Валюта бағамдары:
    usd/kzt 428.71 eur/kzt 519.12

    rub/kzt 5.79 cny/kzt 66.61
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: +17°С
Алматы: +20°С

Қытай билігі алдағы бес жылда зейнетке шығу жасын ұзартуды жоспарлап отыр

2021 жылғы 7 наурыз 11:52

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Алдағы бес жыл ішінде Қытай билігі зейнетке шығу жасын біртіндеп көбейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы жұма күні ашылған 13-шақырылымның халық өкілдері жалпықытайлық жиынының 4-сессиясы депутаттарының қарауында жатқан үкіметтің баяндамасында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

«Халықтың қартаюына назар аудартатын мемлекеттік стратегияны іске асыру, қарт адамдар мен жас балаларға басымдық бере отырып, демографиялық даму қызметтерінің жүйесін жетілдіру, бала туудың қалыпты деңгейіне қол жеткізуге жәрдемдесу, заңда белгіленген зейнетақы жасын біртіндеп арттыру», - делінген баяндамада.

Құрлықтық Қытай тұрғындарының саны 2019 жылдың соңында 1,4 млрд адамнан асқанымен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ҚХР-дағы бала туу коэффициенті төменгі шектік мәннен 1.5-ке төмендеп кеткен.

Қазіргі уақытта Қытайда орташа зейнетке шығу жасы 55-тен төмен.

ҚХР-ның «ми орталықтарының» болжамына сәйкес, 65 жастан асқан қарт адамдар 2035 жылға қарай Қытай халқының жалпы санының 21%-ын және 2046 жылға қарай 25%-ын құрайды. Алдағы 30 жылда Қытайдың егде жастағы халқы 193 миллион адамға артады, ал еңбекке қабілетті халық, елдегі туу деңгейінің төмендігіне байланысты, 176 миллион адамға азаяды. Бұл үрдіс зейнетақы жүйесіне күш түсіреді және егер қазіргі зейнетақы жасын өзгертпесе, зейнетақы қорының дағдарысына алып келуі мүмкін.

ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің биыл ақпанда жариялаған мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылы Қытайдағы бала туу деңгейі былтырғы жылмен салыстырғанда 15%-ға төмендеген.

Статистика бюросының дерегінше, бесінші жыл қатарынан туу деңгейі төмендеп жатыр.

Еске сала кетсек, Қытайда 1978 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «бір отбасы-бір бала» деген атпен танымал бала тууды шектейтін саясат 2016 жылы тоқтатылды.

Автор:

Балнұр Қожагелді

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз