Қытайдағы  айтыскер  ақын Жамалқан Қарабатырқызы дүниеден озды
2022 жылғы 4 шілде 12:23

Қытайдағы айтыскер ақын Жамалқан Қарабатырқызы дүниеден озды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- Қытай елінде тұратын қандасымыз белгілі ақын, айтыс сахнасының тарланбозы Жамалқан Қарабатырқызы 81 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтыскер ақын Жамалқан Қарабатырқызы- 1940 жылы ҚХР Шынжаң өлкесінің Тарбағатай аймағындағы Жайыр тауында туған. Ол Шыңжаңдағы қазақтардың айтыс өнерінің көшін бастаушы. Бұрынғы өткен ақындарда көп ұшырайтын жұмбақ айтыс түрін қайта түлетіп, кейінгі буынға өзіндік үлгі көрсете білген ақын. Ол әр жылдары қатысқан аламан айтыстарда бас жүлдені 18 мәрте жеңіп алған айтыс ақындарының ұстазы. Сонымен бірге ақын ауыз әдебиеті және оның айырым түрлерін зерттеуге ден қойған. Жамалқан Қарабатырқызы «Айтыс және менің әріптестерім», «Бердіхан қандай ақын», «Ауыз әдебиетіндегі әйелдердің орны», «Көркемдік пен шешендік», «Жоқтаулар нені айтады», «Айтыстың мінезі», «Бесік жырының белгісі», «Ауыл әуендері», «Жыр нөсері» секілді көптеген сын-зерттеу еңбектерінің авторы.

Сондай-ақ аудандық, облыстық ақындар айтысын ұйымдастыру жұмыстарымен айналысқан. Жоғары оқу орындарында ашылған ақындар сыныптарына айтыс өнердің әр қырынан арнаулы сабақтар берген. Соңғы жылдары ақынның еңбектері қытай тіліне аударылып, кітап болып шықты.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT