Қытай нарығы қазақстандық өнімдер үшін толықтай ашық – Елші

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо қазақстандық өнімдерді өз еліне импорттау әлеуетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Ауыл шаруашылығына келер болсақ, әкімшілік және кедендік кедергілер түгелдей жойылды. Енді қытай нарығы Қазақстанның ет, құс, ұн, бидай, жалпы кез келген өнімнің импортына толықтай ашық», - деді Чжан Сяо Қытай халық-азаттық армиясының құрылуына 92 жыл толуына орай өткізілген салтанатты қабылдау шарасында.

Оның айтуынша, Қытай үлкен көлемдегі импортты қажет етеді.

«Бар мәселе – өнімдердің көлемінде. Себебі, Қытай – өте үлкен. Ал мұндағы ұсыныстың көлемі – шектеулі (көлемі жөнінен). Қазақстан 5 немесе 50 тонна өнімді көп көруі мүмкін, алайда Қытай үшін бұл – түк емес. Ол тіпті ШҰАА-ға (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы) да жетпейді», - деп мәлім етті елші.


Бүгін Нұр-Сұлтанда ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы елшілігінің ұйымдастыруымен Қытайдың халық-азаттық армиясының құрылуына 92 жыл толуына орай салтанатты қабылдау рәсімі өтті. Шараға қазақстандық және қытайлық дипломаттар, екі елдің қорғаныс ведомстволарының өкілдері қатысты.

Автор: Азамат Сыздықбаев

Соңғы жаңалықтар