Қытайда коронавирус вакцинасының 700 млн-нан астам дозасы егілді

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытайда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның 700 млн-нан астам дозасы егілді. Бұл туралы бейсенбі күні ҚХР Денсаулық сақтау істер жөніндегі мемлекеттік комитеті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Салалық ведомствоның мәліметінше, 2 маусымдағы жағдай бойынша елдің 31 провинциясында (автономды аудандар, қалалар) және Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусында коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның жалпы алғанда 704 826 000 дозасы салынды.

Кеше Қытайдың құрлықтағы бөлігінде COVID-19 жұқтыруға қатысты 24 жаңа оқиға тіркелді (соның ішінде 15 оқиға – локальді), инфекциядан ешкім өлмеген. Вирусты жұқтырудың 15 локальді оқиғасы Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясында анықталған.

Осыған байланысты 2 маусымда Гуанчжоу қаласының екі ауданында коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық қауіп деңгейі жоғары деп бағаланды.

Мамыр айының басында қытайлық БАҚ Қытайда коронавирус жұқтыру қаупінің жоғары және орташа деңгейі бар аудандар қалмағаны туралы хабарлаған.

Соңғы ресми деректерге сәйкес, Қытайдың құрлықтағы аумағында COVID-19 вирусына шалдыққан пациенттердің 94,51 пайызы сауығып шықты. 2019 жылдың желтоқсанынан бастап коронавирус жұқтырғандар саны 91 мың адамнан асты. Өлім-жітім көрсеткіші 5,08 пайыз (коронавирустан 4 636 адам өлді).


Авторы Руслан Сүлейменов


Соңғы жаңалықтар