USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

Қытай чемпионатында қазақ спортшылары жоғары нәтижеге қол жеткізді - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

2021 жылғы 10 қазан 12:30
Бөлісіңіз:
Қытай чемпионатында қазақ спортшылары жоғары нәтижеге қол жеткізді - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Түркия Қазақстандағы инвестицияларын ең көп арттырған үшінші ел - TRT


Түркия Қазақстанға 388,7 миллион доллар инвестиция салды. Түркия Америка Құрама Штаттары және Швейцариядан кейін Қазақстанға ең көп инвестиция құйған үшінші ел, деп жазады Түркия радио телевизия порталы.

Айта кету керек, Қазақстан Ұлттық банкінің көрсеткіштеріне қарағанда, осы жылдың алғашқы жартысында елге тікелей салынған шетелдік инвестиция деңгейі 2020 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 30 пайызға артты. Аталмыш уақытта Қазақстанға шетелден 11,1 миллиард доллар инвестиция тартылған.

TRT-ның келтірген деректеріне сүйенсек, осы мерзімде Түркия Қазақстанға 388,7 миллион доллар инвестиция салған. Осылайша өткен жылмен салыстырғанда Түркияның Қазақстанға жасаған инвестициясы 79,9 пайызға артқан.

«Биылғы жылдың алғашқы ширегінде Қазақстанға ең көп инвестиция салған елдерді ретімен айтсақ: Голландия, АҚШ, Швейцария, Ресей, Ұлыбритания, Қытай, Бельгия, Түркия, Франция мен Оңтүстік Корея», деп мәлім етті түркиялық БАҚ.

Бішкек қаласында этникалық қазақтармен және отандастармен кездесу өтті - Kaznews


Бұл ақпаратты осы аптада моңғолиялық Kaznews порталы да жариялаған болатын.

«Отандастар қоры» КЕАҚ Президенті Нұртай Әбіқаевтың қатысуымен 2021 жылғы 7 қазанда Бішкек қаласында этникалық қазақтармен және отандастармен кездесу өтті, деп хабарлады Kaznews.


Айта кетейік, 7 қазан күні Қырғыз Республикасының Ұлттық кітапханасында «Отандастар қорының» президенті Нұртай Әбіқаев бауырлас елдегі қандастармен кездесу өткізді.

«Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Елшілігінің деректері бойынша Қырғыз Республикасында 39 мыңға жуық этникалық қазақ тұрады. Жалпы, қазақтар Қырғызстан аумағында тұратын этностар арасында 7-ші орын алады», -деп жазды моңғолиялық БАҚ.

Ташкентте Қазақстан киносы күндері өтті - «ӨзА»


Өткен аптада «Жібек жолы жауһары» атты XIII Ташкент халықаралық кинофестивалі аясында Қазақстанның киносы күндері басталды, деп хабарлады «ӨзА» ақпарат агенттігі.

«Араға 24 жыл салып қайта жанданған кинофестиваль аясында 14 елдің кино туындысы өзбекстандық киносүйер қауымға 1 апта бойы көрсетілмек. Солардың қатарында 29 қыркүйек күні Өзбекстан Ұлттық драма театрында Қазақ киносының күндері, режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» атты картинасымен ашылды», деп жазады өзбекстандық БАҚ.


«ӨзА»-ның дерегінше, ашылу салтанатында кинофестивальге қазақстандық делегацияны бастап келген «Қазақфильм» төрағасы, режиссер Ақан Сатаев сөз сөйлеп, онда XIII Ташкент халықаралық кинофестивалінің қайта жандануын зор жетістік ретінде бағалады. Ақан Сатаев бастаған қазақстандық киногерлер қатарында, Қазақстан халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев, режиссер Сатыбалды Текеев, Берік Айтжанов, Аружан Жазылбекова, Самал Еслямова сынды т.б актер-актрисалар болды.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, Қазақстан киносы күндері аясында көрсетілер филмдер топтамасы: «Анаға апарар жол» (реж. Ақан Сатаев), «Мұзбалақ» (реж. Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы), «Күлтегін» (реж. Адай Әбілдинов), «Әміре» (реж. Джеф Веспа), «Бір сен үшін» (реж. Ардақ Төлеубай), «Аманат» (реж. Сатыбалды Нарымбетов), «Жылқы ұрылары» (реж. Ерлан Нұрмұхамбетов), «Оралман» (реж. Сәбит Құрманбеков).

Алтайлық қазақ спортшылары жоғары нәтижеге қол жеткізді - «Ағажай-Алтай» порталы


27 қыркүйекте Қытайдың спорттан XIV ұлттық ойындары аяқталды. Бұл бәсеке ел ішіндегі ең жоғары деңгейдегі спорттың барлық түрінен өткен чемпионат болатын. Жарыста бүкіл елдегі ең мықты деген саңлақтар бақ сынады. Мемлекеттік чемпионатта Шыңжаң атынан келген Алтай аймағының спортшылары бір алтын, 2 күміс медаль еншіледі, деп жазады Қытайдың «Ағажай-Алтай» ақпараттық порталы.


«Бірінші болып алтайлық боксшы Тоқтарбек Таңатқанұлы ерлер арасында 75 келі салмақта Бейжің командасындағы Ұлпар Қарқынұлын айқын басымдықпен жеңіп, алтын медаль алды, сөйтіп бүкіл Шыңжаңның, Алтайдың абыройын асырды. Ұлттық спорт бәсекесінде еркін күрес түрінен ерлер арасындағы 74 келі салмақ бойынша шыңжаңдық 19 жастағы балуан Жанбота Жекенұлы финалға дейін барлық белдесулерінен сүрінбей өтіп, , күміс олжалады. Тағы екі Алтай спортшысы Қастер Орманұлы мен Талғар Әділбекұлы 14-ші Ұлттық чемпионатта Шыңжаң атынан футбол жарысына қатынасып, күміс медалға қол жеткізді», деп жазды altxw.com.

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, осы жолы Шыңжаң командасы атынан Қытай чемпионатына қатынасқан спортшылардың 9-ы Алтай аймағынан барған. Олар бокс, күрес және футбол секілді жарыс түрлерінен бақтарын сынап, басым бөлігінен жақсы натижеге қол жеткізген.

Әлем бойынша алтыншы Абай мәдени-іскерлік үйі ашылды - Parstoday


2021 жылы 7 қазан күні әлем бойынша алтыншы «Абай мәдени-іскерлік үйі» Қырғыз Республикасында ашылды, деп хабарлайды Иран Parstoday ақпараттық агенттігі.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қазыбек Иса мен Мақпал Тәжмағамбетова, «Отандастар қорының» Президенті Нұртай Әбіқаев, Қырғыз Республикасындағы қазақтар қауымдастығының төрағасы Гүлшат Асылбаева қатысты.

Ирандық БАҚ-тың мәліметінше, «Отандастар қоры» КеАҚ басым жобаларының бірі шетелде «Abai Uii» қазақ мәдени-іскерлік үйлерінің (бұдан әрі – «Abai Uii» МІҮ) желісін құру болып табылады.

«Abai Uii» МІҮ қызметінің мақсаты: Шетелдегі қазақ ұлттық-мәдени орталықтарын бірыңғай желіге шоғырландыру арқылы халықтық мәдени мұрамызды көпшілікке кеңінен танытумен қатар алыс-жақын шет елдердегі қазақ диаспоралары және отандастармен мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланыстарды нығайту, дамыту және кеңейту.

Еске сала кетейік, ҚР АЖҚДМ қолдауымен және ҚР СІМ келісімі бойынша шет елдердегі қазақ мәдени орталықтары базасында 2020 жылы 5 «Abai Uii» МІҮ онлайн-форматта ашылып, жұмыс істеуде: Омбы (Ресей Федерациясы), Ыстамбұл (Түркия), Ташкент (Өзбекстан), Берлин (Германия) және Киев (Украина) қалаларында.

Сонымен қатар, «Abai Uii» МІҮ саяси немесе коммерциялық жоба емес және Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары мен отандастардың шетелде тұратын өкілдері арасындағы байланыстарды дамыту және нығайту мақсатында әрекет етеді.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

#БАҚ  
Бөлісіңіз:

Автор:

Бейсен Сұлтан

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT