Қытай көліктері тиелген жүк пойызы алғаш рет Қазақстанға бет алды - Шетелдегі қазақша БАҚ-қа шолу

None
АСТАНА. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

«Арман» таэквондо клубы батыс зоналық турнирде көш бастады – Kaznews

17-19 желтоқсан күндері Моңғолияның Увс аймағының орталығы Улаангом қаласында олимпиадалық таэквондодан Батыс зоналық клубтарының «DREAM CUP-2» турнирі өтті, деп хабарлайды Моңғолияның Kaznews ақпарат порталы.

Жарысқа Говь-Алтай аймағынан GAA Leopards, Ховд аймағынан «Эрин», «Сүлд-Алдар», Увс аймағынан «Ойрад пауэр», Баян-Өлгий аймағынан «Арман» таэквондо клубтарынан 400-ден астам спортшы бақ сынаған.

Моңғолиялық басылымның мәліметінше, Баян-Өлгий аймағынан аталмыш турнирге қатысқан таэквондошылар 3 алтын, 5 күміс медаль, 14 қола медаль иеленіп, қорытынды есеп бойынша 1 орыннан көрініп, «DREAM CUP» алтын кубогын жеңіп алған.

Айта кетейік, аталған клубтың бапкері қызметін аймақтық спорт және денешынықтыру басқармасының маманы Ерұлан Шөленұлы атқарған.

Жеменейлік бойжеткеннің кестемен өрнектелген тамаша тұрмысы – «Халық» газеті

Қытайлық басылымда «Жеменейлік бойжеткеннің кестемен өрнектелген тамаша тұрмысы» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрген.

Алтай аймағы Жеменей ауданы «Атамұра» кесте дүкенінде қазақтың әр түрлі ою-өрнектері басылған көптеген кестелі бұйымдары дүкеннің сәнін келтіріп тұр, деп жазады People.cn ақпарат порталы.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, соңғы жылдары Жеменей ауданы жергілікті ауыл әйелдеріне ауылдан немесе отбасыларынан шықпай-ақ кірісін арттыруға көмектесіп жатыр.

Атап айтқанда, жергілікті басшылық кәсіпкерлік қызметке пайызсыз несие беру саясатының әртүрлі шараларын енгізіп, ауыл әйелдерінің табысы артқан.

Қазақстан президенті ТМҰ бас хатшысын қабылдады – TRT

Қазақстан президенті Түрік Мемлекеттері Ұйымының (ТМҰ) Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиевті қабылдады.Тоқаев хатшылықтың жұмысына барынша қолдау көрсететінін жеткізді.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы да хабарлады.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұйымның негізін қалаушы елдің бірі ретінде түркі мемлекеттерімен көпжақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екеніне тоқталып, хатшылықтың жұмысына барынша қолдау көрсететінін жеткізді», деп жазған түркиялық БАҚ.

Абайдың шығармашылық мұрасына арналған көрмеден фоторепортаж жарияланды – ӨзА

Өзбекстандық басылымда осындай тақырыптағы суретті ақпарат жарияланды.

Ташкентте қазақтың ұлы ойшылы Абайдың шығармашылығына арналған көрме ашылды, деп хабарлайды ӨзА ақпарат агенттігі.

Көрменің ашылу салтанатына ӨР Премьер-Министрінің орынбасары, Туризм және мәдени мұра министрі Азиз Абдухакимов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов, Өзбекстанның Қазақстандағы Елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік мұражайының директоры Тұрдықұл Шаңбай, Бейнелеу өнері галереясының директоры Камола Акилова, сондай-ақ БАҚ және қоғам өкілдері қатысқан.

Өзбекстандық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек,Ташкент қаласындағы Өзбекстан бейнелеу өнері галереясында «Абай. Бауырлас халықтардың мұрасы» атты ұлы ойшыл, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына ашылған көрме 30 желтоқсанға дейін жалғасады.

Көрмеде қазақтың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі, сәндік-қолданбалы өнері, Абай туралы басылымдар және оның өмірі мен шығармашылығы туралы бейнеролик көрсетіледі.

Алғаш рет қытайлық көліктерді тиеген жүк пойызы Қазақстанға бет алды – «Халық» газеті

Шыңжаң өлкесі «Қорғас» арқылы алғаш рет жергілікті коммерциялық көліктерге арналған халықаралық жүк пойызын іске қосты.

19 желтоқсанда отандық жаңа энергия көліктері тиелген халықаралық арнайы пойыз «Қорғас»кеден бекетінің теміржол станциясынан жолға шығып, Қазақстандағы Алтынкөл станциясына қарай бет алды, деп хабарлады Қытайдың «Халық» ақпарат порталы.

Қытайлық басылымның дерегінше, ол соңында теміржолдан тасжолға алмасып, Орталық Азияға, Еуропаға және басқа елдерге жеткізіледі.

Арнайы пойыздың іске қосылуы - «Қорғас» кеденін халықаралық логистикасындағы жаңа серпіліс. Әрі оның ұлттық логистикалық торап пен өңірлік халықаралық логистикалық тарату орталығы болуына берік негіз қалайды.

Айта кетейік, мәліметтерге сәйкес, бұл жолғы арнайы пойызға құны шамамен 13 миллион юань болатын 100 қытайлық көлік тиелген.

Қандастарымызға қатысты жылдың үздік 10 оқиғасы – Kaznews

Kaznews ақпарат агенттігі жыл сайынғы дәстүрі бойынша Моңғол еліндегі қандастарымызға қатысты «Жылдың үздік 10 оқиғасын» жариялапты. Агенттіктің көзқарасы бойынша 2022 жылдың үздік оқиғасы төмендегідей екен.

Атап айтсақ, «Баян-Өлгий аймағының құрама командасы футболдан Моңғолия чемпионы атанды», «Серік Бердімұратұлы мемлекеттік піл дәрежелі палуан атағына ие болды», «Айнагүл Айыпханқызы әлемдік IWEC-2022 сыйлығына ие болды», «Қазақ қызы жиу-житсудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды», «Ә.Базар мен Т.Аягүл моңғолиялық Forbes-тің «30-ға дейінгі 30» рейтингіне енді» деген секілді жылдың он үздік 10 оқиғасын жазып оқырман назарына қайта ұсынған.

Хаңжоу марафон жарысында бағы жанған Бағдар Оразалыұлы - Орталық халық радиосы

Қытайдың Жыжяң өлкесінде өткізілген 2022 жылғы Хаңжоу марафон жарысында, Іле қазақ автономиялы облысы Тоғызтарау ауданының түлегі Бағдар Оразалыұлы 2 сағат 17 минут 26 секундтық нәтижемен ерлер арасындағы толық марафон жарысында екінші орынға ие болды, деп хабарлайды Қытайдың орталық халық радиосы.

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, 1987 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан Хаңжоу марафон жарысы – Қытайдағы Бейжің және Далян марафон жарысынан кейінгі, үшінші тарихы ұзақ халықаралық марафон жарысы саналады.

Биылғы Хаңжоу марафон жарысына Қытайдың әр өңірінен 35 мың, ал толық марафон жарысына 12 мың спортшы қатысқан.

Осы жолы табысты нәтижеге қол жеткізген Бағдар Оразалыұлы 14 жасынан бастап, яғни 2010 жылы Іле қазақ автономялы облыстық спорт мектебіне түсіп, кәсіптік білім ала бастаған.

Әрі осы мектепте оқығаннан бері Шынжаң көлеміндегі әртүрлі жеңіл атлетика жарыстарына қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Айта кетейік, бұл жолғы Хаңжоу марафон жарысында Б. Оразалыұлы тек 9 секундтық парықпен ғана екінші орынға ие болған.


Соңғы жаңалықтар