Қытайдағы алтын өндірісі 2017 жылы бірден 9%-ға төмендеген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдегі ең ірі алтын өндіруші ел Қытайдың алтын өндірісі өткен жылы 9%-ға азайды. Қытайда алтын өндіру 1980 жылдан бері небәрі екінші рет төмендеп отыр, деп хабарлайды Financial Times.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) мәліметтері бойынша, 2008 жылдан бері әлемдік алтын қоры жыл сайын артып келген еді. Алайда, өткен жылы бұл өсім тоқтап қалды.

Әлемдегі алтын өндірісінің шамамен 15% Қытайдың үлесінде. Бұл пропорция, мысалы Сауд Арабиясының мұнай нарығындағы үлесіне қарағанда да жоғары.

Алайда, 2016 жылдан бастап, қытайлық билік алтын өндіру саласына шектеу енгізіп, бірқатар шағын алтын кеніштерін жауып тастады.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің маркетингтік барлау бөлімінің бастығы Алистер Хьюиттің айтуы бойынша, қытайлық билік экологиялық мәселелерге көбірек назар аудара бастаған. «Алтын өндірісі қатаң реттелуде», - деді ол.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің мәліметтері бойынша, өткен жылғы Қытайдың алтын өндірісі 420,5 тоннаны құраған. Қытайда алтынға деген сұраныс сол кезеңде 4%-ға артып, 953,3 тоннаға жеткен.

2017 жылы әлемдік алтын өндірісі 3268,7 тоннаға дейін өсті. 2016 жылғы бұл көрсеткіш 3263 тонна болатын. Бұл 2008 жылдан бері ең аз өсім. Соңғы рет 2008 жылғы қаржы дағдарысы кезінде алтын өндірісі 2% -ға төмендеғен еді.

2017 жылдың басынан алтынның бағасы 15%-ға өсті, 1 унция алтын бағасы - 1 334,78 доллар.

Қытайдың алтыны негізінен ішкі сұранысты қанағаттандыру үшін пайдаланылады, өйткені Қытай билігі компанияларға алтынды экспорттауға рұқсат бермейді.

Қытайдағы заңнама қатайтылған соң бұл елдің алтын өндіруші компаниялары шетелдегі кеніштерді сатып алуға көбірек көңіл бөле бастады. Атап айтқанда, «Shandong Gold Mining» компаниясы «Barrick Gold» компаниясынан Аргентинадағы Валеро алтын кенішінің 50% акциясын сатып алған.

Соңғы жаңалықтар