меруерт моделі» ретінде бекітілген» деп жазады kazakcnr.com.

Сөйтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енуді жоспарлаған қандасымыз арманына жетеді. Гиннестің рекордын жаңартқаны туралы ақпарат ресми расталып, сертификат Гүлзар Дәлелханқызының қолына табысталған.


Соңғы жаңалықтар