Қытайдағы дәстүрлі қазақ медицинасы үлкен сұранысқа ие: қазақы етікпен емдеу, киіз үй үлгісіндегі тігіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- Санамызды сансыратқан қилы заман келмеске кетіп, тәуелсіздік таңы атқан шақта ұлтымыздың асыл жауһарларын алдымен өзіміз танып, білуімізге тура келді. Осы үрдіспен талай дүниеміз түгенделді. Әрине, халық қазынасы мол, оны қаза түссе ғана аршылады. Сол ұлттық мәдениеттің ашылмаған қырларының бірі - қазақ халқының дәстүрлі медицинасы.

Қазақ медицинасы - қазақ емшілігі немесе қазақ шипагерлігі деп аталып келеді. Жұрт арасында «халық емшілігі» десе үрке қарайтын, оны бақсы, балгер, көріпкел деп қабылдайтын көзқарас бүгінде сақталып отыр. Ал, анығында халық шипагерлігі осы заманғы медицина қалыптасқанға дейін, ғасырлар бойы ұлтымыздың өсіп-өнуіне өзіндік ықпалын тигізіп келді. Сүйте тұра осы уақыттарға дейін толық тарихы жазылмаған, зерттеліп, бірізділенбеген ұлттық мәдениеттің қабырғалы, маңызды бір саласы - қазақтың емшілік өнері.

Әлемдік өркениетте денсаулықты сақтау жөніндегі көптеген мәліметтер Шығыстың, Мысырдың, Қытайдың, Гректің, Тибеттің ежелгі қолжазбаларында көбірек ұшырасады. Сол заманның өзінде Гиппократ, Аристотель, Ибн Сина, Корнелий Цельс, әл-Фараби сияқты ғалым-философтар денсаулық сақтаудың тәсілдерін зерттеген. Десе де, дүниедегі барша халықтар өзіне тән дәстүрлі халық емшілігін шама-шарқынша дамытып, сақтап отырған. Солардың ішінде қазақтың дәстүрлі медицинасы да бар.

Тарихи таныммен зерделесек, қазақ шипагерлігінің тамыры тереңде жатқанын аңғарамыз. Ол - халқымыздың ата-тегін құрайтын сақтар, ғұндар, аландар, қаңлылар, үйсіндерден және одан да ерте заманнан бастау алады. Бұны тарихи зерттеулер мен археологиялық қазба қалдықтарда растай түсті. Соғыста жараланған Сақ сарбаздарының жарасын таңатын емшілерді «жарықшы, қарықшы, таңғышы» деп атағаны тарихи деректерде ұшырасады. Сондай-ақ, атақты ғұлама ғалым әл-Фараби денсаулық сақтаудың тәсілдерін де зерттеген. Оның шипагерлік жөнінде жазған шығармалары өзінен кейінгі Ибн Сина секілді ғалымдарға үлкен ықпал жасағаны мәлім. Ал қазақ медицинасының түп кітабы деп XY ғасырда жазылған ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1478) «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиясын атауға болады. «Шипагерлік баян» кітабында өсімдіктен алынатын 728 түрлі, жан-жануарлардан алынатын 318 түрлі, металл-металлоидтардан түзілетін 318 түрлі шипалық қасиеті бар дәрілердің атауы, 500-ге тарта анатомиялық атаулар кездеседі. Осы дәйектердің өзі қазақ халқының дәстүрлі медицинасының ерте уақыттарда-ақ жақсы дамығандығын айғақтап тұрғандай.

Міне, осылайша ғасырлар керуенінде сұрыпталып, кемелденіп жеткен дәстүрлі өнеріміздің бүгінгі күні де шоқтығы биік тұрғанын айтқымыз келіп отыр. Әсіресе Қытайда тұратын қандастарымыздың ортасында бұл өнер өз өміршеңдігін сақтап, қоғамда қажеттілік туғызып, дамып жатыр.

Қытайда 7 ұлттың халықтық медицинасы жақсы дамыған. Оған қытай, тибет, моңғол, ұйғыр, хмонг (мяо), корей және қазақ емшіліктері кіреді. Қазақ халық емшілігі үшін 1985 жылы Қытайдың Алтай қаласында Қазақ медицинасын дамытып, практикалық тұрғыдан қолданысқа енгізу үшін «Қазақ медициналық ауруханасы» ашылған. Ауруханада 213 қызметкер жұмыс істеген. Бұл қазақ медицинасымен жұмыс істейтін дербес клиниканың дәрі-дәрмек жасайтын зертханалық бөлімдері де болған.

Осы ұлттық орталықтың ашылуына мұрындық болған, Белгілі қоғам қайраткері, 1979-1994 жылдары ҚХР Алтай аймағының (құрамында 7 аудан бар) әкімі болған Қадыс Жәнәбілұлының «ҚазАқпаратқа» берген бір сұхбатында аурухана қалай ашылғаны туралы айтқан болатын.

«Мен 1985 жылы Үрімжі қаласында ШҰАӨ-нің жетінші бесжылдық жоспарын талқылауға қатыстым. Сол бесжылдық жоспарда «ұйғыр мен моңғол ұлттарына дәстүрлі ұлттық емхана салынады» - деп жазылыпты. Мен жоспарды әзірлеген жауапты адамдарға «Шынжаңда ұйғыр ұлтынан кейін қазақтар көп қоныстанған, қазақтардың ұлттық емханасын салуға неге қаржы бөлмейсіздер?» - деп сұрақ қойдым. Олар «қазақтың ұлттық медицинасы бар болса, алдымен өздеріңіз бастап, басқаларға танытыңыздар» деген пікір айтты. Алтайға келген соң «Қазақ емханасын» салдыруды қолға алдым. Кедергілер де көп болды. Жұмысымызға сол кездегі ШҰАӨ төрағасының орынбасары Қыдырбай Мүрсәлімұлы барынша қолдау көрсетті. 1987 жылы Алтайға сапарлай келген ҚХР денсаулық сақтау министірі Сүй Юльи де салынып жатқан ұлттық емхананы көріп, қызғушылық танытты. Ол, емхананы кеңейтіп заманға сай, кемелді орталық етіп құрып шығуға нұсқау берді. Бұрынғы бөлінген қаржыға үстемелеп 3 миллион юань ақша қосып берді. Осылайша толыққанды жұмыс істейтін, нағыз заманға сай дәстүрлі қазақ емханасы бой көтерді», - деді Қадыс Жәнәбілұлы.

Міне осыдан бастап Қытай жерінде ұлтымыздың дәстүрлі медицинасы жаңа сүрілеумен, қарқынды даму жолына қадам басты. 1992 жылы Қытайда қазақтың ұлттық медицинасын зерттеуге, жүйелестіруге жол салу үшін Іле Қазақ автономиялы облысы «Іле Қазақ автономиялы облыстық қазақ шипагерлік- дәрігерлік қоғамын» құрып, «Іле медицинасы», «Қазақ шипагерлігі» секілді журналдар ашты. Ал 2008 жылы Алтайдағы медициналық колледжде «Қазақ емшілігі» мамандығы оқытыла бастады. 2011 жылы Қытайдағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі Шыңжаң медициналық университінің қабырғасында «Шыңжаң қазақ медициналық факультеті» құрылды. Факультетті құрудың алдында қазақ медицинасының нәзіриялық (теориялық) негіздері, ішкі ауру, сыртқы ауру, анатомиясы, физиологиясы, шөп дәрілері, емдеу әдістерінің барлығы зерттеліп қытай тілінде және қазақ тілінде бірдей оқулықтарға енген. Бұл оқу құралдары Қытайдың медицина және оқу-ағарту министрлігі тексеруінен өткен. Оған «Қазақ шипагерлігінің негіздік назариясы (теориясы)», «Қазақ шипагерлігінің анатомиясы», «Қазақ шипагерлігінің рецепт жинағы», «Қазақ шипагерлігінің дәрі материалдары», «Қазақ дәрігерлік шежіресі», «Шипагерлік қазына» секілді көптеген оқулықтар енген.

Қазіргі күні Шыңжаң көлемінде үлкенді-кішілі 20-дан аса ұлттық медицинаны негіз еткен қазақ ауруханасы, 4 ғылыми зерттеу орталығы бар. 2011 жылы үкімет 10 миллион юань ақша бөліп, «Шыңжаң-Қазақ шипагерлік дәрі зерттеу орталығын» құрды. Орталық нақты тәжірибелер жүргізе отырып, дәрілік шөптердің құрамын тексеріп, қарапайым емшілер жасайтын дәрілерді мемлекет деңгейінде мойындалатын дәрілік өнімге айналдырды. Қазақ шипагерлік дәрі зерттеу орталықтары дайындаған 40-қа жуық дәрі өнімі Шыңжаңдағы ауруханаларда қолдануға болатын өнім болып бекітілген.

Бұдан бөлек аудандық деңгейде де қазақ медицинасымен ем жасайтын ауруханалар көптеп салына бастаған. 2013 жылы Тарбағатай аймақтық үкімет Толы ауданында қазақ медицина ауруханасын салуға 32 миллион 500 мың юань қаржы бөліп, ол 2016 жылы шілдеде пайдалануға берілген.

Соңғы мәліметтер туралы айтар болсақ, 2020 жылдың 1-ші қаңтар күні, қытайда ең алғаш құрылған «Алтай аймақтық дәстүрлі қазақ медициналық ауруханасы» жаңа әрі ерекше ғимаратқа көшкені туралы ақпарат жарыққа шықты. Мемлекеттік 2- ші дәрежелі ұлттық аурухана атағына ие «Алтай аймақтық дәстүрлі қазақ медициналық ауруханасы» мемлекеттің «12-ші бесжылдық» даму жоспарында түйінді дамытылатын ұлттық емханалардың қатарына енген. Сондай-ақ, 2015-ші жылы Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасының аясында «Халықаралық қазақ ұлттық медицинасымен емдеу орталығы» болып құрылған.

Осы ұлттық медициналық орталықтың басшысы Батима Қарақұлқызының айтуынша, жаңа ғимаратқа көшу арқылы аурухана науқастарға бұрынғыдан да жақсы, заман талабына сай сапалы медициналық қызметтер ұсына алатын болған.

«Алтай аймақтық дәстүрлі қазақ медициналық ауруханасы» жаңа қонысқа көшкеннен кейін, медициналық жабдықтары жаңарып, толықтанып, диагностика және емдеу технологиясы заманға сай кемелденді. Орталықта дәрілік бұлау ванналары, ішкі аурулар бөлімі, гинекология, дерматология, ревматология, ортопедия т.б бөлімдер жұмыс істейді. Жаңа аурухана ғимаратының жалпы ауданы 39000 шаршы метрді құрайды», - дейді Батима Қарақұлқызы.

Шыңжаң медицина университетінің профессоры, м.ғ.д., «Шыңжаң-Қазақ шипагерлік дәрі зерттеу орталығының» жетекшісі Әсия Бейсенбайқызының айтуынша, бұдан кейін дәстүрлі қазақ емшілігін –«халық емшілігі» деп атамай, оны «қазақ медицинасы» деп атаған жөн дейді.

«Қытай елінде дәстүрлі қазақ емшілігін соңғы кездерде халық емшілігі демей, қазақ медицинасы деп таныдық. Өйткені қазақ шипагерлігі жүйеленіп, медицина ғылымның бір саласы болып қалыптасты. Неге десеңіз, бізде қазақ емханалары бар. Қазақтың өз тәсілдерімен, өзіндік дәрілік шөптерімен емдейтін замануи емдеу жүйесі қалыптасты. Қазақстанда емнің бірден-бір сақталған түрі тек қана сынықшылық деп айтуға болады. Европада ота жасатып, бұғана қабырғаларын дұрыс сала алмаған жағдайлар кездеседі. Ал, қазақ медицинасында ботаның жіліншігін әкеліп, адамдардың бұғана қабырғасын алмастырып салған. «Қазақ медицинасының аурулары, диагноз қою әдістері» деген қалың кітап баспадан шықты. Онда қайсы ауруға қандай әдіспен диагноз қояды және Қазақ медицинасының Шығыс және Тибет медицинасының диагноз қою әдістерінің парқы жайлы бәрі толық жазылған»,- дейді профессор Әсия Бейсенбайқызы.

Жалпы қазақ ұлттық медицинасы түрлі науқастарға ем жасауға қауқарлы екен. Онда қантты несеп ауруы, тыныс жол аурулары, жүрек қан тамыр аурулары, жүйке (нерв) жүйесінің аурулары, ас қорту жүйесінің аурулары, әртүрлі сүйектің өсіп, қалыңдауы, бел, мойын омыртқа сүйегі шеміршегінің өсуі, әр түрлі сүйек туберкулезі, сүйек кемігінің қабынуы, тері аурулары сынды сан түрлі ауру түрлерін емдеп, сауықтыра алады.

Сондай-ақ, Қытай елінде өз халқының дәстүрлі медициасын дамтып, жұртқа әйгілеуге аянбай еңбек етіп жүрген білікті ғалымдарымызда аз емес көрінеді. Солардың бірі Шыңжаң медицина университетінің жанындағы бірінші емханасының профессоры, м.ғ.д., сүйек маманы Жасарат Жәлелұлы. Оның медицина саласына қосқан жаңалығы талайды таң қалдырған. Жасарат Жәлелұлы медицинаға «киіз үй үлгісіндегі тігіс түрін» енгізіп, бұл еңбегін алды­мен Қытайда, одан кейін АҚШ-та патент­теген. Ғалымның «киіз үй формасындағы тігісінің» көптеген артықшылығы бар. Онда адамның сынған сүйегіне ота жасап, оны ерекше әдіспен тіккеннен кейін гипспен қатырудың қажеті болмаған. Ғалым бұл ем түріне «киіз үй үлгісіндегі ота жасау әдісі» деп ат қойыпты.

Бейжің, Шанхай, Гуаңжоу секілді қалалардың ірі медициналық орталықтарында жұмыс істеген білікті қазақ ғалымның кәдімгі қазақы етікке байланысты тағы бір соны жаңалығы да бар. Атап айтқанда, ол адамдарда, әсіресе, спортшыларда жиі кездесетін өкше тірсегінің үзілуін пышақ тигізбей, кәдімгі қазақы етікпен емдеуді қолға алған. Мұнда науқас ем алу кезінде төсекке таңылып жатпайды. Керісінше, арнайы дайындалған қазақ етігін киіп алып, қажетті әркетті жасап отырса жеткілікті. Маманның бұл жаңалығы Қытайда патент алған.

Жоғардағы айтылған деректерді қорта айтсақ, Қытай еліндегі қазақтардың қазақтың дәстүрлі медицинасы үшін біраз еңбектенгені, өнімді жұмыс атқарғанын көреміз. Ал қазақ жерінде қазақ емшілігін бақсы-балгер, қара емші, көріпкел болмысында танитын жағымсыз түсінік жұртқа кең жайылған. Сондықтан болар қазақтың ұлттық медицинасын көркейтіп, көгертетін мемлекеттің тікелей қолдауы мен нақтылы жоспарлы жұмыс кестесі әлі жасалмай отыр. Қазіргі күні Қазақстанда қазақ медицинасын дамытуға тек жекелеген қоғамдық ұйымдар ғана атсалысып жүр.

Ұлттың денсаулығы - мемлекетіміздің болашағы. Ендеше, өзімізге ғана тән қазақтың дәстүрлі медицинасының болашағы - қазақтың болашағы болмақ! Сондықтан да жұрт мерейі өскен, ел еңсесі көтерілген бүгінгі күні қазақ халқының дәстүрлі медицинасын дамытуды қолға алғанымыз орынды болар еді!







Соңғы жаңалықтар