Қытайда сағатына 600 км жылдамдықпен жүретін пойыз іске қосылмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайда сағатына 600 шақырым жылдамдықпен қозғалатын жүрдек пойызды іске қосу мүмкіндігі зерттелуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Жэньминь жибао» ақпараттық порталына сілтеме жасап.

«Қазір сағатына 400 километрден жоғары жылдамдықпен жүретін және рельсті өздігінен ауыстыра алатын пойызбен бірге, жылдамдығы сағатына 600 километр болатын магнитті қалқыма пойызды зерттеу үстіндеміз. Болашақта жолаушылар ұшқыр пойызға мінгенде, отбасылық кинотеатрда отырғандай сезінетін болады», - деді академик Диң Рұңжүн Мемлекеттік кеңестің ақпарат орталығында өткен жиын барысында.

Ғалымның айтуынша, әлемдегі ең жүрдек болатын бұл пойыздың энергия үнемдеуі бүгінгі қолданыстағы жылдам теміржол көліктерінен әлдеқайда алда болады.

«Энергияны сарп ету мөлшері адам басына шаққанда орта есеппен қазіргі уақыттағы  «Хышие» атты ұшқыр пойыздан 17% төмен болады», - дейді академик.

Диң Рұңжүннің сөзінше, Қытайдың қазіргі таңдағы ұшқыр пойыз саласындағы зерттеулері әлемдегі ең озық саналады.

Ол сондай-ақ зерттелу үстіндегі жаңа пойыздың ең басты артықшылықтарын атады. Пойыздың жылдамдығы артып қана қоймай, ұялы телефон сигналы да жақсара түседі. Онымен қоса, вагондарды кинотеатрларға барынша жақындату үшін, оның терезелері электронды экран етіп жасалмақ. Сөйтіп, жолда ұзақ болған жолаушылар діттеген жеріне шаршамай жететін болады.

Айта кетейік, магнитті қалқыма пойыздар басқаша магнитоплан немесе маглев деп аталады. Олар болат жолдармен магнитті өрістің күшімен қозғалады. Мұндай құрамдар, дәстүрлі пойыздармен салыстырғанда қозғалыс барысында рельстің үстімен жанаспайды. Себебі теміржол мен пойыздың арасында кеңістік болады. 

Фото: jj-tours.ru

 

Соңғы жаңалықтар