Қытай мен АҚШ арасында сауда келіссөздері қайта жанданбақ

None
None
ОСАКА. ҚазАқпарат - Бүгін Осакада - «Үлкен жиырмалық» (G 20) саммитінде АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Қытай лидері Си Цзиньпин кездесті. Бұл туралы ҚазАқпарат CNN-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Бір сағатқа созылған кездесуден кейін Президент Трамп Қытаймен сауда келіссөздері қайта жанданатынын, жаңа тарифтер енгізу кейінге қалдырылғанын мәлімдеді.

«Біз қажет жолға қайта түстік Бұдан не шығатынын көреміз», - деді Трамп кездесуден кейін.

Сәл кейінірек саммиттегі соңғы баспасөз мәслихаты барысында Трамп журналистерге егер Қытаймен ортақ келісім табылмаса, қазіргі баж салығы қалатынын атады.

«Мен әзірге Қытай үшін тарифтерді көтермеуге уәде бердім. Яғни елеулі сома қоспаймыз», - деді ол журналистерге.

Сондай-ақ, Трамп АҚШ пен Қытай арасындағы келіссөздер тоқтаған жерінен қайта жанданатынын айтты.

«Кездесу тамаша өтті. Келіссөздер жалғасатын болады», - деді Трамп.

Xinhua жаңалықтар агенттігі де екі ел арасындағы экономикалық және сауда келісімдері қайта жанданатынын хабарлауда. Кездесу кезінде Си Цзиньпин Қытайдың сауда келіссөздерін жалғастыруға және АҚШ-пен алауыздықты жеңілдетуге ниетті екенін атап өтті.Оның айтуынша, келіссөздер теңдікке және өзара құрметке негізделіп, қос тараптың да заңды мүдделерін назарға алуы тиіс.

Си Циньпин әлемдегі ең үлкен екі экономика сайып келгенде өзара тиімді шешімге келіп, пікір алмасу мен кеңестер арқылы түсінбестіктерді реттеуге міндетті екенін айтты. Ол Қытай мен АҚШ ынтымақта болса ғана ұтып, алауыз болса ұтылатынын айрықша атады.

«Ынтымақ пен диалог келіспеушілік пен конфронтациядан жақсы», - деді ол Трамппен кездесу барысында. CNN мәліметтері бойынша, Трамп пен Си Цзиньпин ресми кездесуге дейін де сөйлесіп үлгерген. Ол туралы Трамп сенбі күнгі ресми таңғы ас үстінде айтты.

«Біз кеше кешке жүздесіп, көп келісімге қол жеткіздік. Қытаймен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Бір мәмілеге келе аламыз ба, жоқ па, оны уақыт көрсетеді», - деді ол.

Айта кету керек, Осакадағы кездесуді екі ел басшылары да мамырдағы сауда келісімдері сәтсіз аяқталғаннан бері асыға күтіп жүрген болатын. Ал сарапшылар Осака кездесуінен ортақ мәміле де, жаңа тарифтер де күтуге болатынын ескерткен.

Еске салсақ, Жапонияда G20 саммиті өтіп жатқаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар