Қытайда коронавирус жұқтырған адамдардың 65 пайызы емделіп шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қытайда коронавирус инфекциясын жұқтырған 52 мың адам емделіп, ауруханадан шыққанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирусқа қатысты күнделікті ақпараттарды уақтылы беріп жатырмыз. Өкінішке қарай, соған қарамастан халық арасында, әлеуметтік желілерден әртүрлі мәліметтер келуде. Мысалы бүгін уатсапта «Нұр-Сұлтанда екі Қытай азаматы қайтыс болды» деген, кеше «Алматыда ауру Қытай азаматтары емделіп жатыр» деген де жалған ақпарат тарады. Өңірлерден де осындай ақпарат келіп жатыр. Біздің негізгі міндетіміз – еліміздегі түрлі аурудан, инфекциядан қорғау, ашық әрі толық ақпарат беру», - деді министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Елжан Біртанов коронавирус бойынша қазіргі әлемдегі ахуал туралы да мәліметтермен бөлісті.

«Қытайда 80 мыңнан астам науқас тіркелді. Соңғы күнде 0,18 пайыз қосымша өсіммен науқастардың тіркелгені белгілі болып отыр. Бірақ ауруханалардан шыққан азаматтардың саны 52 мыңнан асты. Яғни бүкіл науқастың 65 пайызы емделіп шықты. Өкінішке қарай дүние жүзіндегі 79 мемлекетте 14 мыңнан астам науқас тіркелді. Қазіргі таңда Қазақстанда коронавирус инфекциясымен науқастанған адамдар тіркелмеді. Мұндай диагноз әлі ешкімге қойылған жоқ», - деді ол.

Министр өз сөзінде 20 ақпаннан бастап коронавирус инфекциясы бойынша қауіпті мемлекеттер үш санатқа бөлінгенін еске салды.

«Осы санаттар бойынша бақылау жұмыстары жүргізілуде. А және Б санаттары бойынша 900-ден астам азамат карантинге жатқызылды. Үшінші санаттағы 7515 азамат бақылауда. Жалпы түрлі мемлекеттен келген 8 мыңға тарта азамат қазір біздің денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Ауру басталғалы бері біздің арнайы Ұлттық сарапшылық лаборотория үш мемлекеттен қажетті лабороторлық тестті алды. Қазіргі күні 11 мың адам тексеріс тестінен өтті. Барлық тест нәтижесі жақсы. Коронавирус табылмады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар