Қытайда өршіген коронавирус Қазақстан аумағында тіркелген жоқ - Бекшин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қытайда өршіп жатқан коронавирус Қазақстан аумағында тіркелген жоқ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қытай Халық Республикасында 23 қаңтарға дейін коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 571 жағдайы тіркеліп, 17 адам көз жұмды. Қытай эпидемиологтарының ақпаратына сәйкес, бұл инфекция Ухан қаласында орналасқан Хуанань теңіз өнімдерінің көтерме сауда базарларында таралуда. Ол жақта теңіз өнімдері мен жануарлар өнімдерін сататын 7 базар бар», - дейді Жандарбек Бекшин.

Ол бұл инфекцияның пайда болу және таралу жолдары нақты дәлелденбегенін атап өтті.

«Ауырған адамдардың көбі базарлармен байланысты болғандықтан баса назар аударып жатыр. Ол жерде біреу – сатушы, енді бірі – өндіруші, сатып алушы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұрын бұл инфекция адамнан адамға жұқпайтынын айтса, қазіргі уақытта адамнан адамға жұққан жағдайлар бар екенін айтуда. Вирус биік концентратты болған кезде адамнан адамға жұғады. Біз Ухан қаласындағы жағдайды тәулік бойы назарға алып жатырмыз. Қазіргі уақытта ҚХР жергілікті билігі бұл қаланы карантинге қойды», - дейді ол.

Сондай-ақ комитет орынбасары Қазақстанда бұл жағдайға байланысты қандай шаралар қолға алынғанын айтты.

«Ухан қаласы карантинге қойылды. Демек, қалаға кіруге де, шығуға да болмайды. Бұл – өте дұрыс шешім. Өз тарапымыздан қазақстандықтарға, әсіресе әуе жолымен жүретіндерге түсіндіру жүргізіп жатырмыз. Бас санитарлық дәрігердің 6 қаңтар күнгі қаулысы бойынша, Қытайдан келе жатқан жолаушылар термометриядан өтеді. Қазіргі таңда 13 мыңнан астам жолаушы термометриядан өтті. Инфекцияны анықтау жағдайлары тіркелмеді. Әуежайларда карантин пункті орналасқан. Ухан қаласынан Қазақстанға тікелей рейс жоқ. Бірақ Алматыдан ҚХР-ға - 5 рейс, Нұр-Сұлтан қаласынан 3 рейс бар. Осы рейстерге үлкен мән беріледі. Сондай-ақ, шекаралық жерлерде де жағдай қатаң бақылауға алынған. Екіншіден, ұшақтағы экипаж мүшелерімен жұмыс жасап жатырмыз. Оларға ауру белгілері қандай болатынын түсіндірілуде. Ұшақтар 6 сағаттан астам уақыт ұшады. Сол кезде жолаушылардың дене қызуы көтерілсе, жөтелсе, ентіксе, бойын әлсіздік билесе – мән берулері керек. Тұмау мен коронавирустық инфекцияның белгілері ұқсас, осы жағынан анықтауға қиындық туады», - деді Ж.Бекшин.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан Қытайдағы коронавирусқа байланысты шекарада бақылау шараларын күшейткенін жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар