Қытай Қазақстан арқылы Еуропаға жаңа аралас жүк бағытын іске қосты
2022 жылғы 20 сәуір 17:30

Қытай Қазақстан арқылы Еуропаға жаңа аралас жүк бағытын іске қосты

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытайдың солтүстіктегі Сиань қаласынан Германияның Мангейм қаласына жаңа жүк пойызы бағыты іске қосылды. Ұзындығы 11,3 мың шақырымды құрайтын жол Қазақстан арқылы өтеді, оның ішінде Каспий мен Қара теңіздерді кесіп өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

42 контейнер тиелген алғашқы құрам сәуір айының екінші онкүндігінде Сиань қаласынан шықты. Жаңа бағыт – аралас, яғни теміржол және теңіз жүк тасымалы. Ол Германияның Мангейм қаласына келгенге дейін Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Орталық және Шығыс Еуропа елдері арқылы өтеді.

Жаңа бағыт Сиань мен Еуропадағы логистикалық хабтар арасында жүретін 16-шы жүк пойызы.

Еске сала кетейік, «Қытай-Еуропа» бағыты бойынша алғашқы жүк пойызы Сиань қаласынан 2013 жылы жолға шыққан болатын. 2022 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Сиань Еуропаға барлығы 790 жүк пойызын жөнелткен.

Биылғы жылдың ақпан айында Циндао теңіз портынан (Шандун провинциясы, Шығыс Қытай) Қазақстан арқылы Германияға жүк пойыздарының жаңа бағыты іске қосылған болатын. Ол кезде де соңғы пункт ретінде Мангейм қаласы белгіленген еді.

Қытайлық логистикалық компаниялардың мәліметі бойынша, 2021 жылы Шаньдун провинциясында «Қытай-Еуропа» бағытындағы 1,8 мыңнан астам жүк пойызы өңделген.

Германияның Федералдық статистикалық басқармасының статистикасы көрсеткендей, Германия мен Қытай арасындағы сауда айналымының көлемі 2021 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 15,1 пайызға артып, 278,5 миллиард долларды құраған.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT