Қытай халықаралық радиосы «ҚазАқпарат» ХАА-мен ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қытай халықаралық радиосы "ҚазАқпарат" ХАА-мен ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді.

Мұндай ынтасын қазақстандық журналистер делегациясын қабылдау барысында Қытай Халықаралық радиосының (ҚХР) бас директорының орынбасары Ма Бохуэй білдірді.

Қытай тарапының өкілі қазақстандық масс-медиамен кездесу барысында көп жылдан бері жүргізіліп келе жатқан ынтымақтастықты одан əрі тереңдету керектігін жеткізді.

"Біздің басты мақсатымыз - қос мемлекет арасындағы ақпараттық ынтымақтастықты дамыту. Халықаралық хабар тарату қызметі барлық əлемді Қытаймен таныстырады. Біз 65 тілде хабар таратамыз. Бұрын радиомыз дəстүрлі əуе толқынында шығатын. Соңғы 10 жылда революция басталды. Біз қазір тек радио емеспіз. Сондай-ақ, телебағдарламалар жүргіземіз. Басылымдарымяз да бар. Əлемнің басым мемлекеттерінде өз тілшілер қосынымыз, хабар тарату орталығы, студиямыз бар. Біз əлем халықтарын Қытаймен тек қытай тілінде емес, сол елдің ана тілінде таныстыруға тырысамыз",- деді Ма Бохуэй қабылдау барысында.

Сондай-ақ, қазақстандық журналистер делегациясы ҚХР көрмесін тамашалады. Байқағанымыздай, қытайлықтар өз тарихының сақталуына аса мəн беретін ел.

Бұл бірегей көрмеде ақпарат құралының қалыптасқан күндерінен бастап, қазірге дейінгі түсірілген фотосуреттер, қолданылған құрылғылар хронологиялық режімде қойылған. Тіпті ғимарат ортасында үлкен глобус орнатылып, оның белдеуінде əр елден келген хаттар тасқа басылған. Сондай-ақ, əр елдегі əріптестерінен келген сыйлықтар орналастырылған.

Қытай радиосына жылына тыңдаушылардан 3 млн-ға жуық хат келеді екен. ҚХР радиосында 2 мыңға жуық қызметкер жұмыс жасайды. Радио эфирі əр күнде əртүрлі тақырыпта хабар таратады. Мəселен, дүйсенбі күні қытайлықтар ресми жаңалықтармен сусындаса, демалыс күндері шоу-бизнес жаңалықтарын, əн-күй тыңдай алады.

Қытайлық əріптестер қазақстандық радиотарату жүйесінің құрылымы жайлы да қызығушылық танытты. Өз кезегінде олар бірлескен жоба жасауға дайын екендігін білдірді.

"Біздің радио "ҚазАқпарат" ХАА өте жақсы іскерлік байланысты дамытып келеді. Бүгінгі сіздердің сапарларыңыз екі тарапқа да пайдалы бастамаларға жол ашатынына сенімдіміз",- деді Ма Бохуэй.

"Халықаралық радионың жұмысы өте жақсы жолға қойылған. Əлемнің 65 тілінде хабар тарату өте үлкен мүмкіндікті көрсетеді. Мемлекет басшыларының кездесулерінде көп ортақ мəселелер көтерілді. Осы бағытта байланысты нығайта түссек деген ниет бар",- деді ол.

Айта кету керек, Қытай халықаралық радиосы қазақстандық журналистерді екі ел арасындағы əріптестікті нығайту үшін шақырған болатын. Сапар барысында журналистер Далян қаласындағы теңіз портын, Ляньюньган қаласындағы қазақстандық логистикалық терминалдың жұмысымен танысып қайтпақ.

Соңғы жаңалықтар