Қытайда коронавирустың өршуіне байланысты Гонконгта әлеуметтік нысандар жабылды

None
None
ГОНКОНГ. ҚазАқпарат – Қытайдың Ухан қаласында коронавирустың өршуіне байланысты Гонконг билігі жұмыс берушілерден өз қызметкерлеріне сәрсенбіден бастап үйден жұмыс істеуге рұқсат беруді сұрады. Бұл туралы ҚазАқпарат Hong Kong Free Press-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Гонконгтың демалыс және мәдени қызмет департаменті сейсенбі күні таңертең мынадай нысандардың жабылатынын ескертті: барлық спорт орталықтары; спорт алаңдары; футбол алаңдары; теннис корттары; сквош ойындарына арналған алаңдар; боулинг ойындарына арналған алаңдар; гольф алаңдары, қоғамдық бассейндер; жағажайлар; Tuen Mun демалыс және спорт орталығы; су спорт түрлері орталықтары мен демалыс лагерьлері.

Сондай-ақ, мәдени нысандар - музейлер, концерт алаңдары, кітапханалар мен оқу бөлмелері, Music Office мобильдік кітапханасы мен музыкалық орталықтары жабылады. T-Park сияқты қоршаған ортаны қорғау департаментінің нысандары да жұмыс істемейді. Бүдан бөлек, екі аптадан кейін Гонконгта өтетін марафон коронавирустың өршуіне байланысты тоқтатылды. Бұл шара 2 ақпанға дейін енгізілген.


«Денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтау орталығы қазіргі уақытта 451 адам коронавирус жұқтырғанын мәлім етті. Билік сегіз адамның індетке шалдыққанын растады. Дүйсенбі күнгі мәліметтер бойынша 276 адамның коронавирусқа шалдықпаған болып шықса, 167 адам әлі де тексеруден өтуде», - деп хабарлайды Hong Kong Free Press.

Еске салайық, 31 желтоқсанда Қытай билігі елдің орталық бөлігінде орналасқан Ухан қаласында белгісіз пневмонияның өршуі туралы ақпарат таратқан еді. Мамандар аурудың қоздырғыштарын анықтады, бұл 2019-nCoV коронавирус болып шықты. Құрлықтық Қытайдан басқа Гонконг, Макао, Тайвань, Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Германия, Вьетнам, Сингапур, Непал, Франция, Аустралия және Малайзияда ауру жұқтырғандар тіркелген. Қытайда коронавирус ауруымен ауырғандар саны соңғы мәліметтер бойынша 5 974 адамды құрап отыр, одан 132 адам көз жұмса, ауруханадан 103 науқас шығарылды.


Соңғы жаңалықтар