Қытай мегаполистерінде қоғамдық көлікте COVID-19 тестісін тексеру талабы алынып тасталды

None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытайдағы 10 ірі мегаполистің билігі қоғамдық көліктерге міну үшін COVID-19 тестілерін тексеру талабының алынып тасталғанын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

5 желтоқсаннан бастап Бейжің билігі қоғамдық көлікті пайдалану кезінде коронавирус тестілерін тексеру талабынан бас тартуға шешім қабылдады. Жолаушылар тасымалы саясатын түзеткен мегаполистердің арасында Чэнду, Тяньцзинь, Далянь, Шицзячжуан және Шэньчжэнь қалалары бар.

Соңғы күндері Қытайдың оңтүстігіндегі Гуанчжоу қаласында ковидтік шектеулер жеңілдеген. Онда қоғамдық орындарға кіру үшін COVID-19 тестілерін көрсету талаптары жойылған, сауда орталықтары мен тамақтану орындарының жұмысы қайта жанданған, коронавирус жұқтырғандармен жақын байланыста болғандар үшін шартты түрде үй карантиніне рұқсат етілген.

Қытай астанасының тұрғындарына соңғы 48 сағат ішінде жасалған теріс нәтижесі бар коронавирус тестісін көрсетпестен, қоғамдық көлікпен жүруге рұқсат етіледі, ал ауруханалардың ПТР тестісі жоқ науқастарды емдеуден бас тартуына тыйым салынды.

ҚХР Денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің мәліметінше, өткен тәулікте материктік Қытайда коронавирус жұқтырудың 31,8 мың жаңа жағдайы анықталған.


Соңғы жаңалықтар