Қытайда жаңа терминдерді қазақшаға аудару мәселесі көтерілді - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ректор Түркияда екі халықаралық ұйым басшысымен кездесті - TRT

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Түрік-Қазақ университетінің ректоры Жанар Темірбекова Түріксойға барып, бас хатшы Сұлтан Раевпен кездесті.

Бас хатшы кеңсесінде өткен кездесуде тараптар қыркүйек айында Түркістан қаласында «Алтын көпір» жобасы аясында ұйымдастырылатын Қырғыз-Түркия Манас университетінің күндеріне дайындық жұмыстары мен қазан айында өтетін Ясауи университетінің 30 жылдық мерейтойына арналған шараларды кеңінен талқылады, деп хабарлайды Түркия радио теледидар агенттігі.

Кездесу барысында Жанар Темірбекова Түріксой бас хатшысы Раевты университеттің 30 жылдық мерейтойына шақырды.

Сондай-ақ осы сапарында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Түрік-Қазақ университетінің ректоры Жанар Темірбекова Түркия республикасының Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқармасының басшысы Абдулла Эренмен кездескені туралы түркиялық БАҚ жазды.

Бұл кездесу барысында ректор Жанар Темірбекова Абдулла Эрен мырзаға Ахмет Ясауи университетінің «Еуразия» жазғы мектебін ұйымдастыруда көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірген.

Айта кетейік, биылғы жылы Өкілетті кеңес басқармасы мен оқу ордасы ұйымдастырған «Еуразия» жазғы мектебінің алғашқы 70 студенттен тұратын тобы Түркия еліне аттанған болатын. Онда 20 күндік бағдарлама аясында түрлі сала бойынша оқу семинарлары мен кездесулер өтеді деп жоспарланған. Сонымен қатар студенттер Түркия елінің Ыстанбұл, Анкара, Бурса және Кония қалаларының бай тарихи және мәдени мұраларымен танысады.

Қазақстан өндірсін арттыруға ниетті - Parstoday

Қазақстанның Энергетика министрі өз елінің OPEC+-те мұнай өндірісін арттырып, оның бағасын түсіруге ниетті екенін хабарлады.

Бұл туралы осы аптада Иранның «Parstoday» ақпараттық агенттігі де хабарлады.

Ирандық БАҚ Қазақстанның Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мұнай бағасы туралы пікірін жазған.

Айта кетейік, Қазақстанның Энергетика министрі «Қазақстан 1 баррель мұнайдың бағасы 60-80 доллардың арасы болғанын қалайды. Жаһандық нарықта мұнай бағасын түсіру үшін оны өндіру көлемін арттыруға мәжбүрміз», деген болатын.

«OPEC+-тегі хабардар адамдар осы топтың мұнай өндірісіне қатысты саясатының өзгеру ықтималын жоққа шығармады», деп түйіндейді бұл жазбаны Иранның «Parstoday» ақпараттық агенттігі.

Жаңа терминдерді қазақшаға аударуға байланысты жиналыс өтті - CNR

Қытайдың Бейжіңдегі Ұлттар аударма мекемесінің 2022 жылғы жаңа терминдерді қазақшаға аударып бекітуге арналған мамандар жиналысы Шыңжаңның Алтай аймағы Буыршын ауданында өтті.

Қытайдың Ұлттар аударма мекемесінің бастамасымен Буыршын аудандық халық үкіметі ұйымдастырған Қытай Ұлттар аударма мекемесінің 2022 жылғы жаңа атауларды(терминдерді) қазақшаға аударып бекіту мамандар жиналысы 4 тамыз күні ашылды, деп хабарлайды Қытайдың CNR басылымы.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, аталған ғылыми басқосуға Бейжіңдегі Орталық радио телевизия бас станциясы, Орталық ұлттар аударма мекемесі, Орталық Ұлттар баспасы қатарлы мемлекеттің орындардан және Шыңжаңдағы баспасөзбен оқу-білім саласынан келген 30-дан астам тіл және аударма мамандары қатынасты. Олар бұл жиналыста жаңа терминдерді аудару мәселелерін талқылап, кең көлемде пікір алмастырды.

Орталық ұлттар аударма мекемесі парткомның төрағасы, мекеме бастығы Лан Жычи, Алтай аймақтық парткомның тұрақты мүшесі, Үгіт бөлімінің бастығы Лан Шыңшин, Буыршын ауданының әкімі Нұрбек Разбекұлы қатарлы басшылар Буыршында өткен ғылыми жиынның ашылу салтанатына қатынасты.

Айта кетейік, бұл жиналысты Орталық Ұлттар аударма мекемесінің орынбасар бастығы Бауыржан Нұрмолдаұлы басқарды.

Аталған жиналысқа қатысқан Орталық аударма мекемесі парткомның төрағасы Лан Жычи атау-терминдерді аударудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, тіл, жазу істері - қоғамдық, жалпы бұқаралық сипат алатын маңызды саланың бірі. Аударма қызметін ойдағыдай істеу Қытайдағы аз санды ұлттар үшін өте маңызды. Сәтті аударылған атаулар мен терминдер арқылы қарапайым халық заң-ережелерді дұрыс түсіне алады. Алдағы уақытта жаңа терминдерді дұрыс аударып, ұлттық аударма қызметінің маңыздылығын арттыру керек. Сол арқылы әр ұлт өкілдерінің мемлекеттік, тарихи, ұлттық көзқарасы және мәдениет, діни ұстанымын дұрыс орнатуына жетекшілік етуге болады.

Осы жолғы терминдерді қазақшаға аударуға байланысты жиналыс мемлекеттің ұлт қызметі саясатын дұрыс жүргізудегі нақты шараларының бірі. Бұл ғылыми конференция жаңа атау терминдерді аударуды ғылыми өлшемге түсіріп, елдегі қазақ тілі аударма істерінің дамуы жөнінен белсенді роль атқарады деп қортындылайды қытайлық БАҚ.

Қазақстанда халық саны артты - Parstoday

Қазақстан халқының саны 2022 жылдың бірінші жартысында 124000 адамға артты.

Халық саны ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін 19 млн 246 мың адамға жетті. Яғни, жыл басынан бері 124 мың адамға артты.

Бұл туралы осы аптада Parstoday ақпарат агенттігі Қазақстанның Ұлттық статистика агенттігі сілтеме жасап хабарлапты.

Ирандық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Қазақстан халқының саны ағымдағы жылдың бірінші жартысында 0,65 пайызға өскен. Тұрғындар саны бәрінен бұрын ел астанасы Нұр-Сұлтанда артқан. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындар саны 2022 жылдың 1 шілдесінде 1267005 адамға, Алматыда 2053009 адамға, Шымкентте 1127003 адамға жетті.

Баян-Өлгий аймағының футбол командасы Моңғолия чемпионы атанды - Kaznews

Футболдан Моңғолия президенті бастамасымен өтіп жатқан 21 аймақ арасындағы ел чемпионатының 1-лига ойындарының жартылай финалында Баян-Өлгий аймағының командасы Сэлэнгэ аймағының командасын 4:1 есебімен ұтып, алғаш рет финалға жолдама алды, деп хабарлайды моңғолиялық Kaznews ақпарат агенттігі.

Моңғолиялық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, матчтың 28 минутында Д. Нуршәрифтің пеналтиден соққан добы қарсылас команданың қақпасына тоғытылды. Сондай-ақ, команда капитаны Б.Мустафа 54 және 72 минутта, Д. Нуршәриф 69 минутта гол соқты.


Сэлэнгэ аймағының спортшысы Э.Дашдаваа қарымта шабуылда ойынның 64 минутында 1 гол соққан.

Ал 6 тамыз күні 1-лига ойындарының финалдық кездесуі өтеді деп жоспарланған. Финалда Баян-Өлгийлік аяқдопшылар Төв аймағының командасымен сайысқа түсетіні айтылған болатын.

Бүгін моңғолиялық қандасымыз Өмірбек Қабай facebook-тегі парақшасында Баян-Өлгий аймағы құрама командасының Моңғолия чемпионы болғаны туралы хабарлаған.

«Баян-Өлгий аймағының құрама командасы футболдан Моңғолия чемпионы атанды. Финалда 2:1 есебімен Төв аймағының командасынан басым түсті. 2023 жылы жоғарғы лигада өнер көрсететін болады», деп жазды Ө. Қабай.


Соңғы жаңалықтар