Қытайда бір тәулікте 33 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырды

None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Құрлықтағы Қытайда өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 32 943 жаңа жағдайы анықталды. Бұл туралы жұма күні ҚХР Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі мемлекеттік комитеті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Ауру жұқтырушылардың 29 840-ы – симптомсыз тасымалдаушылар, 3 103 адамда коронавирус расталған.

Соңғы күндері Гуандун, Хэбэй провинцияларында, сондай-ақ Чунцин мен Бейжіңнің орталық қалаларында ауруға шалдыққандар саны артқаны байқалды.

Қытай астанасының билігі тұрғындардан күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты үйінен шықпауды өтінді.

Бейжіңде қараша айының басынан бері 10 мыңнан астам адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды.

Қараша айынан бастап Қытайдың барлық дерлік аймақтарында коронавирус жылдам тарап, ауру жұқтырғандар саны артып жатыр.

Материктік Қытайда коронавирус жұқтырушылардың максималды өсімі екінші күн қатарынан жаңарып отыр.

24 қарашада елде COVID-19 инфекциясының 31 мыңнан астам жағдайы тіркелді.

Еске сала кетейік, Қытайда соңғы 6 ай ішінде алғаш рет коронавирустан болған кісі өлімі 22 қараша күні тіркелген болатын.

Фото: russian.news.cn


Соңғы жаңалықтар