Қытайда сотталған Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша апелляциялық сот отырысы 17 наурызда өтеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қытайда есірткі тасымалдады деген айыппен өмір бойы бас бостандығынан айрылған қазақстандық бойжеткен Ақжарқын Тұрлыбайдың қорғаушылары апелляциялық шағым түсірді. Бүгін апелляциялық сот отырысының 17 наурызда өтетіні белгілі болды. Бұл ақпаратты оның қорғаушысы Сұңқар Нұрмағамбетов хабарлады.

Гуанчжоу қаласында өтетін жиынға қорғаушы тарап пен Ақжарқынның туысқандары, ҚР СІМ өкілдері қатысады.

«Қытайда заңмен белгіленген уақыт аралығында Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты шыққан сот шешіміне апелляциялық шағым түсірдік. Қорғаушы тарап Ақжарқынның кінәсіздігін әлі дәлелдеуге тырысады. Алдын ала ақпарат бойынша, ҚР СІМ дипломатиялық жолдар арқылы Қытайдағы жоғарғы сот органдарына апелляциялық шағым жолдады. Шағым қаралатын күн белгіленген кезде қорғаушы тарап пен Ақжарқынның туыстары Қытайға аттанамыз», - деді С.Нұрмағамбетов.

Адвокат мәселенің оң шешімін табарына үміттеніп отыр.

Айта кетейік, 2014 жылы наурыз айында 20 жасар қазақстандық бойжеткен Ақжарқын Тұрлыбай Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оның сөмкесінен тәртіп сақшылары есірткі тапты. 1 жылдан аса уақытқа созылған сот процесінен кейін Қытай соты оны өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.

ҚР СІМ өкілдері Қытай мен Қазақстан арасындағы сотталғандармен алмасу бағдарламасына сәйкес оны отанына қайтару мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.

Соңғы жаңалықтар