Қытай қазақстандық ғалымды «достық дәнекері» деп марапаттады - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шет мемлекеттерде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

«Қазақстан мен Түркия бауырластық тоғайы» өсіп келеді - TRT

Қазақстанның елордасы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Қазақстан мен Түркия Бауырластық тоғайы кеңейіп келеді. Өткен жылы салтанатты түрде ашылған тоғайға биыл 30 ағаш отырғызылды, деп хабарлайды «Түркия Радио Теледидар» ақпарат агенттігі.

Аталған басылымының дерегінше, екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғанына 30 жыл толуына орай тоғайға 30 түп ағаш отырғызылған. Шараға Түркияның Қазақстандағы өкілетті елшісі Уфук Экижи, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері және Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми өкілдері қатысты.

Елші Уфук Экижи ағаш отырғызуды дәстүрге айналдырып, тоғайдың кеңеюіне жыл сайын үлес қосатындарын айтты.

Айта кетейік, 2021 жылы елорданың Президенттік саябағында ашылған тоғай Түркияның Нұр-Сұлтандағы елшілігінің қолдауымен өсіп келеді.

Студенттер үйге қайта алмай жүр - Kaznews

Жаһанда коронавирус індеті азайып, жағдай тұрақтала бастаған соң көршілес елдердің шекарасы ашылып, барыс-келіс жандана бастаған еді. Бірақ Моңғолия қазақтары үшін шекара жартылай ғана ашық тұр. Мысалы Моңғолия азаматтары құрлықтық шекара арқылы Қазақстанға асуын асып алса да, кері қайта алмайды, деп хабарлайды Моңғолияның Kaznews ақпарарат порталы.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, жолаушылар тек ұшақпен ғана үйлеріне қайтады. Келген жерімен неге кері өткізбейді? Екі-үш жылдай ата-анасымен, аға-бауыр, ағайын-туысымен кездесе алмай отырған азаматтар осылай жіпсіз байлануда. Жасы үлкендер жағы бір амалын тауып ұшаққа отырар. Бұл әсіресе осы Қазақстанда оқып жүрген студенттерге қиын болып отыр.

Моңғолиялық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, оқу жылы аяқталып, жазғы демалыс басталды. Енді олар елде қалған ата-анасына жету үшін алдымен, Алматыға барады. Одан ұшаққа отырып, Моңғолияның арғы шетіндегі Ұланбатырға түседі. Одан кейін автобусқа отырып, елдің батысындағы Баян-Өлгий мен Ховд қаласына келеді. Бұл да бір-екі тәуліктік жол.

«Білетіндердің айтуынша, мәселе Қазақстан тарапында емес, Ресей мен Моңғолия арасындағы шикі келісімшарттың кесірі деп жатыр. Анығын жауапты тұлғалар айта жатар. Сондықтан, осындағы ата-анасын, ағайын-туысын сағынған барша студенттің атынан екі елдің азаматтарына да шекарадан кедергісіз асуға мүмкіндік беруді сұраймыз...», деп жазады Kaznews.

Қазақстандық ғалымды Қытай «достық дәнекері» деп марапаттады «Халық газеті»

II «Жібек жолындағы достық дәнекерін» салтанатты марапаттау рәсімі онлайн байланыс арқылы өтті, деп жазады Қытайдың «Халық газеті».

Аталған шараға Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі Ұлттық комитеті төрағасының орынбасары, Қытай халықаралық мәдени алмасу орталығының төрағасы Ян Чуаньтан қатысып сөз сөйледі.

«Біздің бүгінгі «Жібек жолындағы достық дәнекерін» марапаттау рәсімін өткізуіміз - «Бір белдеу, бір жолды» құрушылардың тамаша оқиғаларын дәріптеу арқылы адамзат тағдырының ортақ қауымдастығын құрудың жарқын болашағына үлес қосу болып табылады», дейді Ян Чуаньтан.

People's Daily газетінің бас редакторы Юй Шаолянның пікірінше, «Бір белдеу, бір жолды» сапалы дамытуда үздіксіз жаңа жетістіктерге жетуді «Бір белдеу, бір жол» бойындағы елдер мен өңір халқының еңбекқорлығы, даналығы, көрегендігі мен тәжірибесінен бөліп қарауға болмайды. «Жібек жолындағы достық дәнекерін» таңдау және марапаттау олардың Қытай мәдениетін насихаттауға, елдер арасындағы достық алмасуды нығайтуға және тағдыры ортақ адамзат қауымдастығын құруға қосқан үлесін бағалау болып табылады.

Айта кетейік, Қазақстандық ғалым Гүлнар Шаймергенова «Бір белдеу, бір жол» бастамасын зерттеуші, Қытай арқылы қазақстандық астық транзитінің алғашқы партиясын өткізуге үлес қосқан ғалым ретінде марапатталды.

Осы жолғы «Жібек жолындағы достық дәнекері» ретінде 12 жеке жүлде иегері анықталды. Олардың арасында адамзат тағдырының ортақ қауымдастығын құрудың жарқын болашағына үлес қосқан: «Бір белдеу, бір жол» бастамасын зерттеуші, Қытай арқылы қазақстандық астық транзитінің алғашқы партиясын өткізуге үлес қосқан ғалым Қазақстандық ғалым Гүлнар Шаймергенова; дәмді тағамдар арқылы Жібек жолы достық көпірін салушы иорданиялық Моханад Али Мохаммад Шалаби; Қытай-Лаос теміржол жобасында қытай шеберлерінен дәріс алып, қарапайым жүргізушіден тұрғын үй құрылыс инженеріне дейін өскен маман лаостық жас Чай Ян және Қытай-Камбоджа достық ынтымақтастық жобасының дәнекері камбоджалық Шон Дара бар.


Иран мен Қазақстанның теміржол компаниялары арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды – Parstoday

Иран мен Қазақстанның теміржол компаниялары Иран арқылы тауар транзитін айтарлықтай арттыру мақсатында екі ел арасында тарифтік преференция белгілеп, теміржол әріптестігін арттыру туралы меморандумға қол қойды.

Осы меморандум орындалған жағдайда Қытай-Ресей-Еуропа темір жол дәлізі арқылы өтетін тауардың бір бөлігі Қытай-Қазақстан-Иран-Еуропа дәлізімен тасымалданатын болады. Бұл туралы Иранның Parstoday ақпарат агенттігі хабарлады.

Осы кездесуде тараптар меморандумға қол қойып, Қытай-Қазақстан-Иран-Түркия дәлізі арқылы өтетін алғашқы контейнерлік пойызды бір айдан аз уақыт ішінде Иранға кіргізуге келісті.

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Темір жол компаниясының директоры бастаған жоғары мәртебелі делегация «Темір жол шәһидтері» ғимаратында Иран Темір жол компаниясының бас директоры сейіт Мейад Салехимен кездесіп, сұхбаттасқан.

«Иран Темір жол компаниясының бас директоры мен Қазақстан делегациясының кездесуінде қос тарап екі елдің экономикалық әріптестігін дамыту және темір жол тасымалын арттыру туралы сұхбаттасты. Екі елдің темір жол басшылары Иран арқылы тауар транзитін айтарлықтай арттыру мақсатында екі ел арасында тарифтік преференция белгілеу туралы меморандумға қол қойды», деп түйіндейді Parstoday ақпарат агенттігі.

Өзбекстанда 1-сыныпқа қабылдау тәртібі өзгерді - «ӨзА»

Өзбекстанда жалпы білім беретін мектептердің 1-сыныбына қабылдау процесі 2022 жылдың 20 маусымы мен 31 шілдесі аралығында жүргізіледі, деп жазды өзбекстандық БАҚ.

«ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, ӨР жалпы білім беретін мектептердің білікті педагог кадрлармен, оқу кабинеттері оқу жиһаздарымен қамтамасыз етілуіне қарай мектептердегі бос орындарға қосымша қабылдау процестері 2022 жылдың 1-15 тамыз аралығында өткізіледі.

Сондай-ақ ата-аналарға ыңғайлы болу үшін Ташкент қаласы, Қарақалпақстан республикасы және облыс орталықтарының орта мектептерінде 1-сыныпқа қабылдау электронды түрде жүргізіледі.

Қалған аймақтар Қарақалпақстан республикасы және облыстардың басқа аудандарында (қалаларында) жалпы білім беретін мектептерде 1-сыныпқа қабылдау дәстүрлі түрде, яғни тікелей мектепте жүзеге асырылады.

«Заңнамаға сәйкес, жалпы білім беретін мектептердің 1-сыныбына балалар 7 жасқа толған жылы қабылданады. Осыған байланысты 2022-2023 жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 2015 жылдың 1 қаңтары мен 31 желтоқсаны аралығында дүниеге келген балалар қабылданады», деп жазады «ӨзА».

«Арын» пікір алмасуға арналған ашық алаңға шақырады - Kaznews

Аталған БАҚ-тың мәліметіне сүйенсек, «Арын» мемлекеттік емес ұйымы 2022 жылдың наурыз айында Моңғолиядағы аз ұлт өкілдерінің ана тілі мен мәдени мұрасын қорғау, олардың білімі мен әлеуметтік дамуына қолдау көрсету мақсатында құрылған.

Осы жұмыс аясында «Арын» мемлекеттік емес ұйымы 2022 жылдың 5 маусымында сағат 13:00-де «Leading Minority Talk» тақырыбымен алғашқы іс-шарасын өткізбек.

Бұл іс-шара әр саладағы көшбасшылармен іскерлік сұхбат өткізіп, заманауи тақырыптарда еркін пікір алмасуды мақсат етеді.


Соңғы жаңалықтар