Қытайда WhatsApp бұғатталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кең қолданыстағы WhatsApp мессенджері Қытай аумағында бұғатталды. The New York Times-қа сілтеме жасаған ТАСС осылай хабарлайды.

WhatsApp - америкалық Facebook компаниясына тиесілі месенджер. Дәл осы әлеуметтік желі Қытайда 2009 жылы бұғатталған болатын. Басылымның жазуынша, мессенджер Facebook-тің Қытайда бұғатталмаған санаулы сервистерінің бірі еді.

Газеттің мәліметтері бойынша, осы жылдың шілдесінен бастап Қытайда WhatsApp-тың видеочаттары, сондай-ақ ол арқылы фотографиялар мен басқа файлдарды жіберу функциясы бұғатталған. О баста мәтіндік хабарламаларды жөнелтуге шектеу қойылмаған болатын. Бірақ Францияда орналасқан мәліметтерді шифрлауға маманданған Symbolic Software компаниясының сарапшысы Надим Кобейси қазір WhatsApp Қытайдың бүкіл аумағында жұмыс істемей тұрғанын айтады.

Кобейсидің сөзіне қарағанда, WhatsApp-тың мәтіндік хабарламаларын бұғаттау Қытай цензурасының мессенджерде пайдаланылатын мәліметтерді шифрлау технологиясына қауқары жететін арнайы бағдарлама жасағанын білдіруі мүмкін. Facebook компаниясы бұл мәселеге пікір білдіруден бас тартты.

2003 жылдан бастап Қытайда «Алтын қалқан» жүйесі (шетелдерде «Ұлы Қытай фаерволы» деген атпен белгілі) орнатылған. Ол қолданушылардың сайттар мен интернет-қызметтерге кіруін фильтрлейді. Бұған сәйкес, негізінен мемлекетке қарсы және «сезімталдығы» жоғары сайттар мен материалдар бұғатталады. Бұдан тыс, ҚХР үкіметінің бақылауынан сырт қалып келе жатқан әлеуметтік желілерге, сондай-ақ құмар ойындарымен байланысты контенттерге кіру де шектелген.

Қазіргі кезде Қытайда бұғатталған веб-сервистердің тізімінде: Google, Facebоok, YouTube, Instagram, Twitter, «Уикипедияның» барлық тілдегі сайттары, Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының сайты, шетелдердің түрлі БАҚ-дың ресурстары бар.

Соңғы жаңалықтар