Қытай Ұлттық кітапханасы Қазақстан туралы жаңа кітаптармен толықты

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Бүгін «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшісі Шахрат Нұрышев Қытай Ұлттық кітапханасына Қазақстан туралы кітаптарды табыс етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.

Кітапхана қорына Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың былтыр қытай тілінде жарық көрген таңдамалы еңбектері жинағы, ағылшын жазушысы әрі саясаткері Джонатан Айткеннің «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның құрылуы» кітабы, «Сұлу Қазақстан - Сұлу Қытай» фотоальбомы, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі басқа да кітаптар табысталды.

Қытай Ұлттық кітапханасының директоры Хань Юнцзинмен әңгімеден кейін елші Ш. Нұрышев 2016 жылғы желтоқсанда ашылған қазақ әдебиеті бұрышын барып көрді.

«Бүгін біз Қазақстан жайындағы кітаптар тұрған шетел әдебиеті залын көріп, былтыр еліміз жайлы қытайша жарық көрген кітаптарды табыстадық. Негізгі мақсат - Қытайдың қарапайым азаматтары осы кітаптар арқылы елімізбен танысуына, оның тарихы, әдебиеті, мәдениеті, қазіргі жетістіктері туралы білуіне жағдай жасау, осы арқылы екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік қатынастарын жаңа деңгейге көтеру», - деді Ш. Нұрышев ҚазАқпарат тілшісіне.

Кітапхананың шетел әдебиеті бөлімінің қызметкері Лю Мэй (Liu Mei) бүгінгі таңда қазақ әдебиеті секциясында кітаптар мол екенін айтты.

«Біздің бөлімімізде Ресей, Жапония, Малайзия, тағы басқа елдерге арналған кітап бұрыштары бар. Бірақ қазақ әдебиеті секциясында кітаптар алуан түрлі әрі басқаларға қарағанда көбірек. Мұнда келушілер Қазақстан жайындағы фотоальбомдар мен кітаптар толы сөрелерді көріп тамсанады», - дейді ол.

Кітапхана қытайша кітаптарды ең көп жинақтаған әрі шет тілдерінде жазылған кітаптардың Қытайдағы ең үлкен қоры да осында. Ол әлемдегі ең ірі кітапханалардың үздік үштігіне кіреді, ал оқырмандар саны бойынша көш басында тұр.














Соңғы жаңалықтар