Қытайдағы этникалық қазақтың саны 1,5 миллионнан асады - ҚР СІМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Қытайдағы этникалық қазақтардың жайы туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан қоғамы мен мемлекет, әсіресе Сыртқы істер министрлігі шетелде тұратын қазақтардың жағдайын мұқият бақылап отырады. Қазіргі таңда Қытайда этникалық қазақтың саны 1,5 миллионнан асады. Олар Қытайдың толыққанды азаматы болып саналады және сол елде құқық қорғау, бизнес, ғылым және әлеуметтік салаларда жұмыс атқарып келеді. Әрбір жағдайда біз Қытай тарапын заңға сәйкес, объективті және әділ әрекет етуге шақырамыз», - деді Айбек Смадияров ҚР СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

ҚР СІМ ресми өкілі өткен жылдың соңында Қытай тарапымен табысты келіссөздердің нәтижесінде 2,5 мыңнан астам этникалық қазаққа Қытайдың азаматтығынан шығуға мүмкіндік берілгенін еске салды.

«Бірақ, шетелде қазақ диаспорасын қолдай отырып, біз шет мемлекеттердің ішкі істеріне араласуға жол бермейтін халықаралық заңға сүйенуіміз қажет», - деді ол.

Еске сала кетсек, өткен айда Айбек Смадияров Қытайда тұратын 2 мың этникалық қазақ аталмыш елден шығуға рұқсат алғанын хабарлаған болатын.

«Дипломатиялық арналар арқылы Қытай тарапымен жұмыс жүріп жатыр. Қытай тарапы ізгі ишара ретінде Қытай аумағынан 2 мыңнан астам қазақтың шығуына рұқсат берді», - деген еді Айбек Смадияров.

Соңғы жаңалықтар