Қытай - Қазақстанның ірі сауда әріптесі, ал Қазақстан Қытайдың ТМД аймағындағы сауда әріптестерінің арасында екінші орын алады - ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин

None
None
АСТАНА. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин ҚХР басшысы ретінде Қазақстанға ағымдағы жылдың 6-7 қыркүйектегі алғашқы мемлекеттік сапары алдында сұхбат берді.

***

- Қытай экономикасы өсімі қарқынының белгілі бір дәрежеде баяулауы жайында қытай тарабының пікірі қандай? Сіздің пікіріңізше, қытай экономикасының даму перспективасы қандай? Қытайда экономика өсімі үшін тағы да жаңа тұрақтандыру шаралары болады деп күтуге бола ма?

- Тұтастай алғанда, қытай экономикасындағы жағдай қолайлы, ІЖӨ өсімі ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 7,6%-ды құрады, мұндай деңгей әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда едәуір жоғары. Егер біз бұрынғы даму формамызды жалғастырған болсақ, бұдан да жоғары өсімге шығуымыз әбден мүмкін еді. Дегенмен, біз қатаң макроэкономикалық саясатты және экономика дамуының өзгерістер мен жаңарту формаларын ілгері жылжытуды, міндетті түрде экономикаға қайта құрылымдау жүргізуді таңдадық. Біз ұзақ мерзімді перспектива көзқарасынан қарағанда, экономика дамуы мәселесін түбегейлі шешу үшін белгілі бір өсім қарқынын төмендетуге саналы түрде бардық. Сондықтан да қазіргі өсім қарқыны пайдалы түзетулердің нәтижесі болып табылады.

Нақты айтар болсақ, 7,6 пайыз өсімнің 7,5 пайызы ішкі сұранысқа кетеді, ағымдағы есепшоттар бойынша оң сальдо жалпыға бірдей танылған ұтымды диапазонда сақталып отыр. Сонымен бірге бізде әлеуметтік қамсыздандыруды жетілдіру, жұмысқа орналастыруды тұрақтандыру және кеңейту мәселелеріне көңіл бөлінуде, соның нәтижесінде бірінші жартыжылдықта 7 млн. 250 мың жаңа жұмыс орындары құрылды. Әрине, біз жергілікті өкімет орындарының берешектері, кейбір салаларда өнімділіктің шамадан тыс көп болуы, т.б. сияқты кейбір қиындықтарға да кездесіп отырмыз, дегенмен бұл проблемалар бақылау шегінде және біз оларды еңсере аламыз.

Қытай - көлемі жағынан әлем экономикасында екінші орын алады, біздің еліміз экономикасының әлемдік экономикамен ықпалдасу дәрежесі жоғары. Қытай экономикасы өзінің дамуымен әлемдік экономиканың жандануына қомақты үлес қосуда және оны одан әрі жалғастыруда. Әлем экономикасы үшін де Қытай экономикасының неғұрлым орнықты, сапалы және болашағы зор екенін көру тиімдірек екені сөзсіз. Ал біз өз тарапымыздан экономиканың орнықты және саламатты дамуына, әлем елдері үшін даму кеңістігі мен ауқымды нарық қалыптастыруда және әлемдік экономиканы дамытуға үлкен үлес қосуға қажетті барлық жағдайларға ие болып отырмыз.

- Таяу уақытта Ресейдегі Санкт-Петерборда "Жиырмалық тобы" көшбасшыларының 8-саммиті болады. Қытай осы саммиттан не күтеді?

- Бұл әсіресе қазіргі әлем экономикасындағы өсімнің серпінділігі жетіспей отырған және жаһандық қаржы дағдарысының жаңа терең салдарлары барған сайын қалқып шығып отырған кезде әлемнің жетекші экономикалары басшыларының қатысуымен өтетін маңызды кездесу болмақ. Қытай тарабы Петербор саммитінің экономикалық өсімді ынталандыру және жұмыс орындарын құру мәселелерін күн тәртібінің басты тақырыбы етіп алуын қолдайды, Жиырмалық ауқымындағы әріптестік қатынастарды нығайтуды, болашақ әлем экономикасының жарқын болуы игілігі үшін макроэкономикалық саясатты үйлестіруді күшейтуді қолдайды.

Біріншіден, бірлесіп жауапты макроэкономикалық саясатты жүргізу қажет. Ең алдымен, өзі ісімізді жақсы атқарумен қоса, ұлттық эономикадағы елеулі проблемалар пайда болуының жолын кесу, белсенді құрылымдық өзгерістер жолымен экономиканың бәсекеге қабілеттілігін өрістету қажет. Осы базада барлық тараптар саяси үйлестіру жөніндегі ынтымақтастықты нығайтуы, бір біріне келеңсіз әсер бермей, оң әсер беруге ұмтылуы, жалпы күш-жігермен әлемдік экономика мен қаржы саласындағы елеулі тәуекелдер мен қатерлерге қарсы тұру қажет.

Екіншіден, неғұрлым ашық экономиканы дамытуды қолдап отыру қажет. Әлемнің барлық елдері протекционизмнің барлық көріністеріне жіті қарсы тұруы, келіссөздердің Доха раундының алдын ала нәтижелеріне қол жеткізуге жәрдемдесуі, еркін, ашық және кемсітілмейтін көптарапты сауда жүйесін қорғау қажет. Жаһандық нарықтың сегментке және сауда жүйесінің бөлінуіне жол бермей, жаһандық құндылық тізбегін қалыптастыра отырып, әлемнің әртүрлі экономикаларының ықпалдасуын нығайту, өзара тиімді дамуға және жалпыға бірдей ұтуға ұмтылу қажет.

Үшіншіден, жаһандық экономикалық басқаруды жетілдіру қажет. Біздің пікірімізше, "Жиырмалық тобының " күш-жігері нарық жүйесі жаңадан қалыптасып жатқан және дамушы елдердің өкілдігі мен дауыс құқығын арттыруға шоғырлануы тиіс. Ең алдымен, таяудағы уақытта квоталар мен басқару реформаларын, соның ішінде ХВҚ квоталарын бөлу формулаларын қайта қарастыруды аяқтау және квоталарды қайта қараудың кезекті раундысын 2014 жылдың қаңтарына қарай өткізу, ал 2015 жылы - белгіленген мерзімдерде займ алудың арнайы құқығының валюталық қоржынын қарау қажет.

Төртіншіден, дамушы елдер үшін даму жөніндегі әріптес болу қажет. Жиырмалық өз мүмкіндіктерін толыққанды аша отырып, жаһандық даму проблемаларын шешуде неғұрлым күшті саяси еркін көрсетуі, жаһандық дамудағы неғұрлым тиімді әріптестік қатынастарды жолға қоюы, дамудағы үлкен қиындықтарды еңсеру үшін экономикалық ресурстарды көбірек жұмылдыруы қажет.

- "Жиырмалық тобы" саммитінің әлемдік қаржы дағдарысына қарсы тұрудағы маңызды рөлі неге негізделеді? Жиырмалық жаһандық экономикалық ынтымақтастықтың басқа тетіктерінен несімен ерекшеленеді? Қазіргі әлемдегі оның рөлін қытай тарабы қалай бағалайды?

- "Жиырмалық тобына" дамыған мемлекеттермен қатар нарығы жаңадан қалыптасып жатқан елдер де кіреді және Топтың барлық мүшелері бірге жиналып, әлемдік экономикалық ландшафтыдағы өзгерістер қалай болып жатқаны және халықаралық экономикалық қатынастар дамуының негізгі үрдістері туралы кеңесіп отырады.

2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы басталғаннан кейін "Жиырмалық тобы" халықаралық экономикалық ынтымақтастықтың жетекші форумы ретінде бекіді. Ол әлемдік шаруашылықтың дағдарыс көлеңкесінен бірте-бірте шығуы мүддесі үшін маңызды шаралардың тұтас бумасын жасап, әлемдік қоғамдастықты макроэкономикалық саясатты үйлестіріп отыруды жандандыруға итермелейді. Жиырмалық ХВҚ-дағы квоталарды реформалауды және Бүкіләлемдік банктегі дауыс беру құқығын белсенді жақтаушы бола отырып, қаржылық тұрақтылықтың неғұрлым өкілетті кеңесін құрды, көпжақты сауда жүйесінде ДСҰ-ның орталық рөлін қолдап келеді, сөйтіп, жаһандық экономикалық басқаруды жетілдіруге маңызды үлес қосты.

Бүгінгі таңда Жиырмалықты дағдарысқа қарсы тетіктен ұзақмерзімді қызмет атқаратын экономикалық институтке айналдыру жүріп жатыр. Жиырмалықтың барлық мүшелері өзара көмек пен жалпы пайданың әріптестік рухын сақтап, макроэкономикалық үйлестіруді күшейте түсуі, жаһандық экономикалық басқаруды жетілдіруі, әлемдік қаржы жүйесін реформалауы және халықаралық сауданы ырықтандыруды ілгері жылжытуы тиіс, сонда ғана Жиырмалықтың жарқын болашағы өрісті болары сөзсіз.

- Сіз қазақстан-қытай қатынастарының қазіргі деңгейін қалай бағалайсыз және оның болашақ дамуынан не күтесіз? Екі ел арасындағы өзара сауда көлемін 2015 жылға қарай 40 млрд. АҚШ долларына дейн жеткізу мақсаты қалай жүзеге асырылады? Шикізаттық емес секторлардағы екі елдің ынтымақтастығы қалай дамымақ? Қазақстан мен Қытайдың халықаралық және аймақтық істердегі жан-жақты стратегиялық әріптестер ретіндегі ынтымақтастығы жайындағы пікіріңіз және ұсыныстарыңыз қандай?

- Қытай мен Қазақстан - тату көршілер және жан-жақты стратегиялық әріптестер. Дипломатиялық қатынастар орнатылғаннан бергі 21 жыл ішінде екіжақты байланыстар шаңшаң қарқынмен, салауатты және тұрақты түрде дәйекті дамып келеді. Екі ел де бір-бірімен өзара қатынастардың дамуын өздерінің сыртқы саясаттарының басымдығы ретінде қарастыруда. Бүгінде қытай-қазақстан қатынастары бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде деп айтуға болады және екі елдің жан-жақты стратегиялық әріптестігін дамытуда теңдессіз мүмкіндіктер ашылуда.

Іс жүзіндегі ынтымақтастықты үздіксіз өрістету және тереңдету жан-жақты стратегиялық әріптестіктің екіжақты қатынастарының материалдық базасын нығайтуда өте-мөте маңызды. Соңғы жылдары екі ел арасында сауда-экономикалық байланыстар серпінді дамып келеді. Қытай - Қазақстанның ірі сауда әріптесі, ал Қазақстан ТМД аймағында Қытайдың сауда әріпестері арасында екінші орын алады. Іс жүзіндегі ынтымақтастық деңгейін одан әрі арттыру үшін екі ел стратегиялық міндетті - 2015 жылға қарай өзара сауда көлемін 40 млн. АҚШ долларына дейін ұлғайту мақсатын алға қойды.

Бұл мақсатты жүзеге асыру екі тараптың да бірлескен күш-жігерін талап ететіні түсінікті. Біз өзара тиімді негізде жұмысты жалғастыра отырып, мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықтың қолайлы серпінін сақтауымыз және осы негізде ауыл шаруашылығы, көлік, жоғары технологиялар, телекоммуникация және химия өнеркәсібі сияқты шикізаттық емес секторларда өзара іс-қимылдың әлеуетін толық ашуымыз қажет. Сондай-ақ гуманитарлық және аймақаралық алмасу және ынтымақтастықты жандандыру маңызды, жіті айқындалған басымдықтармен қатарлас жұмыс істейтін және барлық бағыттарда ілгері жылжытылатын өзара іс-қимылдың осындай құрылымдарын қалыптастыруымыз маңызды. Қытай мен Қазақстанның көпбағытты және жан-жақты іс жүзіндегі ынтымақтастығы екі жақтың да күш-жігерімен барған сайын жаңа биіктерге көтеріліп, екі ел халықтарына үлкен нақты және сезілетін пайда әкелеріне сенімдімін.

Қытай мен Қазақстан дамушы мемлекеттер және ықпалды ірі державалар ретінде әлемдік және аймақтық істерде ұқсас және бір-бірімен қабысқан ұстанымдарда бола отырып, аймақта және әлемде бейбітшілікті, дамуды және тұрақтылықты жақтай отырып, өз иығымен жауапты міндеттерді мойнына алып отыр. Екі ел ШЫҰ мүше-мемлекеттері бола отырып, Ұйым ауқымында белсенді ынтымақтасуда, атап айтқанда үш жамандықпен және қауіпсіздіктің басқа да қауіптерімен бірге күресуде, ауыл шаруашылығы, қаржы және бірыңғай инфрақұрылым желісі саласында ШЫҰ ынтымақтастығын бірге ілгері жылжытуда. Қытай тарабы қазақстандық тараппен бірге аймақта, сондай-ақ бүкіл ғаламшарда бейбітшілік, тұрақтылық және даму ісіне өздерінің күш жігерімен жаңа бұдан да үлкен үлес қосуға дайын.

- Экономика және қауіпсіздік - бұл ШЫҰ ауқымындағы ынтымақтастықтың ең басты бағыттары. Сіздің пікіріңізше, ШЫҰ болашақта қауіпсіздік пен экономика саласындағы өзінің қызметін қалай жақсы атқара алады?

- ШЫҰ өмір сүре бастаған 12 жылдың ішінде мүше-мемлекеттер біртұтас тағдырларымен және ортақ мүдделерімен қазір мықтап топтасты. Күрделі халықаралық және аймақтық жағдайларда аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мүше-мемлекеттердің бірлесіп дамуына жәрдемдесу Ұйымның ұзақ мерзімге арналған бірінші кезектегі міндеттері болып қала бермек.

Қауіпсіздік саласында мүше-мемлекеттер ұлттық қауіпсіздікті және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бір-бірінің күш-жігерін одан әрі берік қолдай отырып, үш жамандық пен есірткі қылмысына қарсы бірлескен күресті күшейте түсуі тиіс. Қазіргі кезде аймақта лаңкестік пене есірткі қылмысы арасында барған сайын тығыз байланыс күшейе түскеніне тиісті көңіл бөлуіміз қажет. Лаңкестікпен күрес және есірткі қылмысымен күрес - бұлар қатар жүргізілуге тиісті жүйелі жұмыс. Қытай тарабы ШЫҰ Лаңкестікке қарсы аймақтық құрылымына есірткіге қарсы күрес өкілеттілігін беру қажет деп санайды, сөйтіп, оның есірткімен және лаңкестікпен күрестің кешенді қабілетін күшейте түсуге болар еді.

Экономика саласында іс жүзіндегі ынтымақтастықты барынша ілгері жылжытып отыру қажет. Аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі біздің бірлескен күш-жігеріміздің түпкі мақсаты - бірлесе даму және барлық мүше-мемлекеттердің гүлденуі болмақ. Тараптар көлік, энергетика, телекоммуникация және ауыл шаруашылығы сияқты басымдықты салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысын тездетуі, жобаларды қаржыландыру мәселесін шешу және халықаралық қаржы тәуекелдеріне қарсы тұру үшін ШЫҰ даму банкін құру мәселесін қарауды шашаңдатуы тиіс. Сонымен бірге ШЫҰ аймақтағы басқа да көпжақты тетіктермен іс жүзіндегі ыгнтымақтастығын белсендіре отырып, басымдықты өзара бір-бірін толықтыра түсуді жүзеге асыруы тиіс.

Қытай ШЫҰ дамуын бүдан әрі дәйекті қолдай береді. Ұзақ мерзім бойы біз Ұйым бойынша әріптестерімізбен құқық қорғау және қауіпсіздік саласында белсенді тәжірибе алмасып келеміз, экономикалық ынтымақтастық үшін жеңілдетілген несие ұсынудамыз, мамандар даярлауға көмектесіп отырмыз, сондай-ақ халықаралық қаржы-экономикалық дағдарыстың келеңсіз салдарын еңсеру үшін басқа да мүшелермен өзара тығыз іс-қимыл орнатудамыз. Қытай тарабы бұдан былай да ШЫҰ-ның тамаша болашағы игілігі үшн мүше-мемлекеттермен қоян-қолтық жұмыс жасай береді.

- Жақында Бішкекте ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесінің 13-отырысы болады. Осы саммиттен не күтесіз және қандай бастамалар көтересіз?

- ШЫҰ өзі өмір сүріп келе жатқан кезеңде саясат, қауіпсіздік, экономика, гуманитарлық өлшемдер, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық салаларында сенімді қадамдар жасады, аймақта қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде, зор қайраты пен өмірлік күшін байқатып, бірлесе дамуға жәрдемдесуде маңызды рөл атқарды. ШЫҰ-ның бұдан да тезірек және жақсырақ дамуына қол жеткізу, ортақ мақсатты жүзеге асыруға жәрдемдесу - барлық мүше-мемлекеттердің ортақ ұмтылысына айналды.

ШЫҰ-ның Бішкек саммиті халықаралық және аймақтық жағдайда жаңа өзгерістер болып жатқан кезде өткелі отыр. Оның алғашқысы, әлемдік экономиканы тереңдете реттеу, Солтүстік Африка аймағы мен Таяу Шығыстағы жалғасып отырған сілкіністер, ауған проблемасы төңірегіндегі жаңа күрделі жағдай, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылық, сондай-ақ ШЫҰ ынтымақтастығы мен дамуы үшін жаңа ығыттар болып отыр. Екінші жағынан, нарығы қалыптасып жатқан экономикалар барған сайын дамудың үлкен әлеуетін және ынтымақтастықтың кең перспективаларын көрсетуде, бұл ШЫҰ үшін де жаңа мүмкіндіктер бермек. Екінші, Саммит ШЫҰ мүше-мемлекеттерінің ұзақ мерзімді тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шарты ресми күшіне енген кезде өткізілгелі отыр, бұл ынтымақтастық деңгейін арттыру, әртүрлі қауіп-қатерлерге қарсы тұру қабілеттілігін өрістету, сондай-ақ аймақты ұзақмерзімді бейбітшілік пен бірлескен гүлдену орныққан аймаққа айналдыруды шапшаңдату үшін жаңа серпін береді. Саммитте қазіргі жағдайдағы барлық өзгерістерді есепке ала отырып, Ұйымның алдағы кезеңге арналған жоспары белгіленетін болады.

ШЫҰ- ны одан әрі дамыту үшін бізге өзара сенімнің, өзара тиімділіктің, теңдіктің, консультациялардың, өркениет әралуандығын құрметтеудің және бірлесе дамуға ұмтылудың Шанхай рухын басшылыққа алуды жалғастыру маңызды деп санаймын. Ұйым жұмысын екі бағыт бойынша жүргізу қажет. Бұл өзіндік дамуды жетілдіру, ішкі басқарумен айналысу, ынтымақтастықтың тиімділігі мен деңгейін арттыру. Екінші жағынан, әріптестік желіні дамыту қажет, ол үшін байқаушылармен және диалог бойынша әріптестермен ынтымақтастықты ынталандыру, тұтастай алғанда аймақтың дамуына бірлесе отырып, қол жеткізуіміз керек. Ең алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономиканы дамыту және орта мерзімге арналған ШЫҰ дамуы стратегиясының негізгі бағыттарында көзделгендей, мүше-мемлекеттер халықтарының игілігі жолында халықтың әл-ауқатын жақсартуда ілгерілей беру қажет.

Алдағы саммитте осы және басқа да мәселелер бойынша қытай тарабының пікірлері мен пайымдауларын айтамын және басқа әріптестерімнің құнды пікірлерін тыңдауға әзірмін. Мүше-мемлекеттеріміздің бірлескен күш-жігерімен саммит күткен нәтижелерімізге қол жеткізеді, сөйтіп, Ұйым дамуының мүлдем жаңа парағын ашады деп сенемін.

Соңғы жаңалықтар