Қытайда «Қамшы» фильмі шықты, Моңғолияда қазақ жазушысы мемлекеттік атақ алды - Шетелдегі қазақ баспасөзі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қытайдың Шыңжаңы мен Қазақстан кәсіпкерлерінің онлайн кездесуі өтті - «Халық газеті»

23 қарашада онлайн режимінде Қытайдың Шыңжаңы мен Қазақстан кәсіпкерлерінің қызмет көрсету саудасы бойынша онлайн кездесетін арнайы іс-шарасы өтті. Бұл биылғы осы саладағы екінші іс-шара, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті» ақпараттық порталы.

Бұл жолғы онлайн сәйкестіру іс-шарасы тікелей бейнетрансляция түрінде өткізілді және Қытай мен Қазақстаннан 120-дан астам қатысушы компания үш топқа бөлініп, онлайн режимінде қосылды.

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, серіктестерді іріктеу іс-шарасында Қытай мен Қазақстаннан келген 32 компанияның өкілдері ынтымақтастыққа тарту үшін бағдарламалық қамтамасыз етуді зерттеу мен әзірлеуге, анимация дизайнына, ақпараттық технологияларға, мәдени шығармашылыққа, қаржылық қызметтерге, халықаралық медициналық технологияларға, халықаралық логистикаға және қызмет көрсету саудасының басқа да салаларына баса назар аударды.

Моңғол президенті жазушы Сұлтан Тәукейұлына мемлекеттік атақ берді – Kaznews

Республика күніне 98 жыл, Ұлы император Шыңғыс ханның туғанына 860 жыл, «Моңғол мақтаныш» күніне орай Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх жарлық шығарып бірқатар азаматтарға мемлекеттік жоғарғы атақ, орден, медаль табыстады.

Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің жарлығы бойынша Моңғолия Мәдениетіне Еңбек сіңірген қайраткер Сұлтан Тәукейұлына «Халық жазушысы» атағы берілді, деп хабарлайды «Kaznews» ақпараттық агенттігі.

Аталған басылымның дерегінше, Сұлтан Тәукейұлы мемлекетке 60жылдан астам еңбек етіп, көптеген мақала, повесть, роман, драма, кинофильмдер жазып, қазақ халқының әдебиетін халықаралық деңгейде танытуға бар өнерін арнады.

Сондай-ақ, «Моңғолдың құпия шежіресі», «Ежелгі Моңғол патшаларының ұлттық энциклопедиясы» сияқты тарихи дереккөздер, «Моңғол халық мақал-мәтелдері», «Моңғолия Конституциясы» қатарлы туындыларды қазақ тіліне аударып, қазақ оқырмандарына ұсынған.

Сонымен қатар, «Құран кәрім», «Ислам туралы негізгі мәліметтер», Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» қатарлы туындыларды моңғол тіліне аударып, халық ағарту ісіне зор үлес қосқан.

Айта кетейік, халық жазушысы Сұлтан Тәукейұлы 1944 жылы 17 қарашада Монғолияның Баян-Өлгий аймағында туған.1966 жылы Моңғолия университетін бітірген. Экономика ғылымының кандидаты. Мемлекет, қоғам қайраткері. Моңғолия халық республикасында Сауда министрлігі департаментінің бастығы, аудандық, қалалық, аймақтық партия комитеттерінің екінші және бірінші хатшысы болған.

Моңғолия Республикасының Парламент мүшесі болып сайланған. Моңғолияның Венгрия, Австрия елдеріндегі төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған.

Сұлтан Тәукейұлы мемлекеттік жауапты қызметтерде жүріп, 1964 жылдан бастап әдебиетпен шұғылданып, проза, драма, аударма жанрларында жемісті еңбек етіп келеді. Оннан аса кітаптың авторы.Шығармаларын екі тілде – қазақ және монғол тілдерінде жазады.

Сондай-ақ осы аптада «Kaznews»-те «Қытайдан Мәскеуге бағытталған жүк көліктерінің алғашқы легі Баян-Өлгий арқылы өтті» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді. Моңғолиялық БАҚ-тың мәліметінше, Қытайдан Мәскеуге бағытталған жүк көліктерінің алғашқы легі Баян-Өлгий арқылы өткен.

Белгілі болғандай, 2022 жылдың 20 қарашасында Қытайдың Тайкешкен портынан Ресей Федерациясының Мәскеу қаласына жеткізілетін жүктің бірінші легі Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында орналасқан Цагаануур порты арқылы өтті.

Бұл туралы Баян-Өлгий аймағы әкімінің баспасөз қызметі хабарлаған.

«Цагаануур қалашығынан Ресей шекарасына дейінгі 25,5 шақырым жолдың құрылыс жұмыстары аяқталып, Тайкешкен(ҚХР)-Булган-Ховд-Өлгий-Цагааннуур-Ташанта(РФ) бағытандағы N-4 халықаралық транзиттік жол толық пайдалануға берілген болатын», деп жазады «Kaznews».

Қытайда «Қамшы» фильмі жарық көрді - CNR

Жақында ғана «Тияншан» киностудиясы жасаған,Дұң Шинуын, Гау Хуаңгаң сценариін жазған «Қамшы» фильмі Жинжи Байхуа фестивалінде қойылды, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық порталы.

Қытайлық басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, бұл фильмде Алтайдағы «Жазда ат мінетін, қыста қаршаңғы тебетін» ерекше денешынықтыру сабағы арқау етіліп, кішкентай Аңсардың арман қуып, атамекенінің ат мәдениетін жалғастыру үшін үлес қосқан әңгімесі баяндалған.

Айта кетейік, қытайлық басылымдарың дерегінше, Қытайдың Алтай қаласы мұз және қар спорты түрлеріне белсенді қатысуға даярлау үшін балаларға көбірек мүмкіндік береді. Қыс басталғанда Алтай қаласы қар-шаңғы алаңында орта мектеп оқушылары ақысыз және жеңілдетілген түрде пайдалануға мүмкіндік алады. Оқушыларды тауда шаңғы теуіп үйренуге ынталандыру үшін 18 жасқа дейінгі мектеп түлектерінің шаңғы тебуіне барынша жеңілдіктер жасалған.

«CNR»-дің дерегінше, «Қамшы» деп аталатын бұл фильм шыңжаңдық жәсөспірімдердің ат спортына ерекше ынтасын, ат байгесінің шабандозы болуға деген талпынысын жан-жақты бейнелеген. Сонымен қатар, аталған фильмде табиғаттың көркем көрінісі және салт-дәстүр мен ұлттық спорт көрсетілген.

Өзбекстанда криптовалюта қызметі заңды түрде жолға қойылды - «ӨзА»

«Өзбекстан крипто-активтердің айналымын реттейтін заңнамалық базасы жақсы қалыптасқан санаулы елдердің бірі болып табылады. Бұл екі компания ТМД және Орталық Азиядағы алғашқы крипто-дүкен болды», деп мәлімдейді өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі ӨР перспективалық жобалар ұлттық агенттігіне сілтеме жасап.

Аталған басылымның мәліметінше, 2022 жылдың 31 қазанында күшіне енген ережелерге сәйкес, крипто-дүкен клиенттерге электронды платформаға немесе сауда объектісіне (офлайн) кіру мүмкіндігін беру арқылы крипто-активтерді сатып алу/сату операцияларын жүзеге асырады.

Ерлан Асқарұлының«eClinic»аппликейшні моңғолиядағы ең үздік мобайл қосымша деп танылды - Kaznews

Жылдың ең үлкен цифрлық өнімді анықтауға арналған «Цифрлық өнім конференциясы 2022» жобасы бойынша Ерлан Асқарұлының қарамағаныдағы Eclinic аппликейшні «Үздік цифрлық өнім – мобильді қосымша» ретінде марапаттады, деп жазады «Kaznews» ақпараттық агенттігі.

Бұл марапат – тұтынушылардың уақытын үнемдегені, жұмысын жеңілдеткені, ақылды шешімдер ұсынғаны, денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділікті арттырғаны және мүлдем жаңа келбет қосқаны үшін берілді екен.

Аталмыш аппликейшнді құрастырушы компанияның директоры Ерлан Асқарұлы «Бізге сенім артқан барлық тұтынушыларымызға алғысымызды білдіреміз» -деп қуанышымен бөліскен.

Қазақстан-Түркия қатынастары туралы YTB төрағасы ның мақаласы жарияланды - TRT

Осы аптада Түркия Радио Телевизия порталында «Қазақстан-Түркия қатынастары және YTB» деген тақырыптағы Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқармасының (YTB) төрағасы Абдуллах Эреннің мақаласы жарияланды.

Аталған мақала «Ежелден келе жатқан дәстүрін сақтай отырып, заман ағымына сүрінбей ілесіп келе жатқан дос және бауырлас Қазақстан қашанда жүрегімізде ерекше орынға ие. Тәуелсіздігін жарияланған күні Түркия мойындаған Қазақстан Республикасының сол кезден бері жүргізіп жатқан тұрақты саясатын мақтанышпен көріп келеміз және қолдап жүреміз» деп басталған.

Жазба авторының пікірінше, Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар әлдеқайда терең әрі берік құндылықтарға негізделген деп айтуға болады. Екі ел, былайша айтқанда, бір үйдің екі баласындай. Олардың тамыры бір және тарихтың өте көне дәуірлерінен бастау алады.

Мақалада жазылғанындай, тарихтағы оқиғалар екі елдің әртүрлі тәжірибе жинақтауына негіз болғанымен, мәдени жақындық ешқашан үзілмеген. Бүгін екі ел арасындағы бауырластықты нығайта түсетін тарих пен өркениеттің ортақ мұрасын өңдеп, осы мұрадан қуат алатын ұлы жобаларды жүзеге асыратын кез келді, деген ойын тілге тиек етеді автор.

Сонымен қатар, Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқармасы (YTB) бірдей мәдени кодтар аясында әлемдегі барлық қауымдармен орнатқан қарым-қатынастарын Түркістан географиясында да жалғастыруда. Осы өңірдегі дос және бауырлас халықтарға көрсеткен ерекше жақындығымыз Қазақстанға келгенде ең жоғары деңгейге жетеді, деп жалғасады аталған жазба.

Баян-Өлгий спортшысы пара-таэквондодан алтын иеленді - Janadauir.com

Қарашаның 19-20 күндері Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында өткен халықаралық пара-таэквондо жарысында Баян-Өлгий қаласының спортшысы Х.Темірбек алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды моңғолиялық janadauir.com порталы.

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Темірбек үстіміздегі жылдың 23-тамызында Вьетнамның Хошимин қаласында өткен пара-таэквондодан 7-ші Азия чемпионатында ерлер арасында 58 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғап, қола медальды қанжығасына байлаған.

«Темірбектің осындай жеңіске жетуіне «Арман» таеквонда клуыбының жаттықтырушысы Ерұлан Шөленұлының үлесі зор. Құттықтаймыз», деп жазады janadauir.com порталы Баян-Өлгий аймағының спорт денешынықтыру басқармасына сілтеме жасап.

Ирандық компаниялар қазақстандық ирантану бөлімі түлектерін жұмысқа алуға әзір - Parstoday

16 қарашада Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінде Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулы Мохсен Фағани және Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы жанындағы мәдени өкілдіктің басшысы Мәжит Әлигәрмен кездесу болды.

Бұл туралы осы аптада Иранның Parstoday ақпарат агенттігі хабарлады.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, бас консул факультет деканымен болған кездесуде Қазақстанда парсы тілін оқыту мен таратуға байланысты туындап отырған кейбір қиындықтар туралы әңгімелеген.

Бас консулдың айтуынша, Ирантану бөліміне түлектерді оқуға тарту үшін Қазақстанның Білім беру бағдарламаларында парсы тілі бойынша арнайы грант бөлу мәселесін көтеру жөнінде ұсыныс жасады және қазақстандық жастар Иран университеттерінде бакалавриат, магистратура және докторантурада грантта оқи алады. Сонымен қатар ол Иранның Білім, Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі парсы тілі мен әдебиеті оқытушыларын жіберуге дайын екендігін мәлімдеген.

Parstoday-дің келтірген дерегіне сүйенсек, бас консул ирантану бөлімі түлектерін жұмыспен қамтамасыз етуге Қазақстандағы Иран Ислам Республикасы елшілігі қолдау көрсетуге әрқашан дайын екенін тілге тиек еткен. Сондай-ақ Қазақстанда жұмыс істеп жатқан 5 ирандық компания ирантану бөлімі түлектерін жұмысқа алуға әзірліктерін білдіріп отырғанын және Иран мен Қазақстан арасындағы байланыстар соңғы кездері ерекше қарқын алып, соңғы 6 айда Қазақстанға Ираннан 50-дей компания, 5 ресми делегация келгенін айтқан.


Соңғы жаңалықтар