Қытай инвестициясының арқасында 20 мың жұмыс орны ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және «Нұрлы жол» бағдарламасы. Өзаратиімді өсім мен өркендеу траекториясы» тақырыбында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен Қытай Халық Республикасының Елшілігі жариялаған байқау аясында қатысушылардан келіп түскен мақалалар оқырман назарына ұсынылады.

***

Қазақстан мен Қытайдың дипломатиялық байланыс орнатқанына 26 жылдан асты. Содан бергі уақытта екі ел арасындағы экономикалық байланыс барынша нығая түсті. Оның ішінде Қытайдың Қазақстанға салған инвестициясы жылдан-жылға тек қана өсу үстінде.

Қытай - Қазақстан экономикасына инвестиция салушы негізгі 6 мемлекеттің тізімінде. Finprom.kz мәліметінше, өткен жылы Қытайдан Қазақстанға құйылған инвестиция көлемі 36,8 млн долларға өсіп, 998,7 млн долларды құраған. Оның ішінде 60,6 пайызы - тікелей инвестиция. Ал Қытайдың ел экономикасына салған жалпы инвестициясының көлемі 42,8 млрд доллардан асып кетті. Несиелеу көлемі 50 млрд доллар шамасында.

«Бүкіл әлемде Қытай инвестициясы үшін күрес жүріп жатыр»

Қытай инвестициясы несімен құнды? «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовтың айтуынша, қытайлық қаржы және инвестиция институттарының еліміздің қор биржасына қызығуы - жақсылықтың нышаны.

«Біз Азия, оның ішінде қытайлық инвесторларды тартқанымызға өте қуаныштымыз. Сол үшін ең үздік әлемдік тәжірибеге сай келетін барлық жағдайды жасаймыз. Бүкіл әлемде Қытай инвестициясы үшін кәдімгідей күрес жүріп жатыр. Еуропалық, латын америкалық және басқа да көптеген елдер осы елдің инвестициясын тарту үшін өзара бәсекеге түседі»,-деп атап өтті АХҚО басшысы.

Айта кету керек, «Астана» халықаралық қаржы орталығы акцияларының 25 пайызы - шанхайлық компанияға тиесілі.

51 зауыттың қаншасы іске қосылды?

Бүгінгі таңда ҚР Инвестициялар және даму министрлігі құны 27 млрд доллар болатын 51 қазақ-қытай индустриялық жобасын іске асырып жатыр. Соның арқасында келешекте 20 мың жаңа жұмыс орны ашылады. 2018 жылы осының ішінде 6 жоба іске қосылады деп күтілуде. Ол жобалар химия өнеркәсібі, тау-кен металлургиясы мен агроөнеркәсіп кешені салаларын қамтиды. Ашылған зауыттар штапель талшығын, құрғақ түйе сүті мен қымыз, құбыр өнімдерін, үш хлорлы фосфор және глифосат өндіреді. Биыл тағы 5 жоба бойынша құрылыс жұмыстары басталуы тиіс.

Соңғы 2 жылда аталған 51 жобаның үшеуі іске қосылып үлгерді. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның үш өңірінде құны 53,6 млн доллар болатын үш зауыт ашылған. Оның біріншісі - 12 млн доллар жұмсалған Павлодар облысындағы полипропилен зауыты. Қуаттылығы - жылына 70 мың тонна. Өнім негізінен Ресей мен Қытайға экспортталып жатыр. Екінші жоба - JAC маркалы автокөлік өндірісі. Оған 22,5 млн доллар инвестиция құйылды. 2017 жылдың 26 мамырында China National Vehicle Import and Export Company» (CNC) «Аллюр» компаниялар тобы акциясының 51 пайызын сатып алу жөнінде келісімге келген болатын. Келісім аясында қытайлық компания «Сарырарқаавтопром» зауытына машина топтамаларын әкеледі, JAC маркасын өндіріп, оны шетелге экспорттайды. Жылына 1500-3000 көлік өндіру жоспарланып отыр. Тауар Тәжікстан, Ресей сияқты ТМД елдеріне экспортталады. Жалпы, қытайлық инвестор China National Vehicles Importand Export Corporation 10 жылда отандық машина өндірісіне 1 млрд доллар салмақшы.

Ал үшінші жоба - Солтүстік Қазақстандағы май зауытына 19 млн доллар инвестиция құйылыпты. Өнім Қытайға экспортталады.

Ең бастысы, бұл үш зауытта 400 жұмыс орны ашылған. Оның барлығында дерлік жергілікті халық еңбек етуде. 

Жалпы, Қазақстанда қытай кәсіпорындарының саны аз емес. 2017 жылдың ақпан айында елімізде Қытайдың қатысуымен құрылған 2783 кәсіпорын тіркелген. 

Қытай қай салаларға қызығушылық танытып отыр?

2015 жылдан бері ҚХР мен Қазақстан көлік инфрақұрылымы, сауда, қайта өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда кластерлік аймақ құру жөнінде 5 келісім жасасқан. Қытайлықтар энергетика секторына, атап айтқанда мұнай барлау және өндіру, жанармай құю стансалары желісін кеңейту ісіне мол инвестиция салған. Сонымен қатар, телекоммуникацияны жаңарту, ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу, тері өңдеу, сауда және қоғамдық тамақтану кәсіпорындарын ашу, тағы басқа салаларға жиі қызығушылық танытады. Экономика ғылымдарының докторы Валентин Катасоновтың айтуынша, Қытай көбінде мұнай-газ, құрылыс және сауда-саттыққа жиі инвестиция құяды. «Соңғы жылдары өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына да көбірек назар аударатын болды» дейді маман.

Екі ел бірлесіп, жүзеге асырған маңызды инвестициялық жобалар қатарында PetroKazakhstan Inc мұнай компаниясы, «Ақтөбемұнайгаз», «Қаражанбасмұнайгаз» АҚ (CITIC Group қытай мемлекеттік инвестициялық корпорациясы), Павлодар алюминий зауыты, «Іркөл» уран кенішін игеру жобасы, Мойнақ ГЭС-і, «Атасу-Алашанькоу» мұнай өткізу құбырын пайдалану (ҚазТрансОйл және CNODC), «Қазақстан-Қытай» газ құбыры («Азиялық Газ құбыры» ЖШС - «ҚазТрансГаз» АҚ және «Trans-Asia Gas Pipeline Company Limited» (ҚХР), «Бейнеу - Шымкент» газ құбыры («Бейнеу - Шымкент» газ құбыры» ЖШС - «ҚазТрансГаз» және «Trans-Asia Gas Pipeline Company Limited» (ҚХР)), қазақ-қытай шекарасындағы «Қорғас» халықаралық орталығы сияқты жобалар бар.

Көп салада Қытай Қазақстанға үлгі көрсетіп келеді. Мәселен, өткен жылдың мамыр айында Anhui Geyi Biorefineries Industrial Park Limited Ақмола облысында қайта өңдеуші кәсіпорын ашып, оған 300 млн доллар қаражат салатынын жеткізді. Бұл жоба бойынша қытай тарапы бүкіл инвестицияланатын капиталды өз мойнына алады. Өндіріс орны жылына 10 млн тонна қатты және сұйық тыңайтқыш шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, 5 мың текше метр метан өндіріп, жыл сайын 70 мың тонна биохимиялық лигнинді Еуропа мен Қытайға экспорттамақ. Ал жел турбинасын шығаратын ірі қытайлық компания Xinjiang Goldwind Science and Technology биыл Алматыда жел энергиясы негізінде қуаттылығы 5 млн Вт болатын екі қондырғы орнататын болды. 

Қытай инвесторлары халі мүшкіл зауыттарды

қайта «тірілтеді»

Қытай Қазақстандағы қазба байлықтар өндірісіне ғана емес, шығынға ұшыраған өндіріс орындарын қайта жандандыруға да күш салмақ. Айталық, былтыр «Orda Glass» ЖШС мен China Triumph International Қызылордадағы жағдайы мүшкіл шыны зауытының құрылысын аяқтау жөнінде келісім жасасты. Ал өткен жылы қыркүйекте қытайлық Zheng&Agrotechnology Co. Ltd Батыс Қазақстандағы жай-күйі шатқаяқтап тұрған ет комбинатына 47 млн доллар инвестициялайтыны туралы белгілі болды. Соның арқасында 30 мың бас қойға арналған жем-шөп алаңқайы салынады. Ал қой еті Қытайға экспортталады деп күтілуде. Сонымен қатар, ШҚО-дағы «Олений парк» шаруа қожалығы қытай инвесторларымен бірігіп, мүйіз және ет өнімдерін өңдейтін цех құрылысын аяқтамақ. Жоба жүзеге асса, жыл сайын 1 тоннаға дейін марал және бұғы мүйізін өңдеуге мүмкіндік береді.

Жалпы, бұл тізімді тоқтаусыз жалғастыра беруге болады. Инвесторлар жабылған зауыттарға жан бітіріп, жергілікті тұрғындарды еңбекпен қамтыса, Қытаймен экономикалық байланысымыздың жемісін сонда көреміз.

Инвестиция келешегі

Қытай Қазақстанға салынатын инвестицияны тек қана өсіре бермек.

«Қос көршінің ынтымақтастығы тек қана кеңейе түседі. Ортақ жобаларымыз жұмысын жалғастырады және инвестиция көлемі артады. Қаржылық қолдау әлбетте, тоқтамайды», - дейді ҚХР-дың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі  Чжан Ханьхуэй.

Қытай Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ішінде ең көп инвестицияны Қазақстанға салып отыр. Бұл Қазақстанның Қытай сыртқы экономикалық стратегиясында ерекше орын алатынын көрсетеді. Сонымен бірге, Қазақстандағы инвестициялық климат ЕАЭО елдеріне қарағанда айтарлықтай қолайлы екенін білдірсе керек.

Жалпы алғанда, екі елдің экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай кеңейтуіне барлық мүмкіндік бар. Атап айтқанда географиялық жақындық, инвестициялық климат, салық заңнамасы, саяси тұрақтылық, Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктері соған барынша жағдай жасап отыр. 

Соңғы жаңалықтар