Қытайда қазақ тілінің мәртебесін көтерген сайыс өтті - Шет елдердегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ халқының үштен бірі тағдыр жазуымен шет мемлекеттерде өмір сүріп жатыр. Бұл өз кезегінде шет елдегі қазақ тілді БАҚ-ты қалыптастырды.

Шеттегі қазақтар көп шоғырланған Шынжаң өлкесінде  тұңғыш қазақ тілді газеттің оқырманмен жүздесуі 1935 жылдан бастау алса, қазақтілді радио 1955 жылы эфирге шығыпты. Ал қазақ тіліндегі телеарна 1985 жылдан бері өз көрермендеріне тұрақты қызмет етіп келеді.

Моңғол мемлекеті сондағы қазақтардың ақпараттық қажет­тілігін қанағаттандыру мақсатында Орталық комитеттің хатшылар кеңесінің 1931 жылғы 28 қарашадағы №59 қаулысымен қазақ тілінде басылым шығаруды Оқу ағарту министрлігіне міндеттеген. Содан бастап мерекелік ұрандар «Үнэн» газетінде қазақша басыла бастаған. Моңғолия қазақтарының «Өркендеу» атты  алғашқы қазақ тілді газеті 1941 жылдың 19 желтоқсанынан бастап латын әліпбиімен жарық көрген.

Ирандағы қазақ радиосы 1996 жылы 20-маусымда ресми түрде жұмыс жасай бастаған.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған елдің бірі - Түркия қазақ тілінде хабар тарата бастағалы оншақты жылдың жүзі болыпты. Бүгінгі таңда Түркияның шетелге бағытталған радиохабарларын тарату қызметі (ТРТ) «Түркия үні» радиосы арқылы жүргізіледі. Бүгінде барлығы 32 тілде хабар тарататын «Түркия үні» радиосы (Voice of Turkey) қазақ тіліндегі өз хабарларын қысқа толқынды таратқыштар, жерсерігі және интернет арқылы әлемнің барлық жеріне жеткізе алады. Шетелдегі қазақ тілінде хабар тарататын радиостанциялар арасынан АҚШ-тың қаржыландыруымен әлемнің 28 тілінде хабар тарататын «Азаттық» радиосы 60 жыл бойы хабар таратып келе жатыр.

Қазақ мемлекетінің бет-беделі артқан сайын шет мемлекеттерде қазақ тілінде хабар тарататын басылымдардың саны көбейіп келе жатқанын байқаймыз. Мемлекеттік тілдің  мәртебесі - күнделікті өмірде мемлекеттік тілдің қызмет ету аясының кеңеюі мен шет елдерде қазақ тілін қолданушылардың көбеюімен арта түсері анық. Қазақ тілінің аясын кеңейтуде шетелдегі қандастарымыздың алар орны бөлек. Олардың ана тілінен айырылмауы, ата жұртымен рухани байланысының үзілмеуі қазақ тілінің өзге елде қанат жаюына өзіндік үлес қосары сөзсіз. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі осы рухани жіпті жалғастырып, елдегі жаңалықтарды шеттегі қандастармен, қандастарымыздың жаңалықтарын ата жұртқа жеткізуде алтын көпір іспетті рөл атқарып келеді. Бүгін біз соңғы күндері шетелдегі қазақ тілді БАҚ-тарда жарық көрген өзекті жаңалықтарға шолуды ұсынамыз.

****
1 

Қытайда қазақ халқының ұлттық құндылықтары ұлықталған мереке өтті

Жақында қытайдың Гансу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялық ауданында тұратын қандастарымыз ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған мерекелік шара ұйымдастырды. Бұл туралы қытайдың мемлекеттік «Халық гезетінің»  kazakh.people.com.cn  ресми сайты жазады.

«Ақсай ауданында тұрып жатқан қазақтар 1 мамыр - Халықаралық еңбекшілер күнін атап өте отырып, ұлттық мәдениетімізді дәріптейтін мерекелік шара ұйымдастырды. Оның барысында аламан бәйге, қыз қуу, көкпар тарту сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.  Сонымен бірге қазақ әнін әуелеткен Ақсай аудандық ән-би ұжымының концерті де көпшіліктің ықыласына бөленді», деп жазыған сайттың төтежазу нұсқасында.

Аталмыш БАҚ-тың жазуынша, Ақсай ауданы биылғы мамыр айынан қазан айына дейін 6 рет ат бәйгесін өткізуді жоспарлап отыр. Олардың барысында аламан бәйге, құнан бәйге, жорға жарыстарынан бөлек, қыз қуу, көкпар тарту, ат үсті өнері секілді ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ қазақ тағамдарын дәріптеп, ұлттық ән-биімізді арқау еткен концерттік бағдарламарды көрсетуді мақсат етуде. Аудан халқы ұлттық мәдениетімізді өзге ұлт өкілдеріне көрсету арқылы жергілікті туризмді дамытуға ден қоймақ.

***

6

Ұланбатырда бүлдіршіндердің «Өнер сайысы» өтеді

Моңғолия астанасы Ұланбатырда 6-15 жас аралығындағы бүлдіршіндер арасында "Өнер сайысы" ұйымдастырылады. Бұл туралы  Моңғолиядағы қандастарымыздың KAZNEWS  ақпараттық сайтында хабарланды. «Аталған сайысқа ән айтып, би билейтін, музыкалық аспаптарда ойнайтын және басқа да өнерлері бар балалар қатыса алады. Сайыс 2 кезеңнен тұрады, яғни 2-сыналудан сәтті өткен балалар 2017 жылы 30 мамырда қойылатын "Гала концертке" қатысады», деп жазады дереккөз.

5 

Моңғолиядағы қандасымыз Бранденбург университетінің грантын ұтып алды

KAZNEWS сайтында жарық көрген келесі ақпаратта Моңғолиядағы қандасымыз Еркеқұлан Бағдатұлының  Бранденбург университетінің грантын ұтып алғандығы туралы сүйінші жаңалық жазылған.

«Менің шетелде халықаралық оқу орындарына оқуыма жаңа мүмкіндік туды. Италиядан және Германиядан грант ұтып алдым. Қазір Моңғолия - Германия бірлескен Технологиялық университетінде математика пәнінен сабақ беріп жүргендіктен, Германияда докторлық дәрежеде оқуды таңдадым. Бранденбургтегі математикалық зерттеу жұмыстарына өзімнің қолтаңбамды қалдырсам деген арманым бар. Мені әріптестерім жылы қабылдайды дегенге сенемін», - дейді Еркеқұлан Бағдатұлы.

7

Сирия келіссөздерінің жаңа кезеңі АҚШ-тың әскери шараларының ықпалында өтті

Осы тақырыппен иранның   parstoday.com   сайтында мақала жарық көрді. Онда, Сирияға қатысты Астана келіссөздерінің төртінші кезеңіне қатысушылардың құрамына тоқтала келіп, осы кезеңнің Астана келіссөздерінің үшінші кезеңімен салыстырғанда көбірек кедергілерге ұшырағандығы айтылған.  

«Астанадағы 4-келіссөздің келесі маңызды кедергісі сириялық қарсыластардың қайталамалы әрекеттері болды. Сириялық қарсыластар келіссөздердің осы кезеңінде де Астана келіссөздерінің үшінші кезеңіндегідей бүлдіргі әрекеттер жасады. Кейбір хабарлар бойынша, сириялық қарсыластар кеше Астанадағы келіссөздерді кейінге қалдырып, бүгін қосылатын болады. Басқа ақпарат құралдарының хабарлауы бойынша,  сириялық қарсыластар кеше Астанада болған, бірақ келіссөздерден шығып кеткен.  Қарсыластар олардың бақылауындағы аудандарға әуе шабуылдарын жасау тоқтатылған кезде ғана келіссөздерге қатысатынын айтқан деседі. Мұндай бүлдіргі әрекеттер бәрінен бұрын АҚШ-тың аш-Шайратқа шабуылы мен Израильдің Сирияға шабуылдарынан туындаған үміттерге негізделген сияқты. Астанадағы 4-келіссөзді АҚШ-тың жаңа үкіметінің соңғы екі айдағы амал-әрекеттері салдарынан басталмай жатып жеңіліске ұшырады деп айтуға болады. Бұған қарамастан, келіссөздер Сирия дағдарысын шешу жолдарын табудың ең маңызды тәсілдерінің бірі болып қала береді. Келіссөздерді жалғастыру АҚШ-тың сәуір айындағы Сирияға қарсы әскери амалының салдарларын азайтып, Сирия дағдарысына қатысты келісімге келу туралы үміттерді арттыра алады», деп жазылған мақалада.

***
3 

Қытайда өзге ұлт өкілдері қазақтың тілін, мәдениетін білуден жарысты

Қытайдың CCTV орталық телеарнасының kazakh.cctv.com   ресіми сайтында  Қытайдың жоғары оқу орындарында оқып жатқан  өзге ұлт студенттері арасында қазақтың тілін, мәдениетін білуден сайыс өткендігі туралы ақпарат жарық көрді.

Қазақ тіліне үлкен қызығушылық танытып, құрмет көрсеткен бұл шараны Шыңжаң тіл-жазу комитеті, Бейжіңдегі Орталық  ұлттар университетінің қазақ тілі және әдебиеті факультеті, Шынжаң университеті, Іле педагогика университеті және Қытай тілдер университеті сынды білім ордалары ұйымдастырған.

«Үрімжі қаласындағы Шыңжаң университетінде өткен  сайысқа Қытайдың жоғары оқу орындарында қазақ тілі мамандығы бойынша білім алып жатқан өзге ұлт жастары қатысты. Қазақ тілінің аламан бәйгесінде 24 студент бағы мен бабын сынады. Қатысушылардың деңгейін әр қырынан сынаған байқау бірнеше кезеңге бөлінген. Олар жазбаша, ауызша емтихан тапсырып, қытай, қазақ тілдерінде ауызекі аударма жасау, берілген қазақша мәтінді жатық оқып, мазмұндап беру, берілген тақырып аясында мақала жазу түрлері бойынша сынақтардан өтті. Байқау барысында қазақ мәдениеті мен ұлттық дәстүріне және қазақша жаңа атау, терминдерге басымдық берілді», деп жазады дереккөз. 

4 

Соңғы жаңалықтар