Қытай ғалымдары Ашина әулетіне байланысты генетикалық зерттеудің алдын ала қорытындысын жариялады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қытай ғалымдары Түрк қағанатының билеуші тайпасы – Ашина әулетінің ата-тегін анықтауға септігін тигізетін генетикалық зерттеудің алғашқы қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қытайлық The Paper агенттігіне сілтеме жасап.

Ақпарат көзінің мәліметі бойынша, Шанхайдағы Фудань университетінің ғылыми-техникалық археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Вэнь Шаоцин бастаған зерттеу тобы Түрк қағанатының әміршісі Мұқан қағанның қызы қытайлық Чжоу әулетіне ұзатылып, Қытай тарихына Ашина патшайым деген атпен енген тарихи тұлғаның сүйегіне жасалған генетикалық сараптама жұмыстарын аяқтаған.

Зерттеу жұмысының қорытындысы алдағы күндері «Ancient Genome of Empress Ashina reveals the Northeast Asian origin of Göktürk Khanate» деген атпен «Journal of Systematics and Evolution» басылымында жарық көрмек.

Вэнь Шаоцинның айтуынша, қытайлық ғалымдар соңғы кезде Түрік, Сяньби және Батыс Ся елдерін билеген әмірші әулеттердің геномын зерттеуде тың жетістіктерге жетіп, әлем бойынша алғаш рет көне түркілердің билеуші әулетінің геном тізбегін анықтаған.

Ғалымның пікірінше, бұған дейін Ашина әулетінің шыққан тегі туралы бірнеше болжам айтылып келді. Ал Ашина патшайымның сүйегінен алынған генетикалық деректер Ашина әулетінің Солтүстік-шығыс Еуразиядан шыққанын көрсетеді.

«Біздің жұмысымызда қол жеткен генетикалық деректер Ашина әулетінің Еуразияның солтүстік-шығыс өлкесінен, нақтырақ айтқанда, бүгінгі Солтүстік-шығыс Қытайдан Ресейдің Байқал өңіріне дейінгі аймақтан шыққанын нақтылайды. Сонымен қатар, Ашиналар генетикалық тұрғыдан кейінгі темір дәуірінде өмір сүрген тұнғыс және көшпенді моңғол халықтарына, мысалы, жужан, сяньби, қытан және мохэ тайпаларына көбірек жақын да, керісінше, түркі халықтарымен айтарлықтай айырмашылыққа ие, бұл Түрк қағанатының құрамының көптүрлілігін көрсетеді. Сондай-ақ, Ашина әулетінің қазіргі түркітілдес халықтардың генетикалық әр алуандығына қосқан үлесі өте шектеулі, бұл тағы бір қырынан түркілену үдерісі популяциялық кеңеюдің емес, мәдени диффузия моделінің нәтижесі екенін көрсетеді», - дейді Вэнь Шаоцин.

Қытай жылнамаларына сүйенсек, 565 жылы Солтүстік Чжоу әулеті 120 адамнан құралған елшілік жасақтап, уағда бойынша түрік ханшайымын алып келуге аттандырады. Бірақ, Солтүстік Ци әулетінің елшілері олардан бұрын жетіп үлгеріп, ханшайымға құда түседі. Мұқан қаған екі тараптың да елшілерін қайтармай ұстап қалады. Ұзақ келіссөздерден кейін, 568 жылы наурызда Мұқан қағанның он төрт жастағы қызы Солтүстік Чжоу әулетінің сарайына келін болып түседі, император У-ди оны салтанатты түрде қарсы алып, Ашина патшайым деген атақ береді.

Қытай деректері бойынша, Ашина патшайым бет біткеннің сұлуы еді, сондықтан, император оны айрықша ұнатып, әрдайым сыйлап, құрметтеп отырады. Оның Қытай сарайындағы мәртебесі өте жоғары болады, Шах-ана, Шах-әже деген құрметті атақтары соның дәлелі.

Ашина патшайымның бас сүйегі негізінде Вэнь Шаоцин командасы ұсынған реконструкциялық сызба

Генетикалық сараптама нәтижесі Ашина әулетінің ататегінің Солтүстік-шығыс Еуразия өлкесінен шыққанын көрсетті


Соңғы жаңалықтар