Қытайдағы қандас түйе шаруашылығын дамытып отыр - шетелдегі қазақ баспасөзі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақстанның екі қаласынан Анкараға тікелей рейстер ашылады –TRT

Ақтау және Шымкент қалаларынан Анкараға рейстер ашылады деп жоспарланды. Енді Қазақстан осы жаңа халықаралық рейстерді бастайды.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, 2023 жылдың көктемгі-жазғы ұшу кезеңінде Ақтау және Шымкент қалаларынан Анкараға рейстер ашылады деп жоспарланды. Сөйтіп, Қазақстан «ашық аспан» режимін 5 жылға дейін созды.

Қазақстанның Азаматтық авиация комитеті рейстердің пандемияға дейінгі деңгейге жеткенін, сондай-ақ комитет 2023 жылы жаңа халықаралық рейстер ашылатынын мәлімдеген.

«Жаңа бағыттар аясында Астана, Алматы, Ақтау, Түркістан және Атыраудан Стамбулға, Астана мен Алматыдан Анталияға рейстерді арттыру жоспарлануда», деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Алматы-Үрімжі Шыңжаңдағы бірінші халықаралық рейсі елге сәтті келді - «Халық» газеті

10 қаңтарда сағат 19:16-да China Southern Airlines авиакомпаниясының CZ6012 рейсі Алматыдан Үрімжі халықаралық әуежайына келіп қонды. Бұл Шыңжаңға эпидемияның алдын алу және тізгіндеу шаралары оңтайландырылғаннан кейінгі келген алғашқы халықаралық рейс, деп хабарлайды Қытайдың «Халық» газеті.

Аталған басылымның мәліметтерінше, қаңтар айында China Southern Airlines Үрімжі-Бішкекке екі халықаралық рейсті, Үрімжі-Алматыға екі рейсті, Үрімжі-Ташкентке бір рейсті және Үрімжі-Душанбеге бір рейсті орындауды жоспарлап отыр. Сонымен бірге Үрімжі-Тбилиси бару-қайту бағыты қайта іске қосылады.

Сондай-ақ, «Халық» газеті ақпараттық порталында «2022 жылы «Алашанькоудан» оралған Қытай-Еуропа пойыздарының саны ел кеден бекеттері арасында бірінші орынды иеленді» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, 2022 жылы Қазақстанға кіріп-шығатын «Алашанькоу» кеден бекеті арқылы 6211 Қытай-Еуропа пойызы өтті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,2%-ға артқан. Оның ішінде елге қайтқан Қытай-Еуропа пойызының саны 2462-ге жетіп, елдегі теміржол порттары арасында бірінші орынға шыққан.

Ежелгі әлемнің жеті кереметінің екеуі Түркияда орналасқанын білесіз бе? - TRT

Жеті саны ежелгі дәуірде белгілі бес планетаның, күн мен айдың қосындысы болғандықтан, гректер үшін құнарлылық пен кемелділікті білдірген. Сондықтан жеті саны әрқашан қолданылған. Солардың бірі әлемнің 7 кереметінің тізімі классикалық ежелгі дүниенің алғашқы және ең тамаша үлгісі. Ежелгі дәуірлерден бүгінге дейін Жерорта теңізі төңірегіндегі әлемнің ең керемет табиғи және қолдан жасалған сұлулықтары жинақталып қалыптастырылған тізімдегі жеті кереметтің екеуі – Анадолы жерінде.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлаған болатын.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, әлемнің жеті кереметі тізімінде тұрған Түркиядағы екі жердің бірі – Артемида храмы. Измирдің Селчук ауданындағы Эфес ежелгі қаласына шамамен 4 км қашықтықтағы храм біздің дәуірімізден бұрынғы 550 жылдары салынған деп болжалады. Толығымен мәрмәрден салынған және құрылымы шамамен 120 жыл жалғасқан Артемида храмынан бізге тек бірнеше мәрмәр бағана келіп жеткен.

Түркиядағы екінші әлем кереметі болса Галикарнастағы мавзолей. Бүгінгі күнгі таңдаулы демалыс орталығы Бодрумның территориясында орналасқан мавзолей біздің дәуіріміздің 350 жылы салынған. Кария патшасы Мавзолос үшін әйелі және қарындасы тарапынан салғызылған керемет ғимарат жер сілкінісінде қираған көрінеді.

«QazVac» вакцинасын зерттеу үшін ДДСҰ өкілдері Қазақстанға келеді

- «ӨзА»


2023 жыл сәуір айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының арнайы миссиясы Қазақстанға келіп, «QazVac»-ты тіркеумен байланысты тексерулер жүргізеді. Бұл туралы осы аптада өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі «ҚазАқпарат» ХАА-не сілеме жасап хабарлаған.

Айта кетейік, бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ведомствоның қорытынды алқа мәжілісінен кейін мәлімдеген болатын.

Еске сала кетейік, «Қазақстандық вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық ұйымында тіркеу жұмыстары қазір жалғасып жатыр. Былтыр осы ДДСҰ өкілдері, мамандары мен сарапшылары онлайн режимде әр түрлі құжаттарымызды сұрап, тексерген болатын. Енді биылдың өзінде сол ұйымнан арнайы миссия келіп, біздің вакцинаның қалай шығарылып жатқанын, зауытымыздың халықаралық стандарттарға сәйкестігін, дүниежүзінің халқына қолдануға жарамдылығын тексереді», - деген еді Ажар Ғиният.

Қандасымыз ата кәсібі түйе шарушылығын дамытуда

People.cn

Шыңжаңның Бурылтоғай ауданы түйе өнеркәсібінің қарқынды дамуын қолдап, бақташылар кірісін арттырды, деп хабарлайды Қытайдың «People.cn» ақпараттық порталы.

Аталған басылымның мәліметінше, Шыңжаңның Алтай аймағы Бурылтоғай ауданында тұратын Нардос Бақытбекұлы жеке шаруа ауласында түйелерге жем-шөп әзірлейді. Нардос Бақытбекұлы қазіргі уақытта 150-ден астам түйе бағып отыр.

«Оның ішінде 50-ге жуығы сауылатын інгендер. Жаңа дайындалған шұбатты компаниялар күн сайын сатып алады. Бұл бақташының өз отбасын тұрақты табыспен қамтамасыз етеді», деп жазады қытайлық БАҚ.

Белгілі қазақ шығыстанушысының мерейтойына арналған конференция өтті – «Parstoday»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шығыстану факультетінің ұйымдастыруымен көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменейдің 70 жылдығына арналған «Шығыстану және түркітану ғылымдарының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті, деп хабарлайды «Parstoday» ақпарат агенттігі.

Ирандық басылымның келтірген дерегіне сүйенсек, конференцияда Алматыдағы ИИР-дың Бас консулы Мохсен Фағани, ИИР-дың Алматыдағы Мәдени Өкілдігінің басшысы Мәжит Алигар, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Әділжан Мәмәркәримов секілді бірқатар белгілі тұлғалар құттықтау сөз сөйлеген.

Сондай-ақ, конференция аясында профессор Ислам Жеменейдің Өзбекстанда жарық көрген Зәһиреддин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнама» кітабының түпнұсқалық түрік тілінен қазақшаға аудармасы және «Қазақ университеті» баспасынан шыққан «Тарих-и-Рашиди» еңбегіне аналитикалық талдау» атты парсы тіліндегі кітаптарының салтанатты тұсаукесер рәсімі өткен.

Айта кету кетейік, жиын барысында университет тарапынан Ислам Жеменейге «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісі және Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану Институты тарапынан «Шығыстану ғылымына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталған.

Өзбекстан Қазақстаннан мұнай жеткізу көлемін жылына 3 миллион тоннаға арттырмақ – «ӨзА»

2023 жылы Өзбекстан Республикасына 300 000 тонна қазақстандық мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу бойынша құны 150 миллион доллар болатын келісім бар. Осы келісім аясында мұнай жеткізу көлемін жылына 3 млн тоннаға дейін арттыру жұмыстары жүргізілетін болады. Осыған байланысты құжатқа «Өзбекмұнайгаз» төрағасы Мехриддин Абдуллаев пен «ҚазМұнайГаз» төрағасы Мағзұм Мирзағалиев қол қойған, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, осы секілді Қазақстан мен Өзбекстан арасында алты түрлі келісім бар.

Айта кету керек, бұл келісімдерге Қазақстан республикасы Президентінің Өзбекстанға мемлекеттік сапары аясында Өзбекстан мен Қазақстанның энергетика министрліктері мен компаниялары арасында екіжақты ынтымақтастықты дамыту бойынша қол жеткізілген болатын.


Соңғы жаңалықтар