Қытай көп елмен визасыз режим орната бермейді – Айгүл Құспан

Фото: Фото: parlam.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Құспан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, біздің еліміздің Президенті мен Қытай басшысының өзара қарым-қатынасы өте жақсы. Қытай тарапы протоколды қатты ұстанатын ел. Олар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты жоғары деңгейде қарсы алды. Ең жоғары протокол рәсімдерін жасап, күтіп алды», - деп пікір білдірді Айгүл Құспан.

Оның пайымынша, Қытай Орталық Азия аймағындағы елдерді бөлмей, біртұтас, бауырлас халықтар ретінде қарайды.

«Орталық Азия – Қытай» форумына тоқталсақ, жалпы Қытай бізді бөлек-бөлек қарастырмайды. Ол Орталық Азияны біртұтас аймақ, бауырлас халықтар ретінде қарайды. Ол біз үшін тиімді. Өйткені, біз де көршілес елдермен арадағы қарым-қатынастарды дамытуға мүдделіміз, дамытып та жатырмыз. Сондықтан алпауыт елдердің бізді бөлмей, Орталық Азияны біртұтас ел ретінде қарастырғаны және ынтымақтастықты ілгерілетуге ниетті екені қуантады», - деп тоқталды Мәжіліс депутаты.

Айгүл Құспан қытайлық инвестициялар есебінен елдегі жүк тасымалдайтын баламалы дәліздерді дамытуымыз керек деп есептейді.

«Бұл орайда біздің басты мүддеміз – транзит пен көлік-логистикасын дамыту. Біз теңізге шыға алмаймыз. Біздің жалғыз теңіз – Каспий. Бұрын біздің елдегі дәліздер Ресейге бағытталатын. Енді біз баламалы маршруттарды дамытуымыз керек. Оған көп инвестиция қажет. Мәселен, Құрық пен Ақтау порттарын дамытып, сол арқылы Әзербайжан әрі қарай Қара теңіз, Түркияға жіберуге мүмкіндік беретін дәлізді дамытуға инвестиция керек. Ал Қытай оған мүдделі болса, онда ол біз үшін өте пайдалы болар еді», - деп атап өтті депутат.

А.Құспан пандемиядан кейін тұралап қалған екі ел арасындағы сауда-саттықты дамыту маңызды екенін атап өтті.

«Қытай – өте дамыған ел. Біздің елге деген ұстанымы мен көзқарасы жақсы. Пандемиядан кейін біз екі ел арасындағы сауда-саттықты дамытуымыз керек. Індет тараған кезеңде барлығы тоқтап қалды. Шекарада қаншама жүк көліктері тұрып қалды, бизнес өкілдерінің кәсібі тоқтап қалды. Қазір барлық бағыттағы қарым-қатынас жаңғырып жатыр», - дейді Айгүл Құспан.

Бұл орайда депутат екі ел басшылары қол қойған визасыз режим орнату туралы келісімнің маңызына тоқталды.

«Мемлекет басшы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Төрағасының кездесуінде бірқатар келісімге қол қойылды. Мысалы, визасыз режимнің мерзімін созу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Яғни, бұрын 14 күн болса, енді ол 30 күн болады. Айта кететіні, бұрын тек қытайлық азаматтардың Қазақстанда 14 күн визасыз болуына рұқсат етілетін. Енді қазақстандықтар да бұл елге бара алады. Мұның барлығы барып тұруға, бизнес жасауға, қандастардың туыстарын көруіне, жалпы туризмді дамытуға оң ықпал етеді.

Қытай көп мемлекеттермен визасыз режим орнатпайды. Мәселен, Қытай Оңтүстік Корея мен Жапонияға мұндай режим жасаған жоқ», - деп түйіндеді мәжілісмен.


Соңғы жаңалықтар