«Қытай - Орталық Азия» саммиті ежелгі Жібек жолы басталған қалада өтеді - шетелдегі қазақ баспасөзі

None
Фото: cgtn.com
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

«Қытай - Орталық Азия» саммиті Қытайдың ежелгі астанасында өтеді - «Жэньминь жибао»

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан президенттері Қытайға сапарлай келеді. Бұл туралы ҚХР Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемешісі Хуа Чунин жариялады, деп хабарлайды Қытайдың «Жэньминь жибао» ақпараттық порталы.

Аталған ақпарат көзі Қытай Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сілтеме жасаған.

«Мемлекет төрағасы Си Цзиньпинның шақыруы бойынша, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 16 мамырдан 20 мамырға дейін Қытайда мемлекеттік сапарда болады», деп жазылған «Жэньминь жибао» ақпараттық порталында.

Қытайлық басылымның мәліметінше, Қытайға баратын мемлекет басшылары «Қытай -Орталық Азия» саммитіне қатысады. Аталған саммитті Қытай торағасы Си Цзиньпин басқарады.

Фото: AP Photo/ Mark Schiefelbein

«18-19 мамыр аралығында Қытайдың ежелгі астанасы Сиань қаласында «Қытай- Орталық Азия» саммиті өткізілмек. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин саммитті басқарады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен саммитке қатынасады», дейді қытайлық БАҚ.

Айта кетейік, «People.cn»-ның келтірген мәліметіне сүйенсек, бұл жолы саммит өтетін Сиань қаласы Қытайдың 13 патшалығының ежелгі астанасы ретінде 3100 жылдан астам уақыт бойы қала деңгейі тарихына және 1100 жылдан астам уақыт бойы астана мәртебесі тарихына ие. Сондықтан Қытай Сианьды саммит өтетін орын ретінде таңдаған. Өйткені Сиань - Қытай әлемін түсінудің маңызды терезесі ғана емес, сонымен қатар ежелгі Жібек жолының басталған қаласы. Ұзындығы 7000 шақырым болатын ежелгі Жібек жолы үш құрлықтың - Азия, Еуропа және Африканың экономикалық, сауда және мәдени алмасулары арасын сабақтастыратын буынға айналды және адамзат өркениетінің дамуына ерекше ықпал еткен көрінеді.

Фото: news.cn

Түркі мемлекеттерінің географиялық кеңесі құрылды - «ӨзА»

Ташкентте Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан, Венгрия, Қазақстан және Қырғызстан географиялық қоғамдары өкілдерінің қатысуымен Түркі мемлекеттері географиялық кеңесінің (ТДГК) құрылтай жиналысы өтіп, отырыста кеңес құру туралы келісімге қол қойылды.

Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлады.

Фото: uza.uz

Аталған басылымның дерегінше, бұл кеңесті құрудағы мақсат – түркі тілді зерттеу институттары мен қоғамдық бірлестіктердің жан-жақты ынтымақтастығын одан әрі жетілдіру. Бұл ретте география, өлкетану және басқа да сабақтас ғылымдар бойынша теориялық немесе практикалық жұмыстармен айналысатын барлық ұйымдар мен мекемелерге қолдау көрсету және барлық аспектілерде бірлескен күш-жігерді үйлестіру қарастырылған.

Өзбекстан Республикасы Географиялық қоғамының басшысы Айбек Норинбоев штаб-пәтері Ташкентте орналасқан Түркі мемлекеттерінің географиялық кеңесінің бас хатшысы болып үш жылдық мерзімге сайланды.

«Қорғас» еркін аймағы бағыты жетілдіріледі – «TRT»

Қазақстан мен Қытай сауда айналымын арттыру үшін «Қорғас» еркін аймағында арнайы бағыт құруды жоспарлап отыр. Жаңа бағыт Қытай-Қазақстан шекара сызығында орналасқан және бес нысаннан тұрады.

Бұл туралы Түркия Радио Телевизия порталы ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Фото: trt.net.tr

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі Жетісу облысындағы «Қорғас» еркін аймағы бағытын дамыту үшін қажетті жұмыстар басталғанын хабарлады. Жаңа бағыт Қытай-Қазақстан шекара сызығында орналасады және бес нысаннан тұрады.

Айта кетейік, Қорғас бағыты Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі дамытудың маңызды элементі болады. Жаңа бағыт түрлі тауарлардың экспорттық көлемін, екі ел арасындағы транзиттік жүк тасымалын айтарлықтай арттырып, қытайлық және қазақстандық компаниялар арасындағы өндірістік кооперацияны жақсартады.

Сәуір айында Қазақстаннан Бакуге мұнай экспорты 75 пайызға артты – «Parstoday»

Сәуір айында Қазақстаннан Баку айлағына мұнай экспорттау көлемі 75 пайызға артты.

Бұл туралы осы аптада «Parstoday» ақпарат агенттігі хабарлады.

Ирандық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ақтау айлағынан мұнай экспорттау көлемінің артуының себебі Баку айлағына шикі мұнай тасымалдау көлемінің ұлғаюы болып отыр. Бұрын көлем 87 мың тонна болса, енді 152,4 тонна мұнайға жетті. 2023 жылдың наурыз айымен салыстырғанда 75 пайызға артқан.

Фото: parstoday.ir

«Parstoday»-дың дерегінше, жалпы сәуір айында Ақтау айлағынан мұнай экспорттау көлемі 60,5 тоннаға, яғни 24 пайызға артып, 312,6 мың тоннаға жетті. Мұнымен қоса, сәуір айында Ақтаудан Махачкала айлағына 160,2 мың тонна мұнай жөнелтілген. Бұған дейін Қазмұнайгаз компаниясы мен Әзірбайжанның SOCAR мұнай компаниясы бір келісімшартқа қол қойды. Ол бойынша, жылына 1,5 млн тонна мұнай Теңіз кен орнынан Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры арқылы тасымалданады екен.

Биыл Қытай мен Орталық Азияның бес елі арасындағы тауар айналымы 22%-ға ұлғайды - «Халық» газеті

Қытай Сауда министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы Қытай мен Орталық Азияның бес елі арасындағы 70 миллиард АҚШ долларын құрайтын сауда жоспарына мерзімінен бұрын жетеді. Себебі осы жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында сауда көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға ұлғайған, деп хабарлады Қытайдың «Халық» газеті.

Аталған ақпарат көзі келтірген деректерге сүйенсек, 2022 жылы Қытайдың Орталық Азия елдерінен ауыл шаруашылығы өнімдерін, энергия мен минералды өнімдерді импорттауы жылдық сәйкес мезгілмен салыстырғанда 50%-дан астамға жеткен. Ал механикалық және электротехникалық өнімдердің Орталық Азия елдеріне экспорты сәйкес кезеңмен салыстырғанда 42%-ға ұлғайған. Қытай мен Орталық Азия арасындағы трансшекаралық электронды коммерция транзакциялары сәйкес мезгілмен салыстырғанда 95%-ға өскен. 300-ге жуық Орта Азиялық компания қытайлық электронды коммерция платформаларына кірді және Орталық Азиядан келетін жоғары сапалы тауарлар Қытай нарығына көбірек еніп жатыр.


Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, Қытай мен Орталық Азияның бес елі инфрақұрылым, мұнай және газ өндіру, өңдеу және өндіру, медицина, білім беру, технология және цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастықты дамытуды жалғастырып жатыр. Орталық Азия елдеріне өнеркәсіп салаларын жаңғыртуға, өзара байланыс орнатуға және адамдардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға көмектесуге арналған бірқатар ауқымды жоба табысты іске асырылған.

Бұл жолғы Сиань қаласында өтетін «Қытай-Орталық Азия» саммитін сауданың қарқынын дамыту және нығайту мүмкіндігі ретінде пайдаланып, Қытай мен Орталық Азияның экономикалық және сауда ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге дайын екен.

Сондай-ақ, осы аптада «People.cn» ақпараттық порталында «Қытайлық компаниялар Қазақстанға фотоэлектрлік электр станциясын салуға көмектесуде» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Фото: people.cn

Алматы облысы Қапшағай(Қонаев – авт.) қаласындағы қуаты 100 мегаватт фотоэлектрлік электр станциясы Қазақстандағы фотоэлектрлік энергияны өндіру бойынша ірі жобалардың бірі. Әрі Қытай мен Қазақстан арасындағы жасыл энергетика саласындағы ынтымақтастық жобасы болып табылады, деп жазады «Халық» газеті.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, жоба Қытайдың «Mannatech Energy» компаниясы мен қазақстандық серіктестердің инвестициялауы арқылы салынған.

Фото: people.cn

Құлпынайдың жаңа сорты ойлап табылды – «ӨзА»

Өзбекстан Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты көкөніс, бұршақ және картоп шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Әндіжан ғылыми-тәжірибе станциясында құлпынайдың «Таң шапағы» атты жаңа сорты ойлап табылды, деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, бұл құлпынайдың басқалардан айырмашылығы - оны жылыжайда жылдың кез келген уақытында, яғни жыл бойы өсіріп жеміс алуға болады.

Фото: uza.uz

«Сонымен қатар, «Таң шапағы» өнімділігі өте жоғары. Әр көшеттен 0,5 келіге дейін жеміс береді. Қазіргі таңда ғылыми тәжірибе станциясының жылыжайына құлпынай көшеттері отырғызылып, оны көбейтіп, тұрғындардың тұтынуына бағыттау мақсатында көбірек алқапқа егуді қамтамасыз ету жоспарланған», де жазады «ӨзА».


Соңғы жаңалықтар