Қытайда жоғары қалыңмал жастардың уақтылы үйленуіне кедергі болып отыр

None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытай билігі қымбат қалыңмал мен үйлену тойларын сән-салтанатпен өткізуге қарсы күрес науқанын бастады. Науқан 2023 жылдың желтоқсан айына дейін жалғасады. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Ауыл шаруашылығы және ауылдық істер министрлігі таратқан мәлімдемеде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Науқан ауыл тұрғындары үшін үйлену тойлары, банкеттер мен құда түсу сыйлықтарын ұйымдастыруға жұмсалатын шығынды азайтуды көздейді.

Күйеу жігіт отбасының қалыңдық үшін өтейтін құны көбіне шамадан тыс сомаға жетіп, әсіресе ауылда тұратын қытай отбасыларына ауыр жүк түсіріп отыр.

«Чжунго Жибао» басылымының жазуынша, Ганьсу провинциясының (Солтүстік-Батыс Қытай) Чжэннин уезінен келген болашақ күйеу жігіт сәуір айында жергілікті әкімшілікке қалыңмалдың қымбаттауын төмендету шараларын қолдануды сұраған.

Ол басына түскен жайтты баяндап, болашақ жарының ата-анасы қалыңдық үшін шамамен 45 мың доллар ақша талап еткендіктен екеуі қосыла алмағанын айтты.

Чжэннин уезінің әкімшілігі бұған жауап ретінде ауылдық жерде қалыңмалды 11 мың доллардан асырмай керектігін ескертіп хабарландыру жариялады.

«Хуанцю Шибао» басылымы 2021 жылы Қытайда неке қиғандар саны 2003 жылғы деңгейге дейін төмендегенін жазды. Өткен жылы Қытайда некесін тек 7,64 млн адам тіркеген.

Соңғы жылдары Қытайда неке жасындағылар саны азайып, көбіне кеш үйленгендер қатары көбейіп келеді.

Қытай демографтары неке тіркеудің азаюы елдегі туу көрсеткішінің төмендеуіне әкелетінін ескертіп отыр.


Фото: hunliji.com






Соңғы жаңалықтар