+7 (701) 759 90 19
USD 426.32 EUR 496.24
RUB 6.04 CNY 66.74
Jańalyqtar

Қытайдағы 2 қазақ боксшысы жүлдегер атанды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

2021 жылғы 26 қыркүйек 13:04
Бөлісіңіз:
Қытайдағы 2 қазақ боксшысы жүлдегер атанды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ыстамбұлда Мұстафа Өзтүрік атында саябақ ашылды - TRT


Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап Ыстамбұлдың Бағжылар муниципалитеті таэквондодан әлемге әйгілі Түркия қазағы, марқұм Мұстафа Өзтүрік атында саябақ ашты, деп хабарлайдыТүркия радио телевизия порталы.

Саябақтың ашылуына Бағжылар муниципалитеті мен ҚР Ыстамбұлдағы Бас консулдығы мұрындық болған.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, саябақтың ашылуыда Қазақтардың дүниежүзілік қауымдастығының Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Қазақстаннның Ыстамбұлдағы Бас консулы Әлім Байел мен Бағжылар муниципалитеті басшысы Локман Чагрыжы және Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік сөз сөйледі.

«Өзтүріктің қызы Неслихан «Әке, сіз балаларды қатты жақсы көрдіңіз, енді балаларға толы саябағыңыз бар. Сіз әрқашан осы саябақпен есте қаласыз» деп тебіреніп сөйледі», делінген TRT жарияланған ақпаратта.

Айта кетейік, Мұстафа Өзтүрік атындағы саябақтың жалпы аумағы 4771 шаршы метрді құрайды. Саябақта футбол көгалы, балалар үшін ойын алаңы, буфет, отыратын орындар және 86 көлікке арналған тұрақ ойластырылған.

Қытайдағы екі қазақ боксшы «алтын», «күміс» медаль жеңіп алды - CNR


«21 қыркүйекте Қытайдың XIV ұлттық ойындары өтті. Бұл чемпионатта бокстан ерлер арасындағы 75 келідегі финалында Шынжаң командасының боксшысы Тоқтарбек Таңатқанұлы Бейжің құрамасының өкілі Ұлпар Қарқынұлын 5-0 есебімен жеңіп, чемпион атанды, деп жазады CNR басылымы.

Бұл жолғы Қытай чемпионаты Шаншидің Юуйлин қаласында өткен.

kazakcnr.com сайтының мәліметінше, Тоқтарбек Таңатқанұлы – Қанат Ислам және Мәметтұрсын Чоңнан кейінгі Қытай атынан Олимпиадалық ойындарға қатысқан 3-шыңжаңдық боксшы.

Айта кетейік, 21 қыркүйекте Шыңжаң командасының спортшысы Тоқтарбек Таңатқанұлы алтын медальды алса, екінші орынды яғни күміс медальды Бейжің командасының мүшесі қандасымыз Ұлпар Қарқынұлы иеленген. Ал үшінші орынды Хэнань командасынан Чжао Меньян мен шандундық былғары қолғап шебері Тао Минси қанағат тұтты.

Тоқтарбек Таңатқанұлы 1998 жылы 18 қарашада Алтай аймағы Алтай қаласы Алағақ қалашығында дүниеге келген. Ағасы Жақыппек Таңатқанұлының айтуынша, Тоқтарбек кішкентай кезінен спорт шараларына белсенді қатысып келеді.

Қытайдың Алтай аймағындағы белгілі бокс жаттықтырушысы Мұрат Бошайұлының назарына ол өз ауылында доп ойнап жүрген жерінен ілінеді. Ол кезде Тоқтарбек Таңатқанұлы 12 жаста болған.

«Бойы 1 метр 30 сантиметр шамасындағы баланың доп теуіп жүргенін алыстан көзім шалды. Оның қарқыны мен күшінің өте жақсы екенін байқадым. Сонымен жаныма шақырып алып, боксқа қызығушылығын сұрадым. Ол маған еліміздегі өзі жақсы танитын боксшылардың атын айтып берді...», - дейді танымал бокс жаттықтырушысы Мұрат Бошайұлы.

Сөйтіп 15 күннен соң Тоқтарбек Таңатқанұлы өз ауылынан 100 шақырымнан артық алыстағы Мұрат Бошайұлы тұратын Қаба ауданына барып оқиды. Аталған аудандағы орта мектептің жатақханасында тұрып, білім ордасының бокс бөліміндегілермен бірге машықтана бастайды.

«Содан бері 13 жыл өте шықты. Болашақта батыр болуды армандаған жас жеткіншек қазіргі уақытта халықаралық деңгейдегі бокс алаңдарында өнер көрсетіп, Қытай бокс саласындағы таңдаулы спортшыға айналды», - деп түйіндейді Қытайдың kazakcnr.com ақпараттық порталы.

Айта кетейік, осы жолғы Қытай чемпионатында күміс медальды еншілеген Ұлпар Қарқынұлы бүгінгі күні бокс әлемінде өзіндік аты шығып жүрген спортшылардың бірі. Қазір бокстан Бейжің командасында өнер көрсетіп жүр.

Еуропада тұратын қазақтардың кіші құрылтайы өтті - Kaznews


«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ ұйымдастыруымен Ыстамбұл қаласында Түркия және Еуропада тұратын қандастарымыздың қатысуында кіші құрылтай өтті, – деп хабарлайды Kaznews порталы.

Моңғолиялық БАҚ-тың келтірген мәліметінше, кіші құрылтайға «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов қатысты. Іс-шара аясында шеттегі қандастарға көрсетілетін мәдени-гуманитарлық, білім беру, қазақ тілін оқыту және басқа салаларда атқарылатын жұмыстар жайында баяндама жасалып, түрлі ұсыныстар талқыға салынды.

Мағауия Сарбасов Қазақстандағы «Бір терезе» қағидатының қандастар үшін жеңілдіктері көп екенін айтқан.

Оның айтуынша, шетелден қоныс аударған этникалық қазақтар көрсетілетін қызметтерді бұрын әр түрлі мемлекеттік органдардан алып келген. Бүгінгі күні қандастарға арналған барлық мемлекеттік қызметтер «Бір терезе» қағидатына сәйкес оңтайландырылып, «Халыққа қызмет көрсету орталықтары» арқылы жүргізілуде.

Мағауия Қанапияұлының келтірген дерегіне сүйенсек, интеграциялық жұмыстардың нәтижесінде қандастар тапсыратын барлық құжаттар саны 3 есеге, яғни 46 – дан 16 – ға және оларды қарау мерзімі 2 есеге, 6 айдан 3 айға қысқарған.

Қазақстанға көшіп келуге ниет білдіргендер «Отандастар қоры» КЕАҚ жанынан құрылған «Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының» 1404 тегін нөміріне хабарласып, кез келген мәлімет ала алады. Сондай-ақ, қоныс аударуға бел буған этникалық қазақтарға арналған «Erulik.kz» (ерулік.кз) веб-платформасы әзірленген.

«Қазақстанға қоныс аударғысы келетін қандастарымыз үшін «Erulik.kz» веб-платформасы әзірленді. Веб-платформа арқылы әлемнің кез келген түкпірінен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы қарастырылған 5 облыстың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейімен танысуға және қоныс аударуға қолайлы елді-мекендерді таңдауға болады. Атап айтқанда, бос тұрғын-жайлар, инфрақұрылым, әлеуметтік мекемелер, экономикалық әлеуеті, бос жұмыс орындары және басқа да ақпараттар ұсынылған», – деп жазады Kaznews ақпараттық порталы.

Қазақстанда «Иран тарихы, мәдениеті және бүгіні» атты онлайн көрме өтті - Parstoday


Қазақстанның Ұлттық мұражайы Иран Ислам республикасының Елшілігі және Мәдени өкілдігімен ынтымақтаса отырып, 2021 жылы 2 қыркүйектен бері «Иран тарихы, мәдениеті және бүгіні» атты онлайн көрме өткізуде, деп хабарлайды ирандық БАҚ.

Иран Ислам республикасының Қазақстандағы мәдени өкілі Әли Акбар Талеби Матиннің айтуынша, көрменің мақсаты Иран мәдениеті мен өркениетін қазақ халқына көбірек таныстыру болды. Көрме әлеуметтік желілерде тікелей көрсетілді. Өйткені қазір оқырмандар қажетті ақпаратты осы платформалардан алады.

Айта кетейік, көрмеде ежелгі Ираннан заманауи Иранға дейінгі аралық қамтылған. Бұл видеода Иранның тарихи-архитектуралық ескерткіштері, ирандықтардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары, танымал тұлғалар мен әйгілі қалалар көрсетілген. Қазақстанда Омар Хайям, Сағди Ширази мен Джалаледдин Румидің көбірек танымал екенін айта кету керек. Сондықтан Абай Құнанбай, Шәкәрім Құдайбердіұлы және басқа да қазақтың ақындары парсы тілін білген.

«Бүгінде ИИР – халықаралық туризм үшін тартымды елдердің бірі. Иранда көпті көрген туристің өзін таңқалдыратын тартымдылықтар бар. Елде тарихи-архитектуралық ескерткіштер өте көп. Иранның Еуразия құрлығындағы рөлі маңызды. Бүгінде Иран – Азиядағы ең дамыған елдердің бірі. Елдің халықаралық сахнадағы орны жоғары», деп жазады Parstoday.

Отандастар қоры байқау жариялады - «ӨзА»


Отандастар қоры ұйымдастырған байқауға 12-18 жас аралығындағы мектеп оқушылары қатыса алады, деп хабарлады «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

«Байқауға қатысушылар өздерінің байқау жұмыстарын @otandastar_qory инстаграм парақшасын және #otandastar_qazaqpoeziasy хэштэгін белгілеп, инстаграм әлеуметтік желісіне салу керек. 16 қазанға дейін жалғасатын атаулы байқаудың жеңімпаздары қымбат бағалы сыйлықтармен марапатталады», деп жазады өзбекстандық БАҚ.

Айта кету керек, байқау жайлы толық ақпаратты Отандастар қорының ресми парақшасынан алуға болады.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Бейсен Сұлтан

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Үмбет Шолпан
Үмбет Шолпан
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT