+7 (701) 759 90 19
USD 426.32 EUR 496.24
RUB 6.04 CNY 66.74
Jańalyqtar

Қытайда қыздар Димашқа қазақ тілінде хат жазып, сезімін білдіріп жатыр

2017 жылғы 4 ақпан 18:55
Бөлісіңіз:
Қытайда қыздар Димашқа қазақ тілінде хат жазып, сезімін білдіріп жатыр

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытайда жанкүйерлер Димаш Құдайбергенді бір көріп қалу үшін оның әуе рейсіне билет сатып алып жүр. Тіпті қазақ тілінде хат жазып,сезімін білдіріп жатқандар да бар. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісіне берген сұхбатында әншінің досы әрі ресми өкілі Алпамыс Шаримов айтып берді.

«Чанша қаласында біз арнайы күзетілетін ғимаратта тұрамыз. Мұнда Димашты ылғи да бір топ жанкүйер күтіп алып жатады. Димаш көбіне олардың сағаттап күткен еңбегін елеп, көлікті тоқтатуды сұрайды; олармен суретке түсіп, автограф таратады. Жанкүйерлер бұл ілтипаты үшін оған дән риза болып жатады», - дейді ол.

Қытайда қыздар Димашқа қазақ тілінде хат жазып, сезімін білдіріп жатыр

Алпамыстың айтуынша, Хунань провинциясындағы Чанша қаласынан тыс аумақта ол екеуі қонақ үйлерден жиі-жиі көшіп тұруға мәжбүр. Себебі онда жиналып алатын жанкүйерлер қонақ үйдің әкімшілігіне және қонақтарына кедергі келтіріп жатады.

«Қытайлық жанкүйерлер Димаштың ел ішінде ұшу кестесін біліп алады да бір көріп қалу үшін оның рейсіне арнайы билет сатып алады. Біз үшін бұл таңсық жай. Әуежайларда Димаш қара көзілдірік тағып, күләпарасын басып киіп алады. Сонда да сансыз жанкүйерге байқатпай жүру өте қиынға түсіп жатыр. Әуежайлардың, вокзалдардың қызметкерлері де оны танып жатады», - дейді Шаримов.

Сондай-ақ, ол әншіге күн сайын кәдесыйлар мен түрлі тәттілер тарту етіліп жататындығын айта кетті.

«Біз оларды ашып көріп үлгермей жатамыз. Көптеген хаттар қытай, ағылшын және қазақ тілінде келеді», - дейді әншінің досы ҚазАқпарат тілшісіне екі дана хатты көрсетіп отырып.

«Димаш, саған осынша әнді тарту еткенің үшін мың рахмет! Байқау кезінде адамға түсетін ауыртпалық аз болмайды, сондықтан сен өзіңді күтуге тиіссің. Сен не істесең де біз әрдайым қолдап, қасыңнан табылатын боламыз. Сен қашан да біз үшін ең сүйікті әншіміз болып қаласың», - деп жазған бір жанкүйер бойжеткен ағылшынша.

Ал өз атын LYW деп көрсеткен тағы бір ару «Мен сені сүйемін» деген хат жолдаған.

Алпамыс Шаримовтың айтуынша, Хунань телеарнасының талабына сәйкес Димаш Құдайбергенге «I ama singer» байқауы аяқталғанша БАҚ өкілдеріне сұхбат беруге болмайды. Сондай-ақ ол көшеде әншіні жұрттың қалай танып қалып жататыны түсірілген видеороликті ұсынды.

Еске сала кетейік, бүгін Астана уақыты бойынша 22.05-те Хунань телеарнасының эфирінен «I am a singer» байқауының 3-кезеңі көрсетіледі.

Димаш Құдайберген бұл жолы Queen тобының «Show must go on» әнін орындады. Басқа да байқау қатысушылары секілді Димаш та сахнаға гитарашылармен бірге шыққан еді және үшінші орын алды.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Ербол Жанат

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT