Қытайда тұратын қандасымыз қара тастан домбыра жасады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қытайда тұратын қандасымыз шебер Мұқамет Әбділдабекұлы тастан домбыра жасап шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қытайдың «Орталық халық радиосына» сілтеме жасап.

Шыңжаңның Алтай аймағыдағы Айдартал ауылының тұрғыны Мұқамет Әбділдабекұлы бұдан он жыл бұрын жайлаудан салмағы 80 келі болатын қара тас тауып алады. Ол тауып алған тасты бірден тас базарына апарып, сатқысы келеді. Алайда қара тасқа қызыққан ешбір саудагер болмайды. Сосын Мұқаметте тастан қазақтың ұлттық аспабы домбыра жасау туралы идея туады.


Әуесқой шебер Мұқамет тәуекелге бел буып, қара тасты кесіп, қашап, майдалап, үлкен тастан домбыратының сұлбасын жасайды. Бұл жұмысқа жарты жыл уақытын жұмсайды.

«Домбыраны жасау мен ойлағанымдай оңай болмады. Әсіресе, домбыраның шанағын жасау ең қиын жұмыс болды. Тасты доғалдап қашап, онан майдалағанша 6 ай уақыт кетті. Кейде ұсақ тас қиыршықтары көзіме түсіп, көзімді аштырмай қалған күндер болды. Бірақ сонда да жұмысты жалғастыра бердім»,- дейді М. Әбділдабекұлы.


Мұқамет домбыра жасаушы шебер болмағандықтан, домбыра жасау туралы көптеген танымдық кітаптарды оқиды әрі халық арасындағы шеберлерден үйрене жүріп, тасқа домбыра ішегін тағып үн шығарудың сырын табады. Сөйтіп осы жылдың наурыз айының соңында тастан домбыраны толық жасап шығарды.

Домбырашы Заңғар Әділетұлы тастан қашалып жасалған домбыраны шертіп, таңғалғанын жасырмады.

«Мен бұл домбыраны тұңғыш көргенімде қайран қалдым әрі ерекше қуандым. Тасқа да тіл бітіп, әдемі үн шығады деп ойламаппын. Мұнда дәстүрлі домбыраның өзіндік ерекшелігі мен тас табиғаты өзара жарасым тауып, домбыраның үнін тіпті де әуелене түскен»,- дейді З.Әділетұлы.


Бұл күнде Әбитан қалашығы маңындағы ауыл-қыстақтардағы мереке-мейрам осы тас домбырасыз өтпейді.

«Мен қазір тастан көп туынды жасап, жаңа дәуірге жаңаша көзқараспен қарауды үйренудемін. Осы ісім арқылы саяхаттаушылардың ұлттық өнер мен техниканың қабысуына деген қызығушылығын арттырып, ұлттық мәдениетті дамытуға үлес қосқым келеді», - дейді М.Әбділдабекұлы

Қытайдық БАҚ-тың мәліметінше, тас домбыраның салмағы 3,58 келі.

Айта кетсек, Мұқамет Әбділдабекұлы Айдартал ауылындағы «Шаруалар шаттығы» демалыс үйінің қожайыны.


Соңғы жаңалықтар