Қытай Қазақстаннан 100 мың тонна бидай сатып алуды жоспарлауда

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат ­- Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында бидай саудасы бойынша өзара ынтымақтастық Келісім жасалды. Бұл туралы «ҚазАгро» ұлттық холдингінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Аталған құжатқа екі елдің атынан «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Дулат Айтжанов пен «Корпорация КОФКО Лимитед» Қытай Ұлттық компаниясының вице-президенті Цзинтао Чжи қол қойды.

Бұл мәміле қазақстандық бидайдың көрші елге экспорттық жеткізілімдерін нығайтуды көздеп отыр.

«ҚазАгро» Ұлттық холдингі сауда саласында ынтымақтастықты нығайту бойынша қытайлық әріптестермен келіссөздерді ағымдағы жылдың басынан жүргізуде.

Жүргізілген келіссөздердің қорытындысы ретінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 19-20 мамыр аралығында ҚХР-на барған мемлекеттік сапары аясында Келісімге қол қойылды.

Екі жақты мәмілеге сәйкес қытайлық КОФКО Корпорациясы 2014-2015 жылдары аралығында нарықтық әділ бағамен «ҚазАгро» Холдингі тарапынан 100 мың тонна қазақстандық бидайды импорттауды көздеп отыр.

Бұдан бөлек, екі ел өкілі өзара бидай саудасы көлемін арттыру мақсатында ғана емес, үшінші елдерге транзитті сауданы жүзеге асыру үшін бидай терминалының құрылысын бірлесе қаржыландыру мәселесін қарастыруға ықыласын білдірді.

«Қытай қазақстандық бидай мен басқа да дәнді және майлы дақылдар үшін маңызды стратегиялық нарықтардың бірі болып табылады. Қол қойылған Келісім - екі ел арасында бидай жеткізу саласында тұрақты сауда қатынастарын реттеуде алғашқы қадамдардың бірі», - деді «ҚазАгро» Холдингі басшысы Дулат Айтжанов.

Соңғы жаңалықтар