Қытай тарапы Қазақстан аймағында тұрып қалған жүктерді қабылдайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытай тарапы Қазақстанға бағытталған теміржол құрамдарының санын арттыруға және қазақстандық тарапта тұрып қалған жүктерді қабылдауға ниетін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде Қазақстан мен Қытайдың мүдделі мемлекеттік органдары арасындағы COVID-19 жағдайында Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункттерінің жұмыс істеуі туралы өткен келіссөздердің нәтижесі туралы хабарланды.

2021 жылдың 11 қарашасында Қазақстан Республикасы (ҚР) мен Қытай Халық Республикасының (ҚХР) мүдделі мемлекеттік органдары арасында COVID-19 жағдайында Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерінің жұмыс істеуі туралы келіссөздер жүргізілді.

Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі М.Сұлтанғазиев, қытайлық тарапты - ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы халық үкіметі төрағасының орынбасары Лю Сушэ басқарды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер, Денсаулық сақтау, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту, Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, «ҰҚ ҚТЖ» АҚ өкілдері, сондай-ақ ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының мүдделі мемлекеттік органдарының басшылары қатысты.

Келіссөздер барысында Тараптар көліктік-коммуникациялық өзара байланысты және аймақаралық байланыстарды нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың сапасын арттыруға жәрдемдесуге бағытталған бұрын жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды ұстанатындықтарын растады.

Келіссөздер нәтижесінде тараптар Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының автомобиль және теміржол өткізу бекеттерінде өткізу қабілетін арттыру, автокөлік құралдары мен жүктерге қатысты эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу бойынша бірлескен шаралар қабылдау туралы уағдаласты.

Қытай тарапы қытайлық тараптағы «Қалжат» - «Дулаты» өткізу бекетінің жұмысын қалпына келтіру үшін өткізу пунктінің эпидемияға қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілуі керек екенін атап өтті. Бұл ретте ҚХР ШҰАА Халық үкіметі санитарлық – эпидемиологиялық бақылаудың қатаң шаралары сақталған жағдайда Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Майқапшағай» - «Зимунай» автомобиль өткізу бекетінің қызметін қалпына келтіруге дайын екендігін хабарлады.

Сонымен қатар, қытай тарапы жақын арада ҚР бағытындағы теміржол құрамдарының санын арттыру және қазақстандық тарапта тұрып қалған жүктерді қабылдау ниетін растады.


Соңғы жаңалықтар